«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Белдесуге лайықты шын балуандардың біразы Олимпиада кезінде тақымын қысып үйінде отырды - Таңатаров

Белдесуге лайықты шын балуандардың біразы Олимпиада кезінде тақымын қысып үйінде отырды - Таңатаров
ашық дереккөз
Белдесуге лайықты шын балуандардың біразы Олимпиада кезінде тақымын қысып үйінде отырды - Таңатаров
Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров Риода өнер көрсеткен қазақстандық балуандарға қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, төрт жылдық додада белдесуге лайықты шын балуандардың біразы Олимпиада кезінде тақымын қысып үйінде отырған, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. "Мен Олимпиада жайлы алғашқы постты шығарғаннан түрлі ой-пікірін білдіріп, хабарламалар келіп жатыр. Өкініштісі, сол пікірлердің растығы. Мәселен, 57 келі салмақ дәрежесінде елімізде Расул Қалиевқа шақ келетін палуан жоқ шығар. Оның дәлелі ретінде мына жетістіктерін тізбелеп көрейін. Расул 2012 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Баку), 2013 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері (Нью-Дели), 2014 жылғы Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері (Инчxон), 2014 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы (Астана), 2015 жылы Қазақстан чемпионы атанған (Талдықорған) балуан", - дейді Ақжүрек Таңатаров. Бұл салмақта Риода ел намысын Нұрислам Санаев қорғаған. Алғашқы кездесуінде грузин балуанынан жеңіліп қалғанымен, ол қарсыласы финалға шыққандықтан жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алған еді. Алайда жұбаныш белдесуінде әзірбайжандық Гаджи Алиевтен 8:10 есебімен ұтылып қалған болатын. Осы кездесуде жерлесіміздің 4 ұпайын төрешілер есептемей қойды. Лондон Олимпиадасының жүлдегері 86 келідегі Аслан Кахидзеге де қатысты пікір білдірді. Бұл балуанның Олимпиадаға баруы біраз дау туғызған еді. "74 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Ғалымжан Өсербаев қолаға бір табан жақын болды. Олимпиада ойындарына комментаторлық еткен Ислам Байрамуков ағамыз Ғалымжанның кездесуін өзі сипаттап берген болатын. 86 келі салмақ дәрежесінде соңғы 4 жылда ел чемпионатын бір рет ұтпаған Каxидзені талай жарысты ұтып жүрген Азамат Дәулетбеков, Әділет Дауланбаев, Ислам Азизов сынды талантты палуандарымыз жетерлік. Асланмен Азамат 2 кездесу, Әділет 3 кездесу, Ислам 2 кездесу өткізіп, үш палуан да Асланнан айтарлықтай басым болған. Азамат Дәулетбеков - жастар арасында Азия чемпионы, Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері. Аслан Азизов - жастар арасында Әлем біріншілігінің қола жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионы", - дейді спортшы. Олимпиаданың соңғы күнінде жарысқа шыққан Мамед Ибрагимов екінші белдесуінде грузиялық Элизбар Одикадзеге 1:6 есебімен ұтылды. Ақжүрек Таңатаров бұл салмақта да елімізде мықты балуандардың көп екенін айтып отыр. "97 келі салмақ дәрежесінде ел біріншілігінде бесінші орын алған Мамед Ибрагимді талай жеңген Акбар Елубай немесе Бақдәулет Әлментайлар ел намысын қолдан бермес еді. Бұл екі палуан да жастар арасындағы әлем біріншілігінің жүлдегерлері, Азия чемпионатының чемпиондары, ересектер арасындағы ел біріншілігінің чемпиондары. Еліміз шет елде жақсы көрсеткіш көрсетіп жүрген, "фундаменті" нық қаланған, болашағынан зор үміт күттіретін палуандардан кенде емес. Төрт жылда бір рет болатын Олимпиадаға іріктеу қалай өткенін өздеріңіз де түсінген шығарсыздар? Баяғыда жастықтан ба, әлде жауапкершілікті сезінбегендіктен бе аса қатты ойланбаушы едім, ал қазір сырттан бақылап, өзіміздің еркін күрес үшін ішім ашып отыр", - дейді тараздық балуан. Айта кетейік, Қазақстанның еркін күрес құрамасы алғаш рет Олимпиада ойындарында жүлдесіз қалды. Бұған дейін 4 жылда бір рет өтетін додадан еркін күрес балуандары жүлдесіз оралып көрмеген еді.

Ақпарат көзі: Kaz.tengrinews.kz 

Ұқсас жаңалықтар