Әр гектардан 600 центнерден қант қызылшасын жинамақ
Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» ЖШС егін және мал шаруашылығымен шұғылданады. 2008 жылы қант қызылшасын өсіруді қолға алған серіктестік биыл әр гектардан 600 центнерден тәтті түбір жинауды жоспарлауда.
Жоғары өнімділікке жетуге жаңбырлатып суару технологиясы өте үлкен септігін тигізген. Себебі, қызылша суаруды көп керек етеді. Басқа дақылдар 2 рет суарылатын болса, тәтті түбірді 5 рет суару қажет. Қазір мұндағы 200 гектар алқапта Ресейдің Волгоград қаласында шығарылып, 1 миллион рубльге сатып алынған 2 жаңбырлатып суару құрылғысы жұмыс жасауда.
Бүгінде серіктестік жаңа техникамен жабдықталған. Мысалы, тұқымды дәлме-дәл, өзіңіз қалаған арақашықтықта себетін арнайы құрал қызылшаны жекелемеуге мүмкіндік береді. Жер астында жатқан тәтті түбірді қопсытып, ауа беріп отыратын арнайы құрылғы да қожалықта бар.
– Биыл ауа райының қолайлылығына байланысты егін түсімділігі жоғары болады деп күтудеміз. Әр гектардан 600 центнерден тәтті түбір жинауды жоспарлап отырмыз. Өнімді өткізу бағасы көңілге қонымды. Қызылшаның бағасы келісіне 23 теңгеден айналады, – дейді серіктестік басшысы Қанат Шайхиев.
Қожалық егінді жинауды 1 қазаннан бастайды. Өнімді өткізуге «Орталық Азия Қант бірлестігі» ЖШС-мен келісімшарт жасалған.
«Ақ жол-Ақпарат».
Ұқсас жаңалықтар
Туа біткен жүрек ақауын емдеудің жаңа әдісі табылды
- 17 қыркүйек, 2024
Тұмауға қарсы екпе салу басталды
- 17 қыркүйек, 2024
Ақпарат
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Президент эстрада әншісін «Барыс» орденімен марапаттады
- 22 шілде, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді