80 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды
ҚР Конституциясы күні мерекесі қарсаңында «Арай» алқабында 80 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа пәтерге ие болған отбасыларды мерекемен құттықтап, қуанышына ортақтасуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы атбасын бұрды. Қос қуанышқа орай ұйымдастырылған салтанатты шарада сөз сөйлеген Бекболат Серікбекұлы:
– Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Өңірлерді дамытудың жол картасы – 2020» бағдарламасының нәтижесі. Бүгінде облыс экономикасы өсіп, өркендеу үстінде. Оның айғағы – экономиканың басты көрсеткіші саналатын құрылыс қарқынды дамуда.
2016 жылы 60-қа жуық нысанның құрылысын жүргізу мен жаңғыртуға және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 19,2 миллиард теңге қарастырылған.
Биыл облыс тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жалпы алаңы 21 мың шаршы метрді құрайтын, оның ішінде Тараз қаласында 11 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда «Арай» алқабында 14 гектар жер телімінде несиеге берілетін 6 тұрғын үйдің құрылысы басталды және жалға берілетін 3 тұрғын үйдің құрылысын монтаждау жұмысын жеке кәсіпкерлер жүргізуде. Жыл соңына қарай жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй алу кезегінде тұрған азаматтарға тағы 80 пәтерлі үйдің кілті табыс етіледі. Жалпы, Конституция күніне орай жергілікті бюджет есебінен салынған 5 мектеп пен 4 балабақша пайдалануға беріледі, – деді.
Пайдалануға берілген тұрғын үй «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы билік пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы салынған. Нысан құрылысын жүргізген – «Агроспецстрой» ЖШС. Өткен жылдың сәуір айында басталған құрылыс өз уақытынан бір ай бұрын мерзімде аяқталып отыр.
Жаңа пәтерге ие болып, ақ дастарқан жайып, ағынан жарылып жүрген Маржан Сейтбекова: «Бүгін 3 бөлмелі пәтердің кілтін қолыма алып, қуаныштан толқып тұрмын. Мемлекетіміз жылдан-жылға өркендеп, дамып келе жатқанына нақты іс жүзінде көзіміз жетіп отыр. Сонымен қатар, ерінбей еңбек етіп, іс қылған азаматтың өсіп-өркендеуіне барынша жағдай жасалуда», – дейді. Ал 4 бөлмелі пәтерге ие болған Батыржан Шамғұнов облыс әкімінің орынбасары мен өзге де басшы азаматтарды шаңырағынан дәм ауыз тиюге шақырып, балаларына ақ батасын алып жатты. Мереке қарсаңында мерейлері асып, мол қуанышқа кенеліп жатқан әрбір отбасы мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын барша тұрғын көре берсін деген тілектерін білдірді.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Ұқсас жаңалықтар
Туа біткен жүрек ақауын емдеудің жаңа әдісі табылды
- 17 қыркүйек, 2024
Тұмауға қарсы екпе салу басталды
- 17 қыркүйек, 2024
Ақпарат
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Президент эстрада әншісін «Барыс» орденімен марапаттады
- 22 шілде, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді