Денсаулық
Рио-2016: Олимпиаданың он екінші күні Алаш алтын жүлдеге ие болды
- author «Ақ жол»
- 18 тамыз, 2016
- 184
Рио-2016: Олимпиаданың он екінші күні Алаш алтын жүлдеге ие болды
Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының он екінші күні Қазақстан қоржыны 1 алтын 1 қола медальмен толықты, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі бүгінгі күнге жасаған қорытындысында.
Олимпиаданың он екінші күні мәңгі есімізде қалары анық. Бұл күні қазақтың бір ұлы Олимпиада чемпионы атанса, тағы бір аруымыз күрес түрлерінен тұңғыш рет Олимпиада жүлдегері атанды. Арғы-бергі тарихымызға көз жүгіртіп қарасаңыз әйелдер күресінен Олимпиадада Эльмира Сыздықоваға дейін бірде-бір қазақ қызы жүлдеге іліге алмаған болатын. Міне, бүгін сол тарихқа қазақ қызы түзету жасап, есімін тарихқа алтын әріптермен жазып қалдырды.
Осы қос қуанышқа шаттанбаған алаш баласы қалмаған шығар бәлкім. Бокстан 69 келіге дейінгі салмақта Данияр Елеусінов өзбекстандық Шахрам Гиясовты ұтқанда Рио аспаны нұрланып кеткендей болды. Жанкүйерлердің шаттанғанын тілмен айтып жеткізудің өзі мүмкін емес. Қазақтың көк байрағын желбіретіп, бөріктерін аспанға атты.
Осыған дейінгі Олимпиада ойындарында 69 келіде өнер көрсеткен үш боксшымыз Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев чемпион атанған еді. Осы жолы да қазақ боксшылары бұл салмақты ешкімге берген жоқ. Сонымен Данияр Қазақстанға Бразилия астанасында өткен Олимпиада ойындарында үшінші алтын медальді сыйлады.
Ал Эльмира Сыздықова әйелдер күресінен Олимпиада ойындарының қола медаліне қол жеткізіп, қазақ қыздарынан күрестен шыққан Олимпиаданың алғашқы жүлдегері деген атаққа қол жеткізді.
Сыздықова қола медаль үшін күресте мысырлық Энас Мостафаны 7:4 есебімен ұтты.
Енді өзге спорт түрлеріне қысқаша тоқталып өтейік. Бүгін таэквондодан сайысқа түскен Айнұр Есбергенова (49 келі) үмітімізді ақтай алмады. Ол алғашқы кездесуінде-ақ хорватиялық Люция Заниновичпен 7:18 есебімен ойсырай ұтылып қалды.
Ал Байдарка және каноэда 1 000 метрге жұптасып есу сайысында Алексей Дергунов мен Евгений Алексеев жарыс жолдарын сәтті бастап, жартылай финалға өтті. Сосын, ақтық сайысқа берілетін жолдаманы сарапқа салып, олар 1000 метрді 3:30,380 уақытта бағындырды. Нәтижесінде финалға жолдама алды. Енді олар 18 тамыз күні Астана уақытымен 18:00-де жарыс жолына шығады. Соынмен қатар, осы жарыс түрін 200 метрге жұптасып есу жарысында сынға түскен Сергей Токарницкий мен Андрей Ергучев те жартылай финалға өтті. Мұнда жерлестеріміз 200 метрді 35, 151 уақытпен жүзіп, соңғы 5-ші орынға ие болды. Жарыс ережесіне сәйкес олар В финалына жолдама алды. Енді қазақстандық ескек есушілер бүгін Астана уақытымен 18:40-та жарыстарын ары қарай жалғастырады.
Сонымен қатар байдарка және каноэде 200 метрге жекелей есуде сынға түскен жерлесіміз Тимур Хайдаров сайысты сәтті бастап, жартылай финалға өткен болатын. Өкінішке қарай алтын жүлде үшін таласу мүмкіндігінен айырылып қалды. Ол 200 метрді 40, 492 секундпен жүзіп өтіп, 5-орынға табан тіреді. Енді Хайдаров қола жүлде үшін В финалына қатысады. Жарыс бүгін Астана уақытымен 18:16-да басталады.
Сонымен қатар бүгін байдарка және каноэде 500 метрге жекелей есу сайысында Зоя Ананченко өнер көрсетіп, іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті. Алайда, ол жартылай финалда 500 метрді 2:01,660 уақытта бағындырып, медаль үшін күресу мүмкіндігінен айырылып қалды.
Ал 800 метрге жүгіруден Маргарита Мукашева алғашқы кезеңнен аса алмады. Белгіленген қашықтықты 2:00.97 уақытпен жүгіріп өтіп, жалпы есепте 31-орынға табан тіреді.
Ал бүгін еркін күрестен өнер көрсеткен екінші қызымыз жүлдеге іліге алмады. 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жұлдыз Эшимова алғашқы қарсыласы жапондық Эри Тосакеден ұтылып қалды. Алайда, кейін, жапондық қыз финалға шығып, Жұлдыз жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Бұл медаль алуға үлкен мүмкіндік еді. Өкінішке қарай жұбаныш белдесуінде қазақ қызы алғашқы белдесуін америкалық Хэйли Рут Аугеллоны ұтқанымен, екінші белдесуінде қытайлық Сунь Янаньнан 0:4 есебімен ұтылып қалды. Осылайша Олимпиада ойындарын жүлдесіз аяқтады.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінге дейін Даниярдың алдында Нижат Рахимов пен жүзуші Дмитрий Баландин Рио Олимпиадасының чемпионы атанған еді. Ал Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін балуан Елдос Сметов, ауыр атлет Жазира Жаппарқұл, боксшы Василий Левит жеңіп алды. Қола медальдарды дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах, үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова, ауыр атлеттер Карина Горичева, Фархад Харки, Александр Зайчиков және әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова еншіледі.
Қазір Қазақстан жалпы есепте 3 алтын, 3 күміс, 6 қола медальмен 17 орында келе жатырмыз.
Ақпарат көзі: ҚазАқпарат
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді