«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарихы сырлы, ертеңі нұрлы ғажап ел

Тарихы сырлы,  ертеңі нұрлы ғажап ел
ашық дереккөз
Тарихы сырлы, ертеңі нұрлы ғажап ел
Қарт Қаратаудың баурайы, Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» лагерінде биыл бесінші мәрте ұйымдастырылып, өңірдің белсенді жастарының басын қосқан «Тарихы сырлы, ертеңі нұрлы ғажап ел» атты облыстық оқыту лагері әдеттегіше қатысушыларға тамаша әсер сыйлай білді. Облыстық «Жастар орталығының» ұйымдастыруымен өткізілген шарада демалушылар төрт күн бойы тәжірибе алмасып, таным көкжиегін кеңейтті. Аты айтып тұрғандай, бұл жолы жастар оқыту лагері егемендігіміздің 25 жылдығын жастар арасында кеңінен насихаттау арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу, өткенімізді еске түсіре отырып, болашаққа бағдар беруге баулуды мақсат тұтты. Лагерь қатысушылары 18-29 жас аралығындағы аудандық, қалалық жастар орталық­тарының жетекшілері мен қызмет­керлері, жастар ұйымдарының көшбасшы­лары, ірі өндіріс орындарындағы жұмысшылар және белсенді жастар болды. Шараның алғашқы күнгі ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев оқыту лагерінің маңыздылығына тоқталып, қатысушы жастарды тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Жастар топ-топқа бөлініп, өз топтарына қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек еткен қазақ ақын-жазушыларының есімдерін қойды. Мәселен, Шәкәрім Құдайберді, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Фариза Оңғарсынова, Мұқағали Мақатаев сынды ұлт зиялыларының есімдерін еншілеген топтар өнер мен спорт жарыстарында сынға түсті. Олар тарихи және еркін тақырыптағы көріністерді сахналады. Оқыту лагері шеңберінде сарапшылар мен қонақтардың интерактивті сұхбаттары жүргізіліп, жеке тұлғаның дамуына бағытталған тренингтік бағдарламалар ұйымдастырылып, жоба құру, күнделікті таңғы жаттығулар, спорт түрлерінен жарыстар және команда жасақтау, кешкі сауықтыру сияқты көптеген қызықты шаралар қамтылды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Каипов өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, жастар тарапынан қойылған алуан сауалдарға жауап берді. Ал республикалық «Үкіметтік емес ұйымдарының сарапшылар орталығының» тренері Әсел Иманғожина «Жастар ресурстық орталықтарының» жұмысын жүйелеу туралы дәріс өткізді. – Бізге аз ғана уақыт ішінде керемет сәттер сыйлап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз. Әрбір жас өзіне керекті мағлұмат алып, алдағы мақсаттарына жетудегі жолда өздеріне бір септігі тиер дүниелерді біліп, үйренді деген ойдамын. Көрген-білгенімізді, ойға түйгенімізді алдағы уақытта өз жұмысымызда пайдаланатын боламыз, – дейді оқыту лагеріне қатысушы, Талас аудандық «Жастар орталығының» директоры Нұркен Мырзаев. Лагерь қатысушылары үшін шараның соңғы күнінде қорытынды гала-концерт ұйымдастырылды. Төрт күн бойы тыныққан әрі ой-өрісін шыңдаған жастар лагерь жұмысына белсене атсалысқаны үшін арнайы сертификаттармен марапатталды. Ұйымдастырылған байқаулар барысында үздік деп танылғандарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табысталды.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабаев.

Ұқсас жаңалықтар