Аяз ақынды ардақтасақ
немесе жас айтыскерлер мектебі ашылса...
Шу өңірінде елімізге белгілі ғалым-жазушылар мен сазгер-әртістер көптеп дүниеге келген. Бұл орайда өнер иелерінен дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаевты ақын, жыршы-термеші Аяз Бетбаев пен оның шәкірті, айтыскер ақын Базарбай Асқартегі, кеше ғана дүниеден өткен Шудың бұлбұлы атанған Күлімхан Оңтаева мен айтулы әнші Жанат Досжанованы атап өтуге болады.
Ауданға қарасты Ақсу ауылдық округіндегі ұстаздар Сәт Мәлібек пен Нұржан Қуанышбекованың баулуымен жас ақындар: ағайынды Бақытбектер, Нұрлан Жұмабеков, Еділ Төреғұл және Айым Көшербай, Айдана Зулфаһардай дарындар облыстық, республикалық түрлі деңгейдегі жыр додаларында жүлдегер атанып, өз өнерлерін дәлелдеп келеді. Осы ретте айтайын дегенім, осы ақсулықтардың үлгілі үрдісін жандандырып, аудан орталығында жас айтыскер ақындар мектебін неге ашпасқа? Бұл тұрғыда жас таланттарды даярлайтын, білгенін үйрететін ұстаздар да жоқ емес. Мысалы, тоқсаныншы жылдары республикалық ақындар айтысында топ жарып, алдыңғы қатардан көрінген, бүгінде сахна сөз сайыстарына қатыспаса да, алпысты алқымдап, өнер мен өмір жолындағы көрген-білгенін көкейіне түйіп толысқан Базарбай Асқартегі бұл игі істің басы-қасынан табылар еді. Егер айтыс мектебі ашылып жатса, ол шәкірт тәрбиелеуге барынша атсалысатыны сөзсіз.
Сондай-ақ, айта кететін тағы бір жайт бар. Барша алаш жұрты қадір тұтатын өзіндік өрелі мақамымен танылған айтыскер ақын, ойы орамды жыршы-термеші Аяз Бетбаевтың келер жылы 75 жылдық мерейтойы. Шыны керек, біз қолдағы бардың қадіріне жете бермейміз. Сол Аяз ақынды ардақтап, құрметтеуді біржола ұмытып бара жатқандаймыз. Осыдан бес жыл бұрын ақын жетпіске толғанда да мерейлі тойын өз деңгейінде өткізе алмадық. Жамбылдық белгілі дарындар кейіпкерімізді қадір тұтқанын, Алтынкүл Қасымбекова, Базарбай Асқартегі, Бейбіт Шошабаев, Мұхамеджан Тазабеков, Мейрамбек Бесбаев, Ертай Тазабеков сынды өнер адамдары Аяз Бетбаевты күні бүгінге дейін ұстаз тұтып, қадірлейтінін біреу білсе, біреу білмес.
Айтайын дегенім, сол олқылықтың орнын толтырып, келер жылы ақын Аяз Бетбаевтың мерейлі тойы қарсаңында өзі туған Шу ауданында ауқымды игі шаралар, оның ішінде ғылыми конференция және республикалық ақындар айтысын өткізіп, облыс орталығында халықаралық деңгейде термешілер байқауы мен жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылса, құба-құп болар еді. Біздікі – ой түрткі, тиісті орындар осы жағын елеп, ескерсе екен деген тілек-ниет қана...
Мәкен Уақтегі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді