Азаттығымның айғағы, елдігімнің айбары
Облыс жұртшылығы Конституция күнін салтанатпен атап өтті Тәуелсіз елімізде 25 жылдың ішінде орын алған 25 елеулі оқиғаның бірі – Ата Заңымыз қабылданған күн. Себебі, ел Конституциясы барша игі істердің бастауына, елдігіміздің айбарына айналды. Мемлекеттің басты байлығы оның халқы екенін айқындаған Басты Құжат қабылданған күнді, шын мәнісінде, жұрт асыға күтетіні де сондықтан шығар. Әйтеуір, 21 жылдың ішінде көпшілік игі істі қолға алса, осы күні бастауға, жетістікке жетсе, Ата Заң мерекесіне арнауға ұмтылып тұратын болған. Бұл да елдіктің, мемлекетшілдіктің көрінісі, Конституцияға деген құрметтің белгісі.
Биыл да бұл күнді жамбылдықтар ерекше салтанатпен қарсы алды. Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында мерекеге орай өткізілген жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облыс жұртшылығын Конституция күнімен құттықтады.
– 30 тамыз – Қазақстан халқы тарихи таңдау жасап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басқан ұлы күн. Біз бүкілхалықтық референдумда мемлекетіміздің ең басты құжаты кемел Конституциямызды қабылдадық.
Ата Заң – азаттықты айғақтайтын, дербес мемлекеттің құқықтық мәртебесін айқындайтын қастерлі құжат. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін нықтап, шаңырағын асқақтатар алтын діңгегіміз. «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын Ата Заңымыз – әрбір азаматтың конституциялық құқығын танытып, бостандықтарына кепілдік береді.
Биыл Конституция күні ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтуде. Еліміздің тарихындағы бұл айтулы күндер бір-бірімен тығыз байланысты. Біздің Отанымыздың 25 жылдағы барлық жетістіктері – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, алысты болжайтын кемеңгер Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана басшылығының, еліміздің Конституциясының әділдігінің жемісі.
25 жыл тарих үшін бұл ұзақ уақыт емес. Алайда, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бұл «ғасырларға тең жылдар, жүзжылдықтарға тең дәуір». Біз осы жылдар ішінде Конституцияның басты құндылықтарын берік сақтауымыздың арқасында ұлы жолды жүріп өттік. Ұлы далада жаңа тұрпатты қуатты мемлекет құрып, ұлысты ұйыстырдық. Еліміз егемендіктің алғашқы нәтижелерін енді ғана сезіне бастаған сәтте 1997-1998 жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаржы дағдарысын, 2007-2009 жылдардағы дүниежүзілік қаржы дағдарысын бастан кештік. Қиын-қыстау кезеңде Ата Заңымыз уақыттың сынынан сүрінбей өтті, заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеп берді.Мемлекетіміз әлемнің ең қарқынды дамыған 50 елінің қатарына енді. «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын іске асырды, – деді Кәрім Нәсбекұлы салтанатты жиында. Ел Конституциясының мемлекетіміз қол жеткізген табыстарының қайнар бұлағы болғанын, биылғы мерекенің Семей ядролық полигоны жабылғанына 25 жыл толған атаулы күнге тұспа-тұс келгенін тілге тиек еткен облыс әкімі осынау күні Елбасымыз шын мәнінде, тарихи қадам жасау арқылы бүкіл адамзаттың ізгілікті дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап айтты.
Жалпы, Конституция күні мерекесінің ерекшелігінің өзі осы болса керек. Бұл күні айтылар әңгіменің бәрі елдік мәселені арқау етеді. Бұл күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жүзден жүйрік шығып, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында ел намысын қорғаған спортшыларымызға құрмет көрсетті. Олардың қатарында 60 келі салмақта дзюдо күресі бойынша топқа түсіп, күміс медальмен күптелген Елдос Сметов, 52 келі салмақ дәрежесіндегі боксшымыз, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев, марафоншы Михаил Красилов, таэквондошы Руслан Жапаров, жеңіл атлетикадан командалық эстафеталық сында бақ сынаған Светлана Голендова бар.
Алдымен облыс басшысы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, дзюдо күресінің шебері Елдос Сметовке темір тұлпардың кілтін табыстап, арнайы сыйлығын ұсынды. Сондай-ақ, бапкері Ғалымжан Жылкелдиев пен Елдосқа Елбасы тапсырған «Құрмет», «Парасат» ордендерін табыстады. Олжас Сәттібаев пен бапкері Мұрат Әбімселімовке және өзге олимпиадашыларға арнайы сый-сияпат жасады. Өз кезегінде сөз алған Елдос Сметов облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа көрсетілген құрмет пен қолдауы үшін үлкен ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта өтетін байрақты бәсекелерде де ел намысын абыроймен қорғауға күш салатынын жеткізді. Төртжылдықтың басты додасында Қазақстан атынан шыққан бұл спортшылардың қай-қайсысы да құрметке лайық екені сөзсіз. Бәсі басым додаларда еліміздің көк туын көкте желбіретіп жүрген саңлақтарымыздың әлі талай биіктерді бағындыратынына біз сенімдіміз.
Жиында өңіріміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бір топ қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды. Өз саласының үздігі атанып, ерекше құрметке бөленгендер де бар.
Салтанатты шара соңы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Бұл мереке аясында өткен барлық іс-шаралар жұртшылыққа көтеріңкі көңіл, қажымас жігер сыйлады. Ән де, би де елдікке үндеп жатты.
Түйін: Салтанатты шарада біз жамбылдық олимпиадашылармен қатарлас отырдық. Сахна төріне Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұранымыз шырқалғанда көзіміз еріксіз спортшыларға түсіп кеткені, Елдос та, Олжас та, Руслан да, Михаил да... Шетелдерде айтулы аламандарда жиі бәсекеге түсіп жүрген саңлақтар емес пе?! Жүздерінен толқығаны байқалады. Мемлекеттік Гимнді қосыла шырқап шықты. Азаттығымызды айғақтап, елдігімізді танытар Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет осындай болса керек!
Ардақ Үсейінова, Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді