«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ем алушылар да, демалушылар да дән риза

Ем алушылар да, демалушылар да дән риза
ашық дереккөз
Ем алушылар да, демалушылар да дән риза
Денсаулық қазынадан да қымбат. Ал адам денсаулығын жақсартуда, сан түрлі сырқаттан сауықтыруда шипажайлардың игі әсері мол. Редакциямызға Оңғарбек Сәлімбай есімді зейнеткер ақсақал келіп, өзінің ем алып, демалып жатқан қала ішінде орналасқан «Taraz Resort & SPA» шипажайы туралы жазуымызды сұранып, ондағы қызметтің сапалылығы мен қызметкерлердің ілтипатты екенін жеткізді. «Өзімнің әрі демалушылар атынан шипажайдың жақсы тұстары жайлы, оның басшылары мен жетекші жәрдемшілері – медбикелеріне, ауасы таза, суы шипа, өзге өңірлердегі шипажайлардан кем түспейтін сауықтыру орнының барлық үлкенді-кішілі қызметкерлеріне ерекше ізетімді, көңілімді марқайтқан ықыластарына ризашылық ақжарма тілек-құрметімді осы сіздер арқылы жеткізуді жөн көрдім», – дейді Оңғарбек аға. Біз де медициналық емдеу-сауықтыру мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу үшін қариямен бірге жолға шықтық. Оңғарбек ағаның айтқанындай-ақ мұнда денсаулығын күйттеп, ем-дом алуға келген жандарға бар жағдай жасалынған екен. «Күнделікті күйбең тіршілік бойындағы күш-қуатын кемітіп, қайратын қажытқан адам «Taraz Resort & SPA» шипажайынан дертіне дауа, жанына шипа табары сөзсіз», – дейді ол. Шипажай іргетасы қаланған сәттен бастап халыққа қызмет етіп, өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Жүзінен шуақ төгілген мейірімді мамандардың арқасында мұнда әрбір адам өз үйінде жүргендей сезінеді. Бізді шипажайдың бас есепшісі әрі осындағы барлық ұйымдастыру жұмыстарының жауапкершілігін мойнына алған Гүлмира Молдабаева қарсы алды. – Бүгінгі таңда мұнда 100-ге жуық емделуші демалып, медициналық ем қабылдауда. Мұнда 50-ге жуық қызметкер, білімді де білікті медицина мамандары жұмыс істейді. Бізде бәрі жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ингаляция, физиотерапия, магнитотерапия, лазеротерапия сынды емдеу және массаждың түр-түрі бар. Шипа-жайымызда тәжірибелі мамандар демалушылардың денсаулықтарын жақсарту үшін бойындағы бар күш-жігерін салуда. Құрметті қонақтарымыздың көңілінен шығу үшін біз әрқашан барлық жағдайды жасаймыз, – дейді Гүлмира Серешқызы. Шипажайдың барлық тыныс-тіршілігіне қанық Гүлмира Молдабаеваның біліктілігіне, өз ісіне шын берілгендігіне мұндағы демалушылар шын риза. Ол жалықпай еңбек етіп, өзінің ізденгіш, еңбекқор екендігін дәлелдеп, тапсырылған істі бұлжытпай орындап, ем алушылардың сенімінен шыға білуде. – Мен Қордай ауданынан келдім. Көзім нашар көреді. Сондықтан мұндағы қызметкерлер айтқанымды істеп, бірдеңе қажет бола қалса, жүгіріп қызмет етеді. Асханасындағы асы да дәмді. Күніне бес мезгіл тамақтанамыз. Медбикелерге, қызметкерлерге алғысым шексіз, – дейді демалушы ақсақал Демеу Шәріпбеков. – Мұнда келгенімізге өте қуаныштымыз, суы мен емі жанымызға шипа болып жатыр. Ем алғанымызға небәрі 5 күн болса да, өзімізді өте жақсы сезініп, ауруымызды ұмыттық. Шипажай қызметкерлері бізді жылы шыраймен қарсы алды. Тамағы өте дәмді, емі шипалы, қызметкерлердің барлығы кішіпейіл, тазалыққа мән береді. Алдағы уақытта да демалысымызды осында өткізбек ойымыз бар. Демалғанның, ем алғанның жөні бөлек. Шипажайдың басшылары мен қызметкерлеріне алғысымыз шексіз, – дейді жұбайымен бірге осында ем алып жатқан Сапарбек Сәдуов.

Наурызбек САРША,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар