Ауылына қарап азаматын таны
Ауданымызға жаңа әкім тағайындалғалы көп уақыт өте қойған жоқ. Қашанда тұрғындар жаңа әкімнің келуімен ауданға, мұндағы ауылдарға жаңа леп, тың жаңалық алып келер деген үлкен үмітпен қарайды. Жаңа әкімнің іскерлігі алдағы уақытта бағалана жатар. Дейтұрғанмен, ол туралы жақсы пікірлердің айтылып жататынына қуанып қалған жайымыз бар. Ал әкім жұмысының едәуір бөлігін жеңілдетіп, оның ең сенімді серігі болып орынбасарлары саналатыны сөзсіз.
Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов үздік мемлекеттік қызметшілердің қатарынан. Азаматқа арнайы атбасын бұрған болатынбыз. Біздермен пікір алмасқан ол аудан басшылығының алдағы жоспарларымен бөлісті. «Аудан орталығындағы базардың алдын босаттық. Енді ол жерге аллея жасап, гүл егіп, көгеріштендірмекпіз. Орындықтар қойып, базарға келушілердің аялдап, дем алуына жағдай жасап жатырмыз. Базарға келген автокөліктерден Торғаев көшесіне қарай өткен автокөліктер кептеліске түсетін еді. Енді жол біршама ашылды. Көлік қозғалысы бұдан әрі де реттеле түседі. «Махаббат әлемінің» бергі бұрышына таяу жердегі және М.Мәметова көшесінен орталық алаңға шығаберісте жоғарыда орнатылған бейнекамералар бәрін бақылап көрсетіп тұрады. Яғни, жол қозғалысы, аялдау тәртібін бұзғандарға қатаңырақ шаралар қолданылмақ. Бұрынырақта орталық жол бойындағы біраз жерлер жекешеге өтіп кеткен. Сол жерлердің иелері көшені тарылтып, ғимараттар салып алды. Бұл мәселені де оңтайлы шешуге кірістік» деді.
Мұнан өзге жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарына да назар аудартты. Ауданда Трубицын атындағы және №20 орта мектептер күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұларға облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген. Жоспар бойынша Трубицын атындағы мектеп алдағы желтоқсан айында, екіншісі 20 қарашада жөнделіп бітуі керек еді. Аудан әкімі аталған нысандарды жөндеумен айналысып жатқан мердігер компания өкілдерімен келісе отырып, ол мектептер 1 қыркүйекке дейін дайын болатын болыпты. Сол сияқты, келесі жылы №1 орта мектепті де күрделі жөндеуден өткізу жоспарланыпты.
Ауданда «Екпінді – Андас батыр» тасжолы жөнделіп, қайта асфальт төселуде. Қарағандылық «Ақжол», «Самал» компаниялары бұл жұмысты қыркүйек айында аяқтауы керектігін жеткізді аудан әкімінің орынбасары. Осылайша, ой бөлісіп, пікір алмасқан азаматтардың бастамаларына сәттілік тілеп, «ауылына қарап азаматын таны» деген халық нақылын еске алдық.
Бақтыбай Абай, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
ЖРВИ және тұмаудан сақтану шаралары
- 4 желтоқсан, 2025
Ерте анықтау – аурудың алдын алады
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




