«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Биік мұраттарға бастайтын бағдарлама

Биік мұраттарға бастайтын бағдарлама
ашық дереккөз
Биік мұраттарға бастайтын бағдарлама
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» саясатын іске асыру барысында айтқан: «Әлемдік экономиканың турбуленттілігіне жауап ретінде біз «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатын дайындадық. Оның басты мақсаты жаңа жұмыс орындарын құру мен жаңа экономикалық өсім үшін іргетасты нығайтуда батыл да жедел іс-қимыл таныту болып табылады. Алайда, сыртқы қатерлер өсе түсіп отырғанын түсіну маңызды. Сыртқы қатерлермен күресте шамамыз жету үшін бізге ішкі жағымызды нығайту қажет. Осы жылдары қол жеткізілген таңғалдырарлық табыстарымыз бен игіліктеріміз мызғымайды деп есептеу – үлкен қателік. Мен ел алдындағы тұрған бес ауқымды ішкі міндеттерді көріп тұрмын. Біріншіден, бізге тұрақтылығымыздың тірегі ретіндегі орта таптың үлесін ұлғайтып, бизнесті дамыту және елге орта табысы бар тұрғындарының саны басым мемлекет болуға көмектесу керек. Екіншіден, біз – ұлан-ғайыр елміз. Сондықтан, бізге біртұтас ішкі нарықты дамыту және бүкіл өңірді теңдестіріп дамыту керек. Үшіншіден, жемқорлықпен күрес біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Төртіншіден, жаңа жұмыс орындарын құру, ол үшін индустриялық бағдарлама жүзеге асырылып, бизнес дамытылуда. Бесіншіден, тарихтың жаңа белесінде ұлттың бірлігін нығайту. Осының барлығы біздің мемлекеттілігіміздің ХХІ ғасырдағы сын-қатерлері». Алдағы өмірімізге бағдаршам іспетті пікірі қазақстандықтарды бейжай қалдырмаса керек. Мемлекет басшысы сөзінде бүгінгідей алмағайып заманда жаһан жаңа қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын, әлемдегі экономикалық дағдарыс елімізді де айналып өтпейтіндігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, аймақтар арасындағы геосаяси ахуал мен ірі державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындататыны анық. Осыған орай, дүниежүзілік дағдарыс қиындықтарының алдын алып, нақты іс-шаралар қабылдау үшін нақты қадам жасалып отыр. Мұны дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деуге болады. Дағдарысқа қарсы шаралардың барлығы ең алдымен қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Айталық, Президент экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдауға айрықша мән беріп отыр. Елбасы Ұлт жоспарын табысты орындау үшiн қолайлы халықаралық климаттың қажет екенін атап өттi. Ол үшін еліміз әлемнің алпауыт мемлекеттері Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа одағы, ислам әлемі елдерімен қарым-қатынасын одан әрмен жалғастырып, халықаралық ұйымдарда белсенді жұмыс атқаратын болады. Жаңа реформа сарабдал саясаттың жаңа бастауы деуге болады. Елбасының бес институциондық реформаны халықтық деп атауы жайдан-жай емес. Өйткені, бұл – көпшілік қауым «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жаппай атсалысуға тиісті, мазмұны терең, маңызы зор шара. Бірінші кезекте шағын және орта бизнес өкілдері белсенділік танытуы тиіс. Себебі, 2050 Стратегиясы ұлт алдына жаңа кеудешіл міндет: әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Ал мемлекетіміздің қарышты дамуы қарымды кәсіпкерлердің ілкімді істерінің нәтижесінде ғана мүмкін болмақ. Кәсіпкерлік – ел экономикасының тамырына қан жүгіртетін, көсегесін көгертетін аса қажетті сала. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында кәсіпкерлерді тиімді шарттармен несиелеуді жалғастырып, бұл үшін алдағы үш жылда 155 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Мұның үстіне, жаңа экономикалық саясат іске асып, инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған шаралар қолға алынбақшы. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жанданып, кең қанат жайып келе жатқан кәсіпорындар күн санап артып келеді. Бағдарлама шеңберінде 2010 жылдан бері 34 мың жұмыс орны ашылған. Ал 2014 жылға дейін 8 мың жаңа жұмыс ошағы өз қызметін бастады. Мұның барлығы отандық бизнестің дамуына қолайлы жағдай туғызып, кәсіпкерлік ортаны одан әрі нығайтуға негіз болатындығы рас. Президент бес халықтық реформаның ішінде тарихтың жаңа белесінде ұлттың бірлігін нығайтуды да тілге тиек етті. «Біздің қоғамымыздың көп түрлілігі – біздің әлсіздігіміз емес, күшіміз. Барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланып, жауапкершіліктің бірдей жүгін арқалап және түрлі мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуі тиіс. Біздің қоғамымыз неғұрлым қуатты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыда көптеген тілдерден және мәдениеттерден қалыптасты. Бүгінде бізді Мәңгілік Ел құндылықтары: азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық культі, толеранттылық, шын берілгендік пен патриотизм біріктіреді», – деді Президент. Расында да, бірлігі мықты, іргесі бүтін елдің қашанда ырыздығы мол. Татулықтан асқан құндылық жоқ. Еліміз осынау баға жетпес байлығымен мақтана алады. Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды» деп атап өтті. Бұл – тарихи шындық. Себебі, қазіргі таңда елімізде тұрып жатқан кез-келген ұлт өкілі өздерінің салт-дәстүрлері мен ұлттық мәдениетін дәріптеп және кеңінен насихаттап келе жатыр. Жалпы, Қазақстан неге көп ұлтты ел болып қалыптасты? Бұл сұраққа жауапты тарихты тереңнен зерттеп, өткенге ыждаһаттылықпен қарау арқылы таба аламыз. XV ғасырдың екінші жартысында Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын құрды. Кейін тарихта өшпес ізін қалдырған Қасым хан, Тәуке хан, Есім хан, Абылай хан сынды тұлғалар биледі. Ата-бабаларымыздың арқасында халқымыз ұлан-байтақ жердің иесі атанып отыр бүгінгі таңда. Өткен замандарда да қиын сәттер мен ел басына қауіп төнген кездер аз болмады. Осының салдарынан қазақ халқы басқа алпауыт елдердің қол астына кіруге мәжбүр болғаны тарихтан аян. 1731 жылы Ресейге қосылдық. Сол кезден бастап біздің жерге орыс ұлтының өкілдері қоныс аудара бастады. Кейін XX ғасырдың екінші жартысынан бастап тың игеру кезінде де қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерінің қоныс аударуы толастамады. Тыңайған жерлерді игеру жұмыстарына Ресей, Украина сол кездегі Кеңес үкіметіне қараған республикалардан келген адамдар қазіргі күнге дейін қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр. Елбасы өз Жолдауында: «Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» деп атап өтті. Мемлекет басшысының тікелей ықпалымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде татулықтың тал бесігіне ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың темірқазығына айналды. Бұл – әлемде теңдесі жоқ құрылымның жиырма жылдағы жарқын жеңісі һәм жемісі. Ұлт жоспары әлеуметтің әлеуетін арттыратын реформа, мемлекетті одан әрі дамытып, тәуелсіздік тұғырын бекіте түсетін нақты қадамдар екені даусыз. Ұлт жоспары – әлемдегі бүгінгі тұрақсыздық жағдайында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін елдік құжат. Ұлт жоспары – ұлттың ерік-жігерін ұштап, заманның жаңа талаптарын қабылдай отырып, алға ұмтылуға жетелейді.

ЖандарЖандар АСАН, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Ақпараттық-имидждік бөлімінің жетекшісі, ғылым магистрі.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар