Мырзағали Айтжанов: «Баркер кубогына Дусматов емес, Ла Круз лайықты»

Мырзағали Айтжанов: «Баркер кубогына Дусматов емес, Ла Круз лайықты»
ашық дереккөз
Мырзағали Айтжанов: «Баркер кубогына Дусматов емес, Ла Круз лайықты»
Астанада ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарының чемпиондары және жүлдегерлерімен кездесті. Салтанатты шараға қатысқан меймандардың бірі, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтан Олимпиада ойындарында техникалық шеберлігі үздік болған боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогы туралы пікірін сұраған едік. Биыл бұл кубок өзбекстандық Хасанбой Дусматовқа табысталған еді.
«Менің ойым, менен бөлек әлемдегі басқа құрамалардың бапкерлері бар, әріптестерім отырып осыны талқылаған кезде бірінші кезекте кубалық Хулио Сезар Ла Крузды айттық. Әлемнің үш дүркін чемпионы және Олимпиада ойындарының жеңімпазы. Екінші орынға Робейси Рамиресті қояр едім. Ол екінші мәрте Олимпиада чемпионы атанып отыр. Өте жас боксшы. Ал Дусматовқа Баркер кубогын табыстаған бүкіл әлем күлді. Ол – Олимпиада чемпионы. Бірақ әлем чемпионатының жүлдегері емес. Бір Олимпиаданы ұтты деп берген енді түсініксіздеу болды. Бұл туралы сөз қозғамай-ақ қояйық. Ал үшінші деп айтар болсам онда қазақ боксшыларын атар едім. Данияр, Әділбек, Василий үшеуі де лайықты болды», – дейді Мырзағали Айтжанов.
Айта кетейік, бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Рио Олимпиадасында 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншіледі.

Ақпарат көзі: Baq.kz 

Ұқсас жаңалықтар