«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қиындықтарды еңсеру жолдары ұсынылды

Қиындықтарды еңсеру жолдары ұсынылды
ашық дереккөз
Қиындықтарды еңсеру жолдары ұсынылды
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Әбдірайым Талас ауданындағы іссапарын «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау – Шолақтау» тау-кен өңдеу кешеніне қарасты «Молодежный» кен орнының жұмысшы-қызметкерлерімен кездесуден бастады. 1986 жылы экскаватордың көмекшісі болып осы жерде еңбек жолын бастаған депутаттың бұл өндіріс орнына деген ықыласы ерекше. Өндірістің бүгінгі тыныс-тіршілігінен кешен директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратқали Сәрсенов қысқаша хабардар етті. Жалпы көлемі 13 миллиард тонна фосфор кені бар деп болжанған аймақта (Жаңатас және Қаратау қалаларындағы) 2100 адам еңбек етеді. Жылына 1 миллион 744 мың тонна кен өндіріп, оны Тараз қаласындағы Жаңа Жамбыл фосфор және тыңайтқыш зауытына жөнелтетін кәсіпорын өткен 7 айда 1 миллиард теңгенің салығын төлеген. Кәсіпорын жұмысшы-қызметкерлерінің орташа жалақысы 93 мың теңгені құрауда. Әлемнің 21 мемлекетіне фосфор өнімдерін жөнелтетін кәсіпорын соңғы жылдары жаңа технология енгізуге, техника сатып алуға 1,5 миллиард теңге жұмсаған. – Дағдарысқа қарамастан, – деді М.Сәрсенов, – өнім өндіру көлемі артпаса кеміген жоқ. Фосфорға деген сұраныс Қытай тарапынан жыл сайын артып келеді, соңғы жылдары үнді мемлекеті де қызығушылық танытуда. Облыс бойынша тасымалданатын шикізаттың 70 пайызын осы өндіріс орны Қазақстан темір жолы арқылы тиісті орындарға жібереді. Демек, мұнда жүздеген адам еңбек етуде. Депутат Б.Әбдірайым бір кездері атағы әлемге жайылған «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанағаттанатынын білдірді. Химия саласының мүмкіндігі мол екендігін атап көрсетті. Тұрмыста тұтынатын заттан бастап, ғарыш құрал-жабдықтарына дейін қолданылатын фосфор, азот, калийдің болашақта да өз құнын жоймайтынын атап көрсетті. Жұмысшы-қызметкерлер депутатқа өздерін толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде сұрақтар қойды. Оларды жерге қатысты сауалдар толғандырады екен. Ал депутат Б.Әбдірайымның жер реформасына келгенде білікті маманның бірі екендігін ескерсек, онда бұл сауалды қоюдың қаншалықты оңды екендігіне көз жеткізе аламыз. Халық қалаулысы Елбасының тапсырмасымен құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысы мен шешімдерінен хабардар етті. Жер реформасына енгізілген түзетулер мен қосымшалар мораторий мерзімін бес жылға ұзарту жөнінде Елбасына ұсыныс жасалғандығын айта келе, қалай дегенде де жерді тиімді пайдалануға жаңаша көзқарас қажеттігін еске салды. Серіктестіктегі ашық әңгімеден соң халық қалаулысы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында азаматтарды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Қала тұрғыны Н.В.Сычева «Флора» саяжайына газ құбырын тарту жұмысының аяғына дейін жеткізілмей қалғандығын, қалада қоғамдық көлік қатынасының жоқтығына тоқталып, депутаттан осындай әлеуметтік мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуін сұранды. Сондай-ақ, Талас ауданының Құрметті азаматы Ж.Субинов қала көшелерін қалпына келтіру жұмыстарының сапасыз жүргізіліп жатқандығын, әсіресе, негізгі көшелерді асфальттауға бөлінген қаражаттың келесі жылға қалдырылғанына алаңдайтынын жеткізді. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Н.Садықбеков қойылған сұрақтарға байланысты атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуына қарағанда, үстіміздегі жылы облыстық және аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа 21 көше, республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа 1 көше жөндеуден өткізілмек. Негізгі ұзын көшелер мен көпірлерді, жаяу жүргіншілер жолын қалпына келтірудің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Олар республикалық бюджет арқылы келер жылдан бастап жөнделе бастайды. Саяжайдағы 80 отбасына «көгілдір отын» кіргізу мен қоғамдық көлік жүргізу мәселесі шешімін табатын сияқты. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Досымұлы депутатқа қаладағы көп қабатты тұрғын үйлерді қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлдіруге ықпал етуді сұрады. Мұндай әлеуметтік мәселенің қатарында 2 балабақша соғу қажеттілігі де бар. Депутат Б.Әбдірайым: «Қаланың инфрақұрылымын қалпына келтіруге Үкімет аз қаржы бөліп отырған жоқ», – дей келе, биылғы жылы дағдарысқа байланысты шығыстың едәуір бөлігінің қысқартылғанын мәлім етті. «Бірақ, дағдарыс та өтеді», – деді ол. Сондай-ақ, қалада жекеменшік балабақша ашудың жолын қарастыру маңызды екенін де алға тартты.

Сәулембай Әбсадықұлы, DSC_0189«Ақ жол».

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар