«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Парақорлардың бюджетке төлеген ең үлкен айыппұлдары жария болды

Парақорлардың бюджетке төлеген ең үлкен айыппұлдары жария болды
ашық дереккөз
Парақорлардың бюджетке төлеген ең үлкен айыппұлдары жария болды
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Тергеу департаментінің басшысы Сергей Перов «ҚазАқпарат» агенттігіне парақорлардың бюджетке қайтарған ең үлкен айыппұлдары туралы айтып берді. Айта кетейік, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Қылмыстық Кодекстің 312-бабында «Пара алу» фактісі бойынша, азамат айыппұл төлеп, темір тордан құтылу мүмкіндігі қарастырылған. Айыппұл көлемі алынған параның 50 еселенген мөлшері. Мысалы, 100 мың теңге көлеміндегі пара алса, 5 млн. етіп мемлекет қазынасына қайтарады. Оны төлей алмайтын жағдайда, бас бостандығынан айрылады. Егер пара ірі көлемде алдын ала келісілген топтың бопсалауы арқылы берілсе, онда 70 еселенген айыппұл төлеу міндеттеледі. Немесе 7 жылдан 12 жылға дейін қамау көзделген. «2016 жылдың 6 айында сыбайлас жемқорлық санатындағы баптармен айыпталған 152 тұлғаға қатысты сот үкімімен айыппұл салынып, оның жалпы мөлшері 654 млн. теңгені құрады, оның Ішінде пара сомасының еселенген түрінде айыппұл төлеу жазасы 130 адамға қатысты кесілген», - делінген С.Перовтың агенттік тілшісіне берген жауабында. Департамент басшысының айтуына қарағанда, 2015 жылы 320 тұлғаға қатысты 2 млрд. теңгеге тең айыппұл жазасы салынған, оның ішінде параның еселенген түрінде 238 адамға қатысты айыппұл төлеу жазасы кесілген. «2015 жылы сот үкімімен айыппұл ретінде төленген ең үлкен сома - 1,1 млрд. теңге болған, ол пара алу фактісі бойынша, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспановқа қатысты салынды, ал 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында ең үлкен айыппұлды Атырау облысы Жылыой әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Әбенов пара беру фактісі бойынша төледі. Оған салынған айыппұл көлемі - 48 млн. теңгені құрады», - делінген хатта. Еске сала кетейік, Мұрат Оспанов өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызметте лауазымға ие болу құқығынан айырылған болатын. Оған тиесілі мүліктің барлығы тәркіленеді. Оның ісін қараған судья Ербол Рахымбеков Қазақстан Президентіне Мұрат Оспановты "Құрмет" ордені мемлекеттік марапатынан айыру туралы ұсыныс келтіру қажеттігін де атап өткен болатын. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспанов "Атырау Жарық" АҚ үшін электр қуатын беру мен тарату тарифін бекітуде делдал арқылы бопсалау жолымен аса ірі көлемде пара алған деп айыпталды. Пара бергені үшін сотта "Атырау Жарық" АҚ мүддесіне қызмет еткен кәсіпкер Арман Ақтай жауап берді, ол шенеунікке пара беруге мәжбүр болғанын айтты. Соттың шешімімен Арман Ақтай қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. А.Әбенов Жылыой ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы болып жұмыс жасады. Өзінің қарындасына мемлекеттік сатып алуларда конкурста жеңіп шығуы үшін көмектесу мақсатында ол Атырау облысы мемлекеттік сатып алулар басқармасының мемлекеттік сатып алулар және мониторинг бөлімінің бас маманы К.Мұхтаровқа 1 600 000 теңге сомасында пара берді.  Әбенов ҚР ҚК 2-бөлімі 367-бабында көзделген қылмысты жасауға айыпты деп танылды. Оған 48 000 000 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды және   өмір бойы мемлекеттік қызмет лауазымына құқықтарынан айырылды.

Ақпарат көзі: ҚазАҚпарат

Ұқсас жаңалықтар