Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:«Олжасқа өте обал болды»

Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:«Олжасқа өте обал болды»
ашық дереккөз
Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:«Олжасқа өте обал болды»
– Біздің боксшылар елді ұялтып жатқан жоқ. Барлығы тапсырманы ойдағыдай орындап жатыр. Бірінші ретте Олжас Сәттібаев туралы айтайын. Олжастың қалай бокстасқаны бүкіл әлемге аян. Ол қарсыласынан еш кем түскен жоқ. Өз басым бапкер ретінде нық сеніммен айта аламын. Сәттібаев қарсыласынан ұтылған жоқ. Ол ұтты. Қыли көз төрешілер жеңісті алып қойды. Біз төрешілермен айқайласуға құқымыз жоқ. Сәттібаевқа өте обал болды. Ол негізі бәрін жасап еді, – деді бас жаттықтырушы жамбылдық боксшының жекпе-жегі туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық боксшыларға төрешілер қиянат жасауын доғарар емес. 56 келі салмақ дәрежесіндегі Қайрат Ералиевті өзбекстандық Муроджон Ахмадалиевке «жығып» берген төрешілердің сорақылығы сонымен толастайтын шығар, ұяттары оянуы керек қой деген ойымыз бекер екен. «Тура биде туған жоқ» деген қағиданы ұстауға тиіс «білікті» төрешілер ниеті бөтен ойларын жүзеге асырумен болды. Әләуләйім бітсе, хәләуләйім басталатыны секілді, 52 келі салмақта сынға түскен жамбылдық боксшы Олжас Сәттібаевтың да бағын байлады. Бірінші раундтан жекпе-жекті сауатты бастаған Олжас шабуылдан кейін әдемі қорғанысқа көше біліп, белсенділігін таныта білді. Оң қолы да, сол қолы да қарсыласқа дөп тиіп жатты. Ал Мамишзаде бапкерлерінен «Үш раунд ішінде құлап қалмасаң болды, жеңіс біздікі» деген тапсырма алғандай көрінді. Рингтің төрт бұрышын айнала қашқан Эльвиніңіз жарытып соққы да бағыттамады. Олжастың екінші, үшінші раундта да айқын басымдылығы көзге ұрып тұрды. Тікелей қапталдата бағыттаған соққылары қарсыластың қорғаныс шебін бұзып өтіп жатты. Мамишзаде өз әуенінен танған жоқ. Рингте емес, жеңіл атлетиканың жүгіру жолағына түсіп алғандай, қашып-пұшып өнер көрсетті. Өкінішті әрине. Бірақ, біз Олжастың сенімді түрде жеңіске жеткеніне күмәніміз жоқ. Оны бас бапкер де айтып отыр. Одан бөлек, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев те өз ойын білдірді. «Әлбетте, әркімнің өз ойы бар. Менің ойымша, Олжас Сәттібаев өз жекпе-жегінде қарсыласын жеңді. Әсіресе, екінші, үшінші раундтарда айқын басымдылық танытты. Кездесуді өте жақсы өткізді. Аянбай тер төкті. Жеңіске деген жігерін байқатты. Алайда, әзірбайжандық боксшы жекпе-жек барысында жұдырықтаспай, қашумен болды. Бірақ, төрешілер өзіне артылған «міндетті адал» атқарып шықты... Мырзағали Айтжанов одан бөлек, Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко арасындағы жекпе-жек туралы да өз ойын білдірді. 91 келіде финалда өнер көрсеткен Левит күміс жүлдегер атанған болатын. Алайда, әлемдік деңгейдегі сарапшылар Левиттің жеңгенін алдыға тартып отыр. Тіпті, экс-кәсіпқой боксшы аргентиналық Серхио Мартинес: «91 келіде мен үшін Олимпиада чемпионы – қазақ боксшысы. Солай ойлаймын», – деп жазды «Твиттерге». Одан бөлек, бұл кездесудің әділетсіз өткені туралы «Вашингтон пост» газетінде де кең көлемде мақала жарияланды. Енді бас бапкердің пікірімен таныс болсаңыздар. – Левит жарады! Барлық тапсырмаларды ойдағыдай орындады. Бірақ, біз алтын күткенбіз. Ол сол үмітті ақтады. Үш раунд бойы қарсыласын бұрыштан-бұрышқа қуып жүріп сабады. Осындай ел көріп тұрған жеңісті төрешілер қарсыласына беттері бүлк етпестен күшпен, зорлықпен алып берді. Өздеріңіз көрдіңіздер, Риодағы барлық спорт жанкүйерлері біз жақта болды. Кімнің жеңімпаз болғанын олар көрді, білді. Бізге қолдау көрсетті. Төрешілерге қарсылығын білдіріп, айқай-шуға басты. Бірақ, құлағы керең, көзі соқыр адамға не істей аламыз?! «Соқыр тауыққа бәрі бидай» деген осы болар. Жаңа маған келіп, Левиттің қарсыласы кешірім сұрады. Ол өзінің жеңілгенін біліп тұр. Ол маған жеңілісін мойындағанымен, әлем алдында мойындағысы келіп тұрған жоқ. Себебі, оған «Левиттің соққысынан құлап қалмасаң болды. Сүйретіліп қалсаң да, ақырына дейін шыда! Жеңісті біз саған алып береміз» деген тапсырма болғаны анық көрініп тұр. Ол сол үшін қанша соққы алса да шыдады. Үшінші раундта кішкене жарақатын көрсетіп, демалып алуға тырысты. Сол арқылы ол жекпе-жекті ақырына дейін өйтіп-бүйтіп жүріп жеткізді. Егер ол өтірік үзіліс алмағанда, сөзсіз құлайтын еді, – дейді Мырзағали Құланұлы. Бас бапкердің уәжіне біздің алып-қосарымыз жоқ.

vnj9bQ3++X4uQ

Табиғат Мұсылманқұл, 

450_5231609dd++d823журналист.

Ұқсас жаңалықтар