Қасым-Жомарт Тоқаев: Жарайсың, Данияр бауырым!

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жарайсың, Данияр бауырым!
ашық дереккөз
Қасым-Жомарт Тоқаев: Жарайсың, Данияр бауырым!
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Рио Олимпиадасында бокстан алтын медаль иеленіп, ел мерейін асырған жеңімпаз Данияр Елеусіновты құттықтады. «Данияр Елеусінов - бокстан Олимпиада чемпионы! Құттықтаймын! Керемет жекпе-жек, жеңіске деген ерік-жігер, нағыз шебер! Жарайсың, бауырым!», - деп жазды чемпионды құттықтап, қуанышымен бөліскен Сенат спикері. Еске сала кетейік,  Риода өтіп жатқан әлемдік додада Олимпиада чемпионы атанған жерлесіміз осыған дейін 2013 жылы әлем чемпионы атағын иеленген болатын. Сонымен қатар, ол 2010 жылы және 2014 жылы Азия ойындарының жеңімпазы, халықаралық санаттағы спорт шебері. Данияр Батыс Қазақстан облысының тумасы, қазіргі уақытта Астанада әкесі Марат Елеусіновтің қол астында жаттығады. Айта кетерлігі, олимпиада ойындарында 69 келі салмақ бокс сүйер қауым арасында «қазақтың салмағы» деп аталып кеткен еді. Осыған дейінгі үш Олимпиада ойындарында осы салмақта үш боксшымыз чемпион атанды. 2004 жылы Афина олимпиадасында Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев Олимпиада жүлдегері атанса, міне, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында төртінші спортшымыз Данияр Елеусінов 69 келідегі дәстүрлі тұғырды ешкімге бөліспей, Олимпиада чемпион атанды. Ол финалдық айқаста өзбек боксшысы Шахрам Гиясовқа ешқандай мүмкіндік бермей, 3:0 есебімен жеңіске жетіп, Рио Олимпиадасының чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Жартылай финалда өзбек Гиясов марокколық чемпион Рабии Мохаммедті тізе бүктірген болатын. Ал Данияр Франция спортшысы Сулейман Сиссоконы жеңген еді. Айта кетерлігі, Данияр Елеусінов  Қазақстанға Бразилия астанасында өткен Олимпиада ойындарында үшінші алтын медальді сыйлап отыр.  

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Ұқсас жаңалықтар