«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Зейнетақы 5 пайызға көбейеді

Зейнетақы 5 пайызға көбейеді
ашық дереккөз
Зейнетақы 5 пайызға көбейеді
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының қосымша 5 пайызын белгілеу есебінен жаңа шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесін (ШЖЖ) енгізу қарастырылған. Бұл салымдарды жұмыс беруші енгізеді, сондықтан олар азаматтардың меншігі емес және мұраға қалдырылмайды. Жаңа шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесінің енгізілетіні көпшілік арасында түсінбестік туындатуда. Жұмыс істейтін азаматтардың көпшілігі 10 пайыз міндетті зейнетақы жарналарын төлейтін болғандықтан, жаңа жүйенің не үшін енгізілетінін білмей түсінбей дал болуда. Жаңа өзгерістер енгізілген кезде жұмыс берушілер де жалақыны дәл сол 5 пайызға азайтуы мүмкін деген үрей де жоқ емес. Сенімсіздіктің түпкі себебі де осы. Бұл еліміздегі азаматтардың қаржылық сауаттылығының әлі де болса төмен деңгейде екенін көрсетуде. Ақпараттың қолжетімділігіне қарамастан, елімізде салымшылардың инвестициялық табысын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) алып отыр деп ойлайтындар да кездеседі. Мұндай жаңсақ пікір зейнетақы мен қаржы жүйесінің жұмысын түсінбегендіктен туындап отыр. Енді шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу мәселесін қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік. Бүгінгі таңда зейнетақы үш бөліктен тұрады, олар – базалық, ортақ және жинақтаушы. Базалық зейнетақы – ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТК) 50 пайызы. Ол еңбек өтіліне қарамастан, зейнеткерлердің барлығына мемлекеттік қазынадан төленеді. Ортақ зейнетақыны 1998 жылға дейін аз дегенде жарты жыл еңбек өтілі болған адамдар алады (оған ЖОО-да оқыған кезең де кіреді). Яғни, зейнетақының бұл бөлігін 1979-1980 жылдары туылған азаматтар соңғы рет алатын болады. Зейнетақының бұл бөлігі де бюджеттен беріледі. Енді жинақтаушы зейнетақы бөлігіне тоқталайық. Бұл әлдеқайда жеңіл. Жинақтаушы жүйе дегеніміз салымшының өзі аударатын жинақ бөлігі, басқа сөзбен айтқанда, 1998 жылдан бастап жалақыдан жеке зейнетақы шотына аударылып отыратын, дәулетті кәрілікті қамтамасыз етуге арналған 10 пайыз зейнетақы. Осыдан келіп «зейнетақы бір нәрседен болса да жиналуда, онда шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесін не үшін енгізу керек?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Оны түсіндіру үшін ортақ зейнетақының қалай төленгенін талдап көрейік. Сонау Кеңес Одағы кезінде бір зейнеткер үшін төрт адам жұмыс істеген. Төрт еңбеккер тиісті салығын төлеп отырса, бір адам құрметті демалысының рахатын көріп отырған. Алайда, Кеңес үкіметі құлап, дағдарыс орын алған кезде халықтың жұмыс істейтін бөлігі айтарлықтай қысқарды, ал бұл мемлекет қазынасындағы түсімге де әсерін тигізді. 1998 жылға қарай бір зейнеткерге 1,8 жұмыскерден келіп отырды. Бұған сұрапыл соғыстан кейінгі 50-60 жылдары бала туу өте жоғары деңгейге, ал 90-жылдары бала туу деңгейі өте төмен көрсеткішке жеткенін қосыңыз. Бұл бүгінгі жұмыс істейтін жастардың (25-30 жас) зейнеткерлерді (65-75 жас) толық көлемде қамтамасыз ете алмайтынын көрсетеді. Себебі, жұмыс істейтін халық саны кеңес заманымен салыстырғанда екі есеге азайды. Бірақ, бүгінде бір зейнеткерге шаққанда жұмыс істейтін әрі зейнетақы жарналарын үздіксіз аударатын адамдар саны 90-жылдардың аяғына қарағанда 2,2-ге көбейген. Осы статистиканы және 1998 жылға дейінгі еңбек өтілінің барған сайын азайып келе жатқанын ескерсеңіз, ортақ зейнетақы бөлігін біртіндеп ауыстыру қажеттілігінің туындағанын көресіз. Қазақстан халқының белгілі бір бөлігінің БЖЗҚ-ның үлгілі салымшылары емес екенін ұмытпаған жөн, олар зейнетақы аударымдарын өте сирек жасайды, не мүлде жасамайды. БЖЗҚ-дағы 10 миллион шоттың ішіндегі БЖЗҚ-ға үздіксіз жарналар аударатын салымшылар саны 6,4 миллион адамды немесе халықтың жұмыс істейтін бөлігінің 75 пайызын құрайды. Қалған белсенді, бірақ жарна аудармайтын тұрғындар да (ал ол 3,5 миллионнан асады) зейнет жасына толғаннан кейін «лайықты» зейнетақысын алғысы келеді. Сондықтан, жан-жақты есептеп, халықаралық тәжірибені игергеннен кейін ғана заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның ішінде базалық зейнетақы да бар. 2018 жылдан бастап 10 жыл және одан аз өтілі болған немесе өтілі мүлдем болмаған жағдайда зейнетақы мөлшері ЕТК-ның 50 пайызына тең болады. Ол әрбір келесі толық жыл үшін 2 пайызға ұлғайып отырады. Яғни, 20 жылдық өтіл болғанда, базалық зейнетақы 70 пайыз, 30 жыл болғанда – 90 пайыз, ал өтіл 35 жыл және одан да көп болғанда 100 пайыз ЕТК-ны құрайтын болады. Бұған қоса өтіл еңбек кітапшасындағы жазбалармен ғана емес, БЖЗҚ-ға тұрақты аударылған зейнетақы жарналарымен де расталуы тиіс. Зейнетақының жалпы сомасына жұмыс беруші есебінен төленетін жарналар да қосылуы тиіс. Жұмыс берушінің жаңа 5 пайызы міндетті зейнетақы жарналарының басты артықшылығы мынада: жұмыс беруші осы жарналарды аударатын зейнеткер (5 және одан да көп өтілі болғанда) өзінің шартты зейнетақы шотындағы қаражаты таусылса да, осы құрамдауыштағы зейнетақыны өмір бойы алатын болады. Жинақтар мұраға қалдырылмайтын болғандықтан, жүйеден кеткен (қайтыс болған/басқа жаққа кеткен) адамдардың жинақтары басқа пулға қатысушылардың шоттарына бөлінеді. Шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі эксперимент үшін жасалған жаңа үлгі емес. Бұл – Швеция, Норвегия, Латвия секілді және тағы да басқа Батыс елдерінде толыққанды жұмыс істеп келе жатқан зейнетақы үлгісі. Зейнетақы жүйесі үздіксіз дамып отырады. Қазақстанның зейнетақы үлгісінде үш тараптың: мемлекеттің, жұмыс беруші мен салымшының қатысуы және олардың мүдделі болуы көзделген. Мемлекет зейнетақының базалық деңгейіне, зейнетақы жинақтарының сақталу кепілдігіне және БЖЗҚ-ның қызметіне жауап береді. Жұмыс берушіге және барша азаматқа міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы әрі толық аудару мен қызметкердің шартты-жинақтаушы шоттарын толықтыру жауапкершілігі жүктелген. Өйткені, бұл – біздің болашағымыз.

Ұқсас жаңалықтар