Жұмыр жердің тыныштығы қымбат

Жұмыр жердің тыныштығы қымбат
ашық дереккөз
Жұмыр жердің тыныштығы қымбат
Қазіргі кезде әлемде орын алып жатқан түрлі қақтығыстар жан түршіктіреді. Ұлы Дала елінде мызғымас тыныштық пен бейбітшілік салтанат құрып тұр. Мұның бәрі салиқалы саясаткер Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі екені баршамызға мәлім. Татулық пен достықтың алтын бесігіне айналған қазақ даласына, Қазақстан мемлекетіне әлем елдері сүйсіне, қызыға қарайтыны ақиқат. Қалай десек те, бүгінгі таңда адамзат атаулы соғыстың қатер екенін, оның ішінде ең қауіптісі ядролық арсенал екендігін түсінді. Вашингтонда өткен, күллі әлемнің назарын аударған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитте Қазақстан Президентінің сөз сөйлеп, ядролық қауіпсіздік туралы өте өзекті, өткір проблемалар жайында мәселе көтеруі – Қазақстанның халықаралық аренадағы өзіндік орнын, принципін тағы бір мәрте айқындап бергені даусыз. Нұрсұлтан Назарбаев өз манифесінде қазіргі таңда ядролық қарудан келетін қатерлердің сейілмей, қайта ұлғайып бара жатқаны әлем халқының қаперіне тағы бір мәрте салып өтті. Құлашын кеңге жайып үлгерген озбыр террорлық ұйымдар мен аймақтық ұлтаралық қақтығыстардан туындап отырған түйінді мәселелердің бар екенін де тіліне тиек етіп, жаһандық деңгейдегі ойды қозғады. Әлемді ядролық қарусыздандыру туралы бастама көтерген саясаткерлердің көшбасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тұратыны аян. 1991 жылы 29 тамызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлық шығарды. Арада бірер жыл уақыт өткенде, дәл осы күн Ядролық сынаққа қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде бекіді. Сол кезеңдерден бергі аралықта Елбасы атқарылып жатқан талай игі бастамалардың қасынан табылып жүр. Ең бастысы, Президенттің тың идеяларының бәрі де әлемдік қоғамдастық тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. Қазақ – қашанда бауырмал халық. Елбасы өзінің ядролық қарусыздану туралы тың ойлары арқылы әлем жұртын тыныштыққа, бауырмалдыққа, татулыққа кезекті мәрте үндеді. Бірлік болған жерде берекелі тірлік болатынын жаһан жұртшылығына тағы бір мәрте жеткізді.

Мұрат Сванов,  аудандық мәдениет және тілдерді  дамыту бөлімінің басшысы.

Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар