Рио-2016: Бүгін Ұлыбритания Қытайды басып озып, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға көтерілді

Рио-2016: Бүгін Ұлыбритания Қытайды басып озып, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға көтерілді
ашық дереккөз
Рио-2016: Бүгін Ұлыбритания Қытайды басып озып, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға көтерілді
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін Ұлыбритания Қытайды басып озып, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі. Бүгін Олимпиаданың тоғызыншы күні артта қалды. Нәтижесінде АҚШ  26 алтын, 21 күміс, 22 қола, жалпы 69  медаль еншілеп, көш басшылықты қолдан бермей келеді. Ал Ұлыбритания спортшылары бүгін Риода сенсация жасап, жалпы есепте Қытай құрамасын басып озды. Қазір олардың еншісінде 15 алтын, 16 күміс, 7 қола - жалпы 38 медаль бар. Ал үздік үштікке неше күннен бері екінші орында келе жатқан Қытай құрамасы сырғыды. Олардың еншісінде 15 алтын, 13 күміс, 17 қола - жалпы - 45 медаль бар. Бүгінгі есеп бойынша 68 мемлекет Рио Олимпиадасының медаліне қол жеткізіп үлгерді. Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 4 қола медальмен  жалпыкомандалық есепте 16-орында келе жатыр. Жалпы қазірге дейін,  162 алтын, 162 күміс, 182 қола, жалпы 506 медаль ойнатылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге табыс етілді. Еске сала кетейік, жарыстың алғашқы күнінде дзюдодан ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдос Сметов ел қоржынына күміс жүлде салса, 48 келіге дейінгі салмақта әйелдер арасында жарысқа қатысқан Отгонцэцэг Галбадрах Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал үшінші медальді қоржынға ауыр атлет Фархад Харки салды. Ол ерлер арасындағы 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын. Олимпиаданың төртінші күні тағы бір ауыр атлет қызымыз Карина Горичева 63 келі салмақта төртінші медальді ел қоржынына салса, Олимпиаданың бесінші күні екі спортшымыз - ауыр атлет Нижат Рахимов және 200 метр қашықтыққа жүзуден Дмитрий Баландин екеуі алтын жеңіп алды. Ал осы күні әйелдер арасында сынға түскен ауыр атлет қазақтың қызы Жазира Жаппарқұл күміс жүлдегер атанған еді. Міне, бүгін Қазақстан қоржынындағы медальдар санын Ольга Рыпакова тағы бір медальмен яғни, сегізінші жүлдемен толықтырды.

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Ұқсас жаңалықтар