«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстандықтар біріншілікті қолдан бермеді

Қазақстандықтар  біріншілікті қолдан бермеді
ашық дереккөз
Қазақстандықтар біріншілікті қолдан бермеді
«Армия халықаралық ойындары – 2016» аясында Отардағы 40-әскери базаның оқу-жаттығу полигонында өткізілген «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Мерген шебі» байқауларында қазақстандық әскерилер абсолютті жеңіске қол жеткізді. Барлық кезеңдердің қорытындылары бойынша біздің мергендер мен артиллерияшылар үздік нәтиже көрсетіп, жарыстың екі түрінен де бірінші орынды еншіледі. Қазақстан жерінде алғаш рет өткен халықаралық турнир жеңімпаздарын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов құттықтады. – Әскерлеріміздің ұрыс даласында емес, осындай жарыстарда күш сынасуы – жер бетінде бейбітшілікті нығайтудың негізгі кепілдерінің бірі. Бейбітшіліксүйгіш саясат – Елбасымыз бен еліміздің алғашқы күннен ұстанған басты бағыты. Осынау талабы биік бәйгенің өту барысында біз «әскери рух» және «жауынгерлік бауырластық» сияқты қарапайым, бірақ, ойға сыйымды ұғымдардың күші мен мән-мағынасын түсіндік, сана-сезімімізге айрықша әсер етті, тамаша және игі дәстүрдің куәсі болдық. Сондықтан, әр елден келген достарымызбен қауышу, олармен біліктілігімізбен және тәжірибемізбен бөлісу, бірлік пен бауырластық рухын сезіну – үлкен абырой, – деді Иманғали Тасмағамбетов. Тамыздың 2-сі мен 9-ы аралығында қазақ жерінде алғаш рет өткізілген Армия халықаралық ойындарына қатысу үшін 12 елдің, яғни Ангола, Венесуэла, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Белоруссия, Зимбабве, Үндістан, Иран, Моңғолия, Грекия және Арменияның командалары келді. Барлығы 278 әскери қызметші дене күші мен төзімділік, әскери шеберлік пен кәсіпқойлық тұрғысында күш сынасты. «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауында Ресей командасы екінші орынға жайғасты. Қытай командасы үшінші орынды, Қырғызстан және Венесуэла командалары одан кейінгі орындарды бөлісті. Мергендер сайысында да Ресейдің әскери қызметшілері екінші орыннан көрінді. Үшінші орын Белоруссия атқыштарына бұйырды. Мергендер байқауының ақтық кезеңіне турнирдің бірінші және екінші кезеңдерінің қорытындысы бойынша төрт үздік команда, яғни Қазақстан, Ресей, Қытай мен Беларусьтің командалары өткен болатын. Бұл жеңіс оларға оңайлықпен келген жоқ. Ойынның барлық кезеңінде байқаудың барша қатысушылары жоғары шеберлік деңгейін, әскери даярлығын паш етуге тырысты. Қатысушыларға байқаудың үш кезеңінен өтуге тура келді. Мәселен, мергендер жарысының ең күрделі кезеңі «Арнайы оқ ату» сайысы болды. Қатысушыларға 150-200 метр қашықтықта жоюдың азайтылатын аймағымен тұтқыны бар «шартты» лаңкестің басы бейнеленген бес нысананы жою тапсырылды. Ал сайыстың ең көзтартарлық сәті жарыстың үшінші кезеңі еді. Бұл сайыс 1 шақырымдық қашықтықты қамтыды. Онда мергендерге қабырғадағы ойылған жерден, биіктігі 2 метр қақпадан, ордан, сымды қоршаудағы кедергілерден өтуге, Макаров тапаншасынан оқ атуға, Драгуновтың мерген винтовкасынан 300 метр қашықтықта кеуде фигураларына дөп тигізуге, РГД-5 оқу гранаталарын лақтыруға, динамикалық дуалдан, автомобиль дөңгелектерінен жасалған үйінді мен көлбеу баспалдақтан өтуге тура келді. Барлық жаттығулар жылдамдық серіктестердің, өзара түсіністік пен нақты үйлесімді іс-қимыл жасауға негізделген. Үшінші кезеңдегі сынақта қазақстандық мергендер командасы 18 минут 18 секундтық үздік нәтиже көрсетті. Қытайдың командасы эстафетаны 18 минут 58 секундта аяқтады. Ресейлік команда 20 минутта, Белоруссияның командасы 21 минут 3 секундта мәреге жетті. – Қарсыластардың барлығы мықты болды. Алайда, Қазақстанның командасы жеңіске жетті. Біз бұл жарысқа талмай дайындалдық, жеңіс тұғырынан көрінуге талпындық. Соны іс жүзінде көрсете білдік және Қорғаныс министрі қойған тапсырманы орындадық деп есептейміз. Осындай бәсекелі тартыстардың жыл сайын өткізілуін қалар едік. Бұл – барлық бөлімшелер, күллі ел үшін өте жақсы тәжірибе, – деді шешуші сайыстың жеңімпазы, қазақстандық мерген, 3-сыныпты сержант Дмитрий Охотников. «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауына қатысушыларға «Жеке жарыс», «Түнгі спринт», «Эстафета» және «Эстафета. Мәре» байқауларының төрт кезеңін еңсеруге тура келді. Барлық кезеңде қатысушылардың оқшашардан, минаатқыштан, граната-атқыштан, автоматтан дәлдікпен оқ ату және «Ирелең», «Минажарылғыш қоршаудағы сорап өткел», «Төмпешік» және «Сорап көпірдің сұлбасы» кедергілері бар тасжолдарды өту шапшаңдылығы сыналды. Сондай-ақ, қатысушы мина атқыштардың есептоптары түнгі жағдайларда нысаналарға дөп тигізуден тартысқа түсті. Әскери қызметшілер 2Б11 минаатқышынан, РПГ-7В-дан, түнгі көздеуіштері бар АК-74 автоматынан оқ жаудырды. Минаатқыштан оқ ату радиусы 15 метрлік, жеке құрамға арналған, тасалары бар, арнайы дайындалған орда жүргізілді. Межеге дөп тигізу үшін әрбір командаға үш минадан бөлінді. Әрбір мүлт кеткен оққа бір айып шеңбері қосылып отырды. Оқ атулар нысананы үздіксіз жарықтандыруды қамтамасыз етуді белгіленген қарқынмен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 85395 әскери бөлімінің 122 мм Д-30 гаубицаларының атыс есептоптары жүргізді. Конкурстың ақтық кезеңінде Қазақстанның минаатқыш есептоптары кедергілерді ойдағыдай еңсеріп, барынша жылдамдықта мәре сызығына келіп жетті. «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауының соңғы кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстанның командасы үздік атанды. Армия ойындарының жабылу салтанатында жеңімпаз командалармен қатар, әр елдің жекелеген үздік сарбаздарына да құрмет көрсетіліп, турнирдің медальдары мен бағалы сыйлықтары тапсырылды. «Үздік минаатқыш командирі» ретінде ҚХР-дың сержанты Чжай Чжитао марапатқа ие болса, Ресейдің аға матросы Ильдар Файзуллин «Үздік көздеуші» болып танылды, ал қазақстандық сержант Төлепбек Жанатаев «Үздік механик-жүргізуші» атанды. «Мерген шебі» байқауында беларусьтық прапорщик Вадим Ребковец үздік мерген, ал ресейлік аға сержант Андрей Мячин мен сержант Павел Петравичюс үздік мергендер жұбы жүлдесін иеленді. Әр аталым бойынша жеңімпаз атанған командалар мен сарбаздарды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-Бас штаб бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, Қорғаныс министрінің орынбасарлары генерал-лейтенант Оқас Сапаров және генерал-майор Тимур Мұхтаров, сондай-ақ ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Бас штабтың жауынгерлік дайындық департаментінің бастығы, полковник Тимур Әбішев марапаттады. Ал қоссайыстың абсолюттік жеңімпазы болған қазақстандық командаға турнирдің тиесілі басты кубогін ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов тапсырып, еліміздің әнұраны ойналды. Үздік мергендер мен артиллерияшылардың құрметіне бұл күні полигонда қазақстандық эстрада жұлдыздарының орындауында патриоттық әндер орындалды, әскери қызметшілердің флеш-мобы және көрсетпелі оқ атуы болды. Қарулардың барлық түрлері мен авиациялық техниканы қолдана отырып ірі ауқымды оқу-жаттығуларды өткізуге мүмкіндік беретін «Отар» полигонының инфрақұрылымы халықаралық ойындарға дайындық кезінде анағұрлым жақсара түскен еді. Сапалы деңгейдегі бұл нысандар енді жауынгеріміздің әскери даярлығын шыңдау сабақтарына пайдаланылатын болады. Келесі жылы да осы жерде жаңартылған бағдарламада Армия халықаралық ойындарын өткізу ұйғарылып отыр. Оның бағдарламасына биылғы екі жарыс сынағына қоса, алғаш рет броньдалған автомашиналармен ралли, әйел әскери қызметшілердің көпсайысы, әскери аспаздардың «Далалық асхана», кинологтардың «Адал дос» сайыстары қосылады. Армия ойындарының барысы күн сайын «КAZ sport», «Қазақстан–Тараз» телеарналарында көрсетіліп отырды, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында онлайн көрсетілім ұйымдастырылғанын да айта кетейік.

IMG_2810Құрманбек Әлімжан,

«Ақ жол».

IMG_3156Қордай ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар