Алғашқы ашық сабақ

Алғашқы ашық сабақ
ашық дереккөз
Алғашқы ашық сабақ
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналды Алтын күздің келгенінен хабар беріп мектептерде алғашқы қоңырау соғылды. Жаздай алаңсыз демалған жамбылдық 210 мыңнан аса оқушы алғашқы сабақ күнін бастап та кетті. Олардың арасында биыл мектеп табалдырығын жаңадан аттаған 26379 бүлдіршін де бар. 1 қыркүйек – Білім күнінде барлық сыныптарда ашық сабақтар «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі шеңберінде өткізіліп, бірыңғай «Мен өз Отанымның патриотымын» тақырыбын арқау етті. Жаңа оқу жылының алғашқы сабағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналды. Ашық сынып сағатында жас өрендер еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде қол жеткен жетістіктеріміз бен Мәңгілік Елдің қастерлі құндылықтары туралы деректер мен дәйектерге қанықты. Жаңа оқу жылы жамбылдық оқушылар үшін жағымды жаңалықтармен басталды. 1 қыркүйек – Білім күнінде облыста 5 мектеп пайдалануға берілді. Төрт білім мекемесі жаңа ғимаратқа қоныстанса, біреуі жұмысын енді бастамақ. Нақтырақ айтсақ, бұған дейін өңірімізде 449-ы жұмыс істеп келсе, биыл олардың қатары толығып, 450-ге жетіп отыр. Түймекент ауылындағы 300 орындық мектеп байзақтықтар үшін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында тарту етілген тамаша сый болмақ. Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, Білім күнінде есігін айқара ашқан балабақшалар мен мектептерді есептемегенде, ағымдағы жылы 9 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Жалпы, құрылыс жұмыстары жүргізілген 19 нысанға 6,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның 7-еуіне (4 мектеп, 3 балабақша) қаржы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры есебінен берілген. Білім нысандарының құрылысы қарқынды жүруінің арқасында апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі де кезең-кезеңімен өз шешімін тауып отырғанын айту керек. Жыл басында апатты жағдайда тіркелген 11 мектептің екеуі 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Олар: Талас ауданы, Есейхан ауылындағы 120 орындық және Жуалы ауданы, Қошқарата ауылындағы 180 орындық орта мектептер. Келесі жылы апатты 3 мектептің мәселесі өз шешімін таппақ. Іргесі қаланып, құрылыс жұмыстары қарқын алған Тараз қаласы, «Салтанат мөлтек» ауданындағы 1000 орындық №30 орта және Сарысу ауданы, Досбол ауылында 50 орындық, Талас ауданы, Қараой ауылында 50 орындық негізгі мектептер 2017 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бір айта кететіні, жаңа оқу жылының орта мектептер үшін ғана емес, білім берудің алғашқы сатысы саналатын балабақшаларда да жаңалығы көп. Білім күнінің қарсаңында облыста 5 балабақша пайдалануға беріліп отыр.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар