Жігерлі мұратына жетеді
Алмас Ибраев – мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының жемісін көріп отырған азаматтардың бірі. Әуелі шаруашылығында 8 сиыр, 53 уақ мал бар еді. 2015 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 8 миллион 500 мың теңге несиеге қол жеткізіп, «Алатау» асыл тұқымды 50 сиыр және «Абердинангус» асыл тұқымды бұқа сатып алды.
Қазіргі таңда бұл қожалықта 180 асыл тұқымды сиыр, 6 асыл тұқымды бұқа бар. Зеңгі баба тұқымының 60 пайызы – етті ірі қара. Мұндай мал 14 айлық кезінде 480 килограмм ет береді екен. 3 жасар ірі қарадан таза 1 тонна ет алуға болады. Шаруашылықта уақ мал да өсіріледі. Бүгінгі таңда қой саны 850-ге жеткен. 50 қошқар бар. Жиырмаға тарта жылқы бағып отыр.
Алмас Шахмаранұлы алдымен жұмысшылардың жағдайына қарап, солардың мүддесін ойлайды. Оларға арнап қыстаудан 6 бөлмелі үй салып берген. Қыстау Тараздан 150 шақырым жерде. Мал базы да жылы әрі жайлы. Енді Кеңес ауылдық округінен 10 шақырым қашықтағы жайлауға да баз салдырып, үй тұрғызуды ойлап отыр. Шаруашылық ісін ілгерілетуге Алмасқа екі інісі көмектесуде. Әсіресе, інісі Нұрлан Ибраев жайлаудағы барлық жұмыстың тізгінін қолына алып, ағасына қолғабыс етуде. Сиыршы Бауыржан Жүнісов, құрылысшылар Мәлік Мәмбеталиев, Омар Жүсіпов те нағыз істің адамдары. Соның арқасы шығар, шаруаны дөңгелетіп әкеткені.
Ауылдағы 15 адамды тұрақты жұмыспен қамти білген «АИ-БИ» шаруа қожалығының төрағасы Алмас Ибраевтың іскерлігіне, табандылығына, інілерін жұмысқа жұмылдыра білген жігеріне риза боласың.
– Жұмыс бірден алға баспайды. Бастапқыда талай қиындыққа тап болдық. Жолда жылқымыз ұрланып, көліктеріміз бұзылып дегендей, қиын сынақтардан өттік. Оның барлығына сабырмен қарап, төздік. Енді ісіміз алға басып келеді. Төзімділік, сабыр, алға қойған мақсат адамды жетістіктерге жеткізеді екен, – дейді отыз жастан енді асқан қожалық басшысы.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді