Кемел ойдың жемісі

Кемел ойдың жемісі
ашық дереккөз
Кемел ойдың жемісі
Қазақстан – әу бастан бейбiтшiлiк сүйген, ырысын ынтымақпен арттырған ел. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз ел атанған алғашқы жылдарда-ақ ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонының жабылуының арқасында көптеген мемлекеттерде сынақ алаңдары жұмысын тоқтатқаны тарихтан белгілі. Осындай батыл шешім арқылы Президентіміз әлемдегі жаппай қаруланудың екпінін бәсеңдетті. Елбасының Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық жиында жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесi – адамзат баласын алапат қырғындардан арашалап қалу iзгi ниетінен туған кемел ойдың жемісі. Мемлекет басшысы саммитте бүгiнгi күннiң маңызды мәселелерiн ортаға салып, оны шешудiң жолдарын ұсынды. Көпшiлiкке «XXI ғасыр: соғыссыз әлем» атты ауқымы зор бағдарлама қабылдау керектiгiн айтып, оның негiзгi үш бағытын нақтылап бердi. Көп ұлтты мемлекетiмiздi айрандай ұйытып отырған Елбасы достық, бiрлiк, түсiнiстiк мәселесiнiң тек жекелеген мемлекеттерге ғана емес, бүкiл адамзатқа керек екенiн ұғындырды. Мемлекет басшысының манифесінде көтерілген мәселелер тек бiр ғана мемлекет немесе құрлыққа қатысты емес. Ол – ғаламдық проблема. Аталған қауiп-қатерлердiң дер кезiнде шешiмi табылмаса, тұтас адамзаттың жойылып кету қаупi бар екенi анық. Вашингтон төрiнде Елбасы жасаған мәлiмдемесiнің әлем саясаткерлерінің назарын аударуы да сондықтан. Нұрсұлтан Назарбаев татулықты, достықты, бірлікті сақтаудың мәні зор екенін ұдайы айтып келеді. Ауызбіршілік бар елде береке болатынын, халқы бақуатты өмір сүретінін қазақстандықтар да өте жақсы түсінеді. Дегенмен, Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздегі бейбіт өмірге әлемдегі орын алып отырған жағдайлардың әсері болмай тұрмайды. Ұлт Көшбасшысының үлкен мінберде ғаламдық мәселені көтеруі де сондықтан. Дүниежүзінде бейбіт өмірдің тұғырының берік болуын күйттеу жалпы адамзат қамын ойлаудан туған. Президент, ең бастысы, жойқын қарудың терроршылар қолына түсіп кету қаупі барлығын ерекше атап көрсетті. Расында, бұл әлемдік деңгейдегі апаттың орын алуына түрткі болатын ықтимал жағдайлардың пайда болуына алып келеді. Яғни адамзат үлкен сын-қатердің алдында тұр. Әлем елдері соғыстың өлшеусіз зардабы қандай қасірет әкелетінін біледі. Әйтсе де, адамзат қаншама қиыншылықты бастан өткерсе де, әзірге қырғиқабақ жанжал мен соғыстан бас тартқан жоқ. Тіпті, соғыс қаруы уақыт өткен сайын жетілдіріліп, жаңа технологиялық мүмкіндіктерге ие болуда. Қандай ел болсын бейбітшілік, тыныштық тілейді. Оқ пен от тұмшалап, жойқын жарылыстар орын алып, аш-жалаңаш босқындар легі Жер шарын шарлаған тынышсыз заманда күні ертең не боларын ешкім болжай алмайды. Президенттің «Әлем. XXI ғасыр» манифесі соғысты болдырмаймыз, бейбітшілікті сақтап қаламыз деген елдер тарапынан қолдау тауып отырғаны да сондықтан.

IMG_8722Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, облыстық ардагерлер  кеңесі ұйымының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар