«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақы төбет - иттердің төресі

Қазақы төбет - иттердің төресі
ашық дереккөз
Қазақы төбет - иттердің төресі
Таяуда Алматы қаласындағы Зоология ғылыми-зерттеу институтында «Қазақ тазысы мен төбет ит тұқымдарын сақтау және дамыту» тақы­рыбы бойынша халықаралық конференция болып өтті. Оған бірнеше елдердің ғалымдары мен кинологтары қатысып, пікір алмасты. Сол конференцияға қатысып, баяндама жаса­ған біз ойға түйген базбір мәліметтерді көпшілікпен бөлісуді жөн санадық. Қазақ халқы ту, ықылым заман­нан итті жеті қазынаның бірі санаған. Оны адамның сенімді серігі, досы деп қабылдаған. Оны ертеден-ақ күзетке, аңшылыққа пайдаланған. Иттердің түріне (пародасына) келсек, оның саны төрт жүзден асады екен. Үлкен тайыншадай бөрібасар төбеттен бастап, сән-әшекей үшін бикештер қолдарына алып, қойнында ұстап жүретін, салмағы 1 килограмға жетпейтін қуыршақ тәрізді құртымдай, нәзік иттерді кездестіруге болады. Мал шаруашылығын ерте кезден-ақ кәсіп еткен қазақ үшін төбетпен аңшылық-саят үшін ұстаған тазының орны ерекше. Олардың өзі бұл күндері заман ағымына қарай күрт сиреп бара жатқаны мәлім. Базбір мәліметтер бойынша, қолда бар таза қанды тазылар саны бүкіл Қазақстан бойынша 500-дей ғана екен. Таза төбеттер де көп емес. Сондықтан, төбет пен тазыны сақтап, оларды дамыту бағытында елімізде бірнеше қоғамдар құрылып, біршама игілікті істер атқаруды мақсат етіп отырғаны ризашылық тудырады. Ой таразысына салсақ, қазақы төбет пен тазы халқымыздың брендінің бірі деп ұққанымыз жөн. Алысқа бармай-ақ қоялық, қатар жатқан Түркімен елінің азаматтары өздерінің сәйгүлік атын, алабай итін, кілемін ЮНЕСКО-ға тіркетіп, ел мақтанышына айналдырып отырған жоқ па?! Төбет иттердің шығу тегі жайындағы мәлімет көздері б.з.б. 1121 жылдардан басталады. Қазақы төбет ит қаңқалары Шығыс Еуропадан Қиыр Шығысқа дейінгі мұздақ дәуірі алдындағы климаттық зоналы өлкелерден табылған. Ғалымдардың болжамы бойынша, қасқыр бөлтіріктерін қолға үйретуден Азияда бірте-бірте ит пайда болған. Көшпенділер өмірі жылқымен тығыз байланысты. Ит те сенімді серікке баланған. Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында алып денелі, ерекше күшті иттер жайында былай деп жазып кеткен: «Тайыншадай биік денелі иттер – тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік». Саяхатшы қасқыр алатын бұл иттерді Шағатай ұлысынан хан сарайынан кезіктірген. Оларды өсірумен ханның екі бауыры айналысқан. Ит саны 10 мыңға жуық болған. Қасқыр алар иттерге осынша мән беріліп, хан сарайында өсірілуі – жыртқыштармен жағаластырған көшпенді өмір талабы еді. Қазақи төбеттерден қазіргі алабай, азиат овчаркасы, тибет төбеті және де басқа ірі иттер таралғаны жайлы ғалымдардың пікірі бар. Бүгінгі күнде Қазақстанда таза қанды төбеттер азайып қалды. Егерде Алматы облысындағы Тамғалыдағы тасқа қашалған ит суреттеріне негізделген деректерге сүйенсек, онда бұл иттердің осы өлкеде өмір сүріп жатқан кезеңін 4 мың жылдан асқан деп қарап, қазіргі төбеттің бүкіл қазақ халқы бастан кешкен дәуірлердің куәгері болған асыл тұқымның шынайы ұрпағы екенін батыл айтуға болады. Олай болса, француздың «желдей жүйткіген жүйріктер дәуіріндегі көшпенділер өркениетін сақтап қалған ит туралы» таңданысына төмендегідей дәлел айтуға болады: төбет – көшпенді өмір тарихының құнды жәдігері, отырықшы мәдениет тұсында жоғалып кету қаупі төнген алып кейіпкер, яғни өзін сомдаған уақытқа қалтқысыз қызмет еткен шынайы перзент. Енді бұл иттердің көшпенділер өмірінен салынған бірде-бір суреттен бой көрсетпеуі жөнінде сұрақ туары сөзсіз. Төбет – жеті қазынаның бірі, дала көшпенділерінің құндылығы ретінде тіл-көзден сақтауға тырысқан. Ал құпия тек аманат ретінде ғана беріледі емес пе? Төрт түлік – көшпенділердің басты байлығы. Бұл байлыққа көз тіккен басты жау – дала тағылары, бөрі-қасқырлар. Қасқырды жалаң қолмен алған ерлер болса да, кейде көшпенділердің жауынгерлік қабілеттері, орын ауыстырып отыруы мен кірпік қақпай күзететін сергектігі табиғат жыртқыштарының шабуылынан қорғап қала алмайтын тұстар да кездесетін. Айтпай келетін апат – қасқырларға қайыспай, қаймықпай қарсы тұратын ерекше қасиет төбеттерде ғана болған. Ертеде қазақ малшылары төбеттерді тамақтандыратын ағаш ит аяқтарды жасатқанда ішкі өңіріне қасқыр терісін қаптатады екен. Бұл төбет иттің тағам иісі мен қасқырдың иісін де қатар алып өсуі үшін қажет. Бүгінгі күнде қазақстандық малшылардың миллиондаған шығынға ұшырауының басты себептерінің бірі – малдың ит-құсқа жем болуы. Жергілікті орындарда қасқырды ату бағасын 10-нан 40 долларға дейін бағалайды. Мамандар мұнан гөрі тиімді әдіс, мықты қорғаныш төбет ит ұстау қажеттігін көлденең тартуда. Адаммен қарым-қатынаста төбет еркін, адал мінезімен ерекшеленеді. Ол өзін адаммен тең дәрежеде ұстай біледі. Сондықтан да адам оны өзінің сенімді берік досы ретінде бағалайды. Байыбына бармай жазықсыз жазаланар болса, ол бұл жайды көңіліне ауыр алып, иесімен қарым-қатынасын тоқтататын кезі де болады екен. Иесіне, не өзіне орынсыз қылық көрсеткен жандарға,танымайтындарға сенімсіздікпен қарап кектеніп емес, ескерту жасағандай сес көрсетіп қоятын кездері бар. Өзіне берілген аймақты аса жауапкершілікпен, орынсыз бекер үре бермей, үн шығармай күзетеді. Оның тағы бір ерекшелігі – қасқыр мен қасқыр тектес иттерге, жыртқыш аңдарға өте өштігі. Сөйтіп, төбет – қазақтың асыл тұқымды иті (мысалы: алабай, неміс овчаркасы, ағылшын догы....т.б. деген сияқты). Түрі алабайға ұқсас, бірақ аласалау, мінезінде де көп айырмашылық бар, алабайдан гөрі сенімділігімен, жалқаулығымен және ақылдылығымен ерекшеленеді. Бірақ қазір ол иттің тұқымы сиреп барады (тіпті таза тұқымын кездестіру қиын, көбінесе басқа тұқымдас иттермен шатыс кездеседі). Төбетті кей жерлерде бөрібасар деп те атайды. Бөрібасарлар – ежелден мал шаруашылығында таптырмайтын маң төбеттер. Қазақтар өздері асыраған иттерінен түнде малды қасқырдың шабуылынан қорғауды талап еткен. Иіс сезу қабілетінің аса дамығандығы және тумысынан қасқырға деген ызасының арқасында қазақы иттердің барлығы дерлік қожайындарының бұл талабын аса қиналмастан орындайды... Иттің аязды күні қар астында, суық жауын астында қалып қойған адамды өз денесімен жылытып, өмірін сақтап қалғаны туралы әңгіме аз емес. Үйірінен бөлініп, жоғалған жылқыларды ит-құстан қорғап, олармен бірге түз далада қалған иттер туралы да аңыз жетерлік. «...Қытайдағы Тарбағатай аймағының Жайыр деген жерінде Жұмақасым деген кісінің қара иті ерекше жуан, үлкендігі тайыншадай төбет екен. Төбеттің бір ерекшелігі – албаты адамға үрмепті. Малға, қораға келген, жүрісі бейсауат адамдарға үріп қана қоймай, аттың үстінен жұлып алатын көрінеді. Бірақ жұлып алған адамын жараламайды, тіпті, тісін тигізбеген. Екі аяғымен кеудесін басып отырады, адам қимылдаса болды, тісін арситып ырылдайды. Бірде қораға түспекші болған ұрыны атынан аударып ап, басып тұрыпты. Иесі шығып: «Неге жүрсің, неғылған адамсың?» дегенде, ұры шынын айтыпты. Шынын айтқан соң, Жұмақасым: «Бұдан кейін ұрлыққа түссең, төбетімнен арашалап алмаймын», – деп, ұрыны жазасыз жіберген екен. Бұл төбеттің тағы бір ерекшелігі – иттерді кеудесімен бір соғады екен. Содан қарсыласы оған қайтіп беттемейтін болыпты. Осыдан 10 – 15 жыл бұрын болар, малшы ауылдарын аралап жүріп мынадай әңгіме естігеніміз бар. – 30 жыл қой баққанда менің бір қойым жоғалды дегенді естігендерің бар ма? Шілденің шіліңгір ыстығында да, қаңтардың қақаған аязында да қорама күзет қоймаймын, таң атқанша Ақтөс атты төбетім қораны айналып жүреді. Таң сәріден қоймен бірге кетіп, кеш бата келеді. Отарды мен емес, осы итім бағады десем болады. Заты ит, іс жүзінде мына кейбір жалқау қойшы-малшылардан артық екенін білемін, – деген шопан сонда итін мақтап. Сенімді ит кімнің болсын жақын, сенімді көмекшісі, тіпті, досы емес пе?.. Адамдардың қат-қабат тағдырымен төбеттің аңызға бергісіз тарихының осындай байланысы бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Қазақ төбеті 1970 жылдардың аяғынан бастап Қазақстанда, 1966 жылдан Қытайда мәдениет төңкерісі кезінде жоғала бастады. Себебі, Қазақстанда, Ресей, Кавказ республикалары т.б. елдердегі сияқты ұлттық жан-жануарлар тұқымдарын қорғайтын, оны этномәдениеттің нысандары деп қарастыратын ұйым болған жоқ. Тек соңғы жылдары ғана ұлтымыздың жанашыр азаматтары бұл істі қайта қолға алып, таза қанды қазақи төбет пен тазы итін сақтап қалу мәселесін көтеріп, әр аймақта ит питомниктерін жасап, арнайы қоғамдар құра бастағаны белгілі. 2000 жылдардан бастап Қытайда қазақ интеллигенция өкілдері, көнекөз ақсақалдар, ел басқарып жүрген азаматтар бірлесіп тұқымы құрып, мүлдем жоғалуға жақындаған қазақы төбет тұқымы жайында дабыл қаға бастағанының әсерінен ел арасында төбет тұқымын іздеп тауып, асыраушы отбасылар пайда болса, Бейжіңнің (Пекин) ауыл шаруашылық ғылымдар академиясының ғалымдары қазақы төбетті зерттеуді қолға алған. Нәтижесінде, ғалымдар тибет төбеті мен қазақ төбетін, бойының биіктігі, салмағы, кеуде орамының үлкендігі, аяқтарының жуандығы, күштілігі т.б. белгілеріне қарап, дүниежүзіндегі он алып иттің құрамына кіргізіп, патент алады. Біздің қазақстандық биолог-ғалымдар да бұл мәселеге көңіл аударып, генетикалық және де басқа бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Сөйтіп, ұлттық қазына-мақтанышымыз (бренд) ретінде қазақы төбет пен тазыны бүкіл әлем алдына паш етпекші. Иттің бұл тұқымын сақтап, көбейту арқылы қазақстандық, әлемдік деңгейде төбеттің өзінің алар орнын айқындау тәуелсіздік алған тұстағы қажеттілік пен уақыт талабы деп ұққанымыз жөн.

037_bСағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар