Көшесімен Пушкиннің... Абайға дейін

Көшесімен  Пушкиннің...  Абайға  дейін
ашық дереккөз
Көшесімен Пушкиннің... Абайға дейін
(Соңы. Басы өткен сандарда). 10 ноябрь 1955 жыл. Біз Арғынбай екеуміз дүрілдеген думанды үлкен мерекеге тұңғыш рет қатыстық. 7 ноябрь күні таң азанмен әдетте у-шуы аз, тып-тыныштау Жамбыл қаласы дүңкілдеген духовой оркестрдің үнімен оянып, түңлігі желпілдеп кеткендей болды. Салтанатты марштар көңіл біткенді бірден-ақ желбірете көтеріп тастады. Қаланың шартарапынан қаптаған халық Пушкин көшесіндегі облыстық партия комитеті орналасқан үш қабатты сұрғылт үйге қарай таудан құлаған сала-сала бұлақтардай боп ағылды. Вокзал жақтан Сталин көшесін бойлай беттеп келе жатқан жұртта қисап жоқ. Ал әлгінде көргенбіз, Коммунист көшесін толтырғандар сақырлаған тасты жар-жар Атшабарды артқа тастап, Абай көшесімен лықси төмен қарай құлдилаған бойы ені тар Пушкин көшесіне құйылғанда ол тырсылдап жарылып кете жаздағандай еді. Халық қана емес, қаптаған қызыл жалаулар, «Ұлы Октябрьдің 38 жылдығы жасасын!», «Да здравствует Великая Октябрьская революция!», «Совет халқы жасасын!», «Да здравствует Советская Армия – победительница!», «Коммунистік партия жасасын!», «Да здравствует великое учение Маркса-Энгельса-Ленина-Сталина!» ... деген ұрандар жазылған алқызыл маталар, транспоранттар отты теңіздей өртене толқиды. Колонналар хормен шырқап келе жатқан патриоттық әндер де оркестрге қосыла келе, сұрғылт күздің дымқыл да салқын аспанын қақырата дірілдетіп, жердің өзін барабанға айналдырғандай дүңкілдетіп барады. Біздің училищенің үлкен колоннасын жақында ғана келген директорымыз Достай Есілбаев, завуч Петр Алексеевич Пак, оқытушыларымыз Жақыпбай Қасымбеков, Жәлел Абдуллаев, Талғат Әзімқұлов, Алдияр Жанұзақов, Зинаида Федоровна Изаак, Әкім Садықбеков, Роберт Антонович Майер, Ольга Емельяновна Писарева, Иван Федорович Анискин бастап келіп, обкомның сұрғылт үйінің алдынан аяқты солдаттарша нық, сарт-сұрт басып сап түзеп өттік. Екінші этаждың трибуна-балконынан бізге бейтаныс бір үлкен кісілер қол бұлғады. – Әне, ана-ау, көремісің ең ортадағы сұр макинтош, сұр шляпалы кісіні? – деді ақырын қасымда қатар келе жатқан Еркебек маған балкон жақты иығымен нұсқап. – Сол... сол бірінші секретарь, облыстың ең үлкен бастығы... Шолақ Артығалиев... ә... ә... оң жағындағы қара шляпалы тапал ...облисполком Махмұт Сапарғалиев... Осыны күтіп тұрғандай-ақ, трибунаның шет жағынан ащылау әйел даусы шар ете қалды: – Коммунизмнің белсенді құрылысшылары – совет әйелдері-і... жасасын!.. Мына оқыс ұраннан есімді жиып, трибуна жаққа назар салғанымша, оның тұсынан өтіп те кеттік. Сөйтіп, Еркебек досым айтқан «облыстың ең үлкен бастығы» Артығалиев пен Сапарғалиев жолдастарды жөндеп көрудің сәті түспеді. Бірақ бұған ешқандай да өкінгем жоқ... Тек «фамилиялары біртүрлі, ұйқас, татардікі сияқты екен» деп ойладым да қойдым... Демонстрациядан кейін Арғынбай екеуміз ауылға асықтық. Жолай жолыққан жүк машинасының қорабына қарғып мініп алдық та, Буденновкаға жетіп, одан әрі жаяулатып ауылға келдік. Анам келгеніме қатты қуанып, апыл-ғұпыл есік алдындағы ошаққа от жағып жіберіп, тамақ дайындауға кірісті. Үйге Ақжарқын асыға кіріп, амандаса салысымен сөйлей жөнелді. – Аға, ертең Буденновканың клубында Қозы Көрпеш-Баян сұлу туралы «Махаббат дастаны» дейтін жаңа кино болады екен! Барайық, а?.. Мен басымды изедім. ...Клуб жанында Мәрияммен ұшырастық. Маған ол осы аз ғана айдың өзінде едәуір есейіп, әдемілене түскендей боп көрінді. Бұрын ашаңдау көрінетін бой-бітімі едәуір жұмырланған тәрізді. Жүзіндегі қызғылтым арай мен жымиғанда пайда болатын болмашы иірімдер қалай жарасады өзіне... – Асанбай аға, сізді мейраммен және оқуға түсуіңізбен құттықтаймын! – деп, ұяла күлімсірей қолын ұсынды. Әйтсе де бұрынғыдан гөрі ашылыңқыраған секілді. Мүмкін... мүмкін олай болуы біздің мына кездесуімізден туған ішкі бір сезімдерден, бәлкім, қуаныштан емес пе екен?.. Залда Мәриям мен Ақжарқын екеуінің ортасына отырдым. Сеанс басталды. Фильмнің мазмұны, тіпті, бала күнімде-ақ біздің үйге кешке қарай жиылатын қарияларға керосин шамның жарығында өзім талай-талай, кейде, тіпті, таңға дейін оқып беретін қиссадан жақсы таныс болатын. Ал киноны Күлшат әпке, Арғынбай үшеуміз жақында ғана қаладағы «Октябрь» кинотеатрынан көргенбіз. Содан да мен онша толқи қойған жоқпын. Есесіне... кенет, Қодар жасырынып кеп Қозы Көрпештің ту сыртынан қанжар салғанда, Мәриям ақырын, алғаш ішегін тартты да, соңынан өксіп қалды. Жайлап бұрылыңқырасам, бір тамшы жас жүзін сызып барады екен... «Өте сезімтал екен-ау» деп ойладым әрі аядым... Кинодан мұңайыңқырап шықтық. Шыға салысымызбен Аржарқын әдетінше апалақтап: – Сендер осында қыдыра тұрыңдар, мен жүгіріп барып Гүлнардағы кітабымды алып келе қояйын, – деді де, жүгіре басып жөнеп кетті. Клубтың қасында шағын аллея бар-ды. Соның бетін жазда жайнап жайқалғанымен, күздің мынадай күнінде сарғайып, бейшара, аяқасты болған тал жапырақтары жапқан енсіз жолымен әрі-бері біраз жүрдік. Үнсіздікті Мәриям бұзды. – Аға, айтыңызшы, сіздің сүйікті кейіпкеріңіз кім? – Ә... ә, сүйікті кей-іп-кер?.. – сұрақ тосын болғандықтан біраз бөгеліп қалдым да, алғаш ойыма түскенін айта салдым, – Ақ азу. – Кім еді ол? Біреудің лақап аты ма? – Мәриям маған жалт бұрылды. Жүзіне айдың сәл-пәл дірілдеген жап-жарық сәулесі түсті. Сәуле уыздай ұйыған жас сұлулықты көзге тосты!.. – Ол төбет. Жартылай ит, жартылай қасқыр. – О-һо!.. Жартылай қасқыр – сүйікті кейіпкер!.. – Мәриямның балаша шын ықыласпен күлгені сонша маған мына жұмсақ түн түгелдей нәп-нәзік, тап-таза, саф күмістің сыңғырындай үнге толып кеткен тәрізденді!.. Әйтсе де бұл күлкіні немен салыстыруға болар екен? Жоқ, ештеңеге теңестіруге болмайды! Япыр-ай, мен осы уақытқа дейін қыз күлкісі секілді мынадай ғажайып, сиқырлы сұлулыққа ешбір мән бермей келіппін-ау... Қалайша соншама керенау болғам?!.. – Бұл расында да солай. Джек Лондонның «Ақ азу» дейтін керемет қызық повесі бар, басты кейіпкері – әлгі төбет. – Ол... ол несімен ұнады сізге? – деді Мәриям енді байсалды үнмен. – Ол төбет ізгілік пен зұлымдықты кейбір адамдардан гөрі дұрыс айыра біледі. – Міне, қа-лай... – деп Мәриям едәуір ойланып қалды. – Сонда сіз ізгілік пен зұлымдықтың кез-келген түріне, көрінісіне ә... ә... енжар қарамайтын болдыңыз ғой. Солай ма? – Дұрыс таптың, Мәрияш... – Оны бұлай еркелете атағанымды өзім де байқамай қалдым. – Ал енді, аға, сіз бүкіл ізгілік махаббаттан туындап жатады деп ойламайсыз ба? – дегенмен, Мәриям сәл ыңғайсызданып қалғандай. – Махаббаттан... ә... ә, кең мағынасында алғанда оны... – Сен-ақылдысың, Мәрияш... Енді сен айтшы маған... махаббат туралы осыншама кең түсінік қайдан пайда болған? – Біз «Сұлушашты», «Қамар сұлуды», ал жақында ғана Пушкиннің «Евгений Онегинін» оқымадық па. Содан... махаббат туралы көп ойлануға, оның үстіне... ә... ә... жарайды... Мен «Татьянаның образы» деген тақырыпта шығарма да жаздым. Сіз бұл тамаша романды оқыған боларсыз? – Бірнеше рет. – Жа-ақсы. Ал енді сіз... сіз Татьянаны айыптамайсыз ба? – Не үшін? – Оның Онегинге бірінші боп хат жазып, ғашықтығын мойындағаны үшін. – Неге айыптайын, айыптамаймын. Қыз бен жігіт жүрегі бірдей емес пе, қыз жүрегі сезімталырақ десе де... – Дұрыс... Ал кейбір балалар күледі, Татьяна ондай, Татьяна мұндай деп... – Ол дұрыс емес. – Рахмет, аға... Ал мен... өзіңізге анда-санда... хат жазып тұрсам бола ма? – деді Мәриям үні әрең шыға күмілжіп. – Болады, әрине... – Осылай деп жауап беруін берсем де, соңынан ойланып қалдым: «Неге?.. Сонда не туралы жазбақ?.. Жалпы, көңілінде не бар күннен-күнге көріктеніп келе жатқан бұл жас арудың?..» . Ой тұтқынынан Ақжарқынның келуі босатты. Ол екеуміз Мәриямды үйіне дейін шығарып салдық. Қоштасарда қолын еркінірек ұсынды. Алақаны ып-ыстық екен... Ақжарқын екеуміз Қарасуға қайтып келе жатқан жолда ОЛ тұрып алды көз алдымда. Серігімен қосылып ән де салды. – В тихом городе своем По-соседству мы живем... Мен де енді ой-қиялыммен ауылда емес, біздің тып-тыныш қалада жүрдім... 5 декабрь 1955 жыл. Бүгін – Советтік Конституция күні. Мереке өзінен өзге қуаныш та сыйлады бізге. Облыстық «Сталиндік жол» газетінде Арғынбайдың «Тыңнан хат» дейтін өлеңі шықты. Бұл – оның жарияланған бірінші шығармасы. Біз бәріміз өзіміздің жас ақынымызды шын жүректен құттықтадық. – Сені қайдам, мен... мен, шамасы, арада көп жыл өткен соң сенімен бірге өстім, бірге оқып, Рощинская көшесіндегі ұядай ғана тамда бірге тұрып, бір жапырақ нанды бөліп жедім деп мақтанатын шығармын!.. – деп әзілдедім. Мүмкін бұл әзіл шынға да айналар. Тағдыр деген алдын ала шешуі қиын жұмбақ дейді ғой... Кешке училищеде мерекелік үлкен концерт болды. Біз хормен алдымен Мұқан Төлебаевтың Отан туралы патриоттық әнін айттық та одан кейін көп дауыспен поляктың кең таралған ойнақы бір әнін шырқадық. – Шла девица по лесочку, За малинкой шла, За малинкой шла. О-хо!.. О-хо!.. За малинкой шла... Жақсы шыққан болуы керек, ду қол шапалақталды. Директор Есілбаев бастаған ұстаздарымыз да риза болған сияқты. Хормейстеріміз Роберт Антоновичтің қуанышы аққұба жүзінде ойнап жүрді, тіпті. Репетицияларда босқа терлемегеніне тәнті тәрізді. Концерттен кейін би басталды. Қыздардың қалың тобының арасында ОЛ да тұр! Аты Сәлима екен. Оны кездейсоқ, басқа бір қыздың атап шақырып қалғанынан білдім. Роберт Антонович сахнада тұрған рояльға барып, бір вальсті, шамасы, Штраустың «Вена орманының ертегісі» болуы керек, шағын залды сазға тырсылдата толтырып ойнай бастағанда мен ОҒАН таяндым. Сағиға рахмет, биге біраз үйреніп қалғам-ды. – Сәлима, сізді бола ма?.. Ол бетіме алғашында сәл таңданғандай қарағанымен, қолын бөгеліссіз ұсынды. – Менің есімім – Асанбай, – дедім өзімді таныстырып билей бастағанымызда. – Ә, мен сізді білемін. Ускоренный группаның старостасысыз ғой, – деді ол жайбарақат қана. – Мен де старостамын. – О-о, сіз екеуміз әріптес болдық қой! – дедім мен көңілдене. – Иә, «Кубанские казаки» киносындағыдай. – Кешіріңіз, онша түсінбедім... – Есіңізде ме, ондағы басты геройлар – ер мен әйел екеуі де колхоз бастықтары еді ғой? – Иә, иә! Есімде, әрине. Бірақ... олар бірін-бірі сүйетін ғашықтар емес пе еді? – Несі бар?.. Өмірде болатын жағдай ғой... және... және жиі де кездесетін секілді... Музыканың ырғағымен кейде, тіпті, құйындай шыр көбелек айнала бердік, айнала бердік. Ондайда бір-бірімізге тым жақындап кеткенде оның демалған лебін де сезінгендеймін. Бой бітімі қандай әдемі, шымыр, оралымды!.. Маған бейне ғайыптан қанат біткендей онымен бірге биіктеп кетіп бара жатқандаймын... Кеш соңында Роберт Антонович: – Дамский вальс! Қыздардың жігіттерді шақыруына болады... – деп жар салды. Сәлима күлімсірей маған жақындай берді... Кеш сауығы тарқаған соң, мен оны Сталин және Үшбұлақ көшелері қиылысындағы училищенің қыздар жатақханасына дейін шығарып салдым. ...Мүмкін мына кеш менің өмірімдегі ең бақытты кеш шығар!.. 11 январь 1956 жыл. Қысқы сессия да аяқталды. Төрт емтиханды түгел өте жақсы бағаға тапсырдым. Бүгін мені студенттікке қабылдау және маған стипендия тағайындау туралы директордың бұйрығы шықты. Алдымен ару секретарьша Раиса Ереськина, кураторымыз Ольга Емельяновна, сонан соң бүкіл курс құттықтады. – Сен, міне, енді өзіңнің неге қабілетті екеніңді таныттың. Азамат! – деді менің өзімнен кем қуанбаған Арғынбай айқара құшақтап, – Ал паровоздар... сенсіз де тоқтамай жүріп жатыр... – Өзіміздің Шора шығар, оларды әрі-бері тоқтаусыз қуалап жүрген!.. – екеуміз рахаттана күлдік... Ертеңнен бастап он күндік каникул. Ауылға, үйге барам. Одан соң екі апталық педпрактика. Оны қала маңындағы «№6 совхоз» деп те, «Түрксіб» деп те атай беретін негізгі көшесінің өзі көктем мен күзде ми батпақ, жазда бұрқыраған шаң, ішекше шұбатылған ұзыннан-ұзақ темір жолға қарасты ауылдағы Макаренко атындағы қазақ-орыс жеті жылдық мектебінде өтпекпіз. Онда Арғынбайдың нағашы әпкесі Ботагөз бен жездесі, батыр Бауыржанның мектептесі Садықбай қарияның үйінде тұрмақпыз. Бұл кісілерді мен де көргем, бір-екі рет қонақ та болғанбыз. Кейбір қатары «Біздің Владимир Ильич» деп әзілдейтін Сақаң шынында да бет-келбеті, басының қасқалығы, тіпті, ықшам да шапшаң бой бітімі, жүріс-тұрысына дейін кинолардағы Ленинге өте ұқсас-ты. Әрі өте мейірімді кісі, қалаға келген сайын Арғынбайға азын-аулақ ақша ұстатып кетеді. Ал мен практика кезінде ол кісіден, Қасымбеков ағай айтқандай, Бауыржан Момышұлының балалық шағынан бірталай әңгіме естірмін деп қуандым... Сонымен тұңғыш рет сабақ беретін күніміз де жақын! Қалай оқытатынымыз да белгілі болды. Мен параллель кластарды – бірінші мен үшіншіні оқытам. Оңай бола қоймас, сірә... Бірақ қиындықпен кездесуім бір бұл ма, еңсерермін, жеңермін қалай да!.. Бүгін... бүгін кешке Сәлима да поезбен үйіне кетпек. Кешкі сегіз жарымда онымен вокзалда кездесуге келіскенбіз. Шығарып салам. Бір түрлі көңілсіздік жайлап барады... Біз алғашқы таныстықтан кейін-ақ тез тіл табысып, бірі-бірімізге жылдам жақындап кеттік. Күнде училищенің өзінде жолығамыз, кино, танцыға да жиі барамыз. Ал би кеші өзімізде ғана емес, медициналық училищеде де, мәдени-ағарту училищесінде де, тіпті, бізге бәрінен жақындау, Пушкин көшесінде болса да байланысымыз аздау статтехникумда да болып тұрады. Оларға да бірге барамыз. Сонымызға қарап, «Бұлар – ғашық жұп» деген де сөз шығара бастапты. Бірақ біз жүректер лүпілімен-ақ ұғыстық па, қайдам, махаббат туралы бір ауыз сөз айтыспаппыз. Бір рет те. Арамызда ынтық тілек, ыстық құштарлыққа ұқсас, өзімізге де сыры беймәлім бір қатынас орнаған. Ол достық па?..Әлде, әлде... Міне, енді бақандай он күнге айырылыспақпыз... Тұтас бір дәуір!.. Қалай шыдарсың?.. Жә, жарайды үйде істелетін тірлік көп. Сол жұмыстардың барлығына да шүкір, уақыттың тез өткенін өзім де аңғармай қалармын... Ал... ал Ақжарқынның арада жүруімен Мәриям кездесе қалса ше?.. Мен одан екі-үш рет хат алғам. Өзінің оқу барысы туралы жазып, менің бос уақытты қалай өткізетінімді де сыпайы ғана сұрап кетіпті. Бос уақыт... Ол әуелі менде бар ма екен?.. Таңнан – нанның кезегі, ара-тұра төртінші километрден көмір теру, сабақ, үйірмеге қатысу, Сәлимамен қыдыру... Онан Пушкин кітапханасының оқу залы... Тіпті, кейде күнделік жазуға да уақыт таппай қалам... Жақында Жаңа жыл қарсаңында Мәриямды құттықтап открытка жібердім. Алды ма екен?.. О-о , сағат жеті жарым боп қапты ғой. Кеттім вокзалға!.. 5 март 1956 жыл. Бүгін – Сталиннің қайтыс болған күні. Бұдан тура үш жыл бұрын Совет халқының ұлы көсемі дүние салды... Мүмкін қазір мұны еске алмас па едім, егер бір жағдай болмаса... Сабақ басталар алдында, өзім де қайранмын, мені училище директоры шақыртты. – Суворов көшесі қайда екенін білесің бе? – деп сұрады бірден Есілбаев ағай. – Білем... Онша алыс емес қой бұ жерден. – Білетінің дұрыс болды. Суворов, 19. Ол біздің үй. Сонда барасың, үйдегі апайың бір қызыл кітапша-брошюра береді. Соны аласың да маған жеткізесің. Тек байқа, ешкімге көрсетуші болма, жоғалтпа. Ол өте құпия документ. Түсінесің бе мені? – Түсіндім, ағай. – Онда жақсы, бара бер... Шекесінде көп цифрлы нөмірі бар ол қызыл брошюра партияның ХХ съезіндегі жабық мәжілісте совет мемлекетін Маленковты сырғыта салып, басқарып отырған Никита Сергеевич Хрущевтің Сталиннің жеке басына табынушылықтың салдарын жою туралы жасаған баяндамасы екен. «Жеке басқа табыну» деген немене өзі? Біз, комсомол мүшелері, съезд материалдарын тәп-тәуір талдап, оқып үйренсек те, мынадай атаулы сөздерді де, ұғымды да кездестірмеппін... Көшеде жүріп келе жатып оқи бастадым... О, сұмдық!.. Мынау дегенің өлі Сталинді екінші рет, моральдық тұрғыдан өлтіріп қайта жерлеу ғой! Диктатор, деспот, білегіне дейін қанға малшынған жендет... Ірі мемлекет қайраткерлерін, әскер басыларын, қатардағы қарапайым адамдарды түк кінәсі болмаса да қатаң жазалаған. «Біз кешке үйге аман-есен қайтатынымызды яки қайтпайтынымызды білмеуші едік. Қорыққаннан дірілдейтін бәрі де...». Бұл не деген сөз?.. Тірі кезінде оны жас та, кәрі де Құдайдай көрді ғой. Біз, балалар да, тіліміз шыға сала мұртты көсемнің сүретіне қарап «Сталин ата» дегенді үйренгенбіз. Ақындардың оны көкке жеткізе мадақтаған өлеңдерін жаттап алып, тақпақ ретінде ел алдында айтатынбыз. Сталинге деген шексіз құрмет тілде ғана емес, жүрекке де берік орныққан-ды. Совет халқы оны сүйетін! Өмірдегі бар жақсылықты оның атымен байланыстыратын... Әуелі анда-санда ауданнан келетін жып-жылтыр қара қайыс плащ пен сол тәріздес кәкірейген фуражка киген өкіметтер мен ауыл активтері арақ құюлы стакандарын қағыстырып алып, «Сталин жолдастың денсаулығы үшін!» деп көтеретін... Тіпті, көсем болмаса таң атып, күн шықпайтындай да көрінетін. Миллиондаған жауынгерлердің, оның ішінде менің әкем мен ағамның да қаза табар алдындағы соңғы сөздері «Отан үшін, Сталин үшін!» болған шығар... Енді сондай теңдессіз ұлы адам, Совет Одағын орасан зор жеңістерге жеткізген кемеңгер көсем – қанішер, тиран?.. Неге онда, егер ол сондай жауыз болса көзінің тірісінде оған «Мынауың дұрыс емес!» дегендей бірер сөз, тіпті, жарты сөз айтылмаған? Тым болмаса қарсылықты айтпағанның өзінде келіспеушілік емеуріні білдірілмеген? Ал енді мына жаңа көсем Хрущевтің өзі қайда болған? Менің көз алдыма аласа бойлы, тылтиған семіз, қасқабас, жалпақтау май мұрынның тап жанында бармақтай сүйелі бар ол елестей қалды. Қандай сүйкімсіз ұсқын!.. Келбетті Сталиннен кейін мынаның түр-тұлғасы маған бірден ұнамаған... Енді бірі көзге ыстық, бірі жексұрын екі бейнені алма-кезек елестете келе, есіме өзім Сталин томдарынан оқыған, оның партияның XVIII съезінде сөйлеген қысқа ғана сөзіндегі «Мені мына трибунаға Хрущев жолдас қоймастан зорлағандай алып шықты» дегені түсті... Оңбаған жағымпаз! Енді сонысын ұмытқан ба шынымен?!.. Әлде... әлде шынымен-ақ ауыр қылмыстар болды ма екен?.. Немесе Хрущев өз мәртебесін көтеру үшін Сталинді жер қылу керек деді ме екен қып-қызыл жаламен болса да?.. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген осындайдан ба?.. Әр-әр жері үзіп-жұлып оқылғанына қарамастан, қызыл брошюра менің санама ойлар таласын емес, қып-қызыл соғыс ала келді. Содан мәңгі мызғымайтындай көрінетін сенім тіректерінің кейбірі босаңсып, енді бірі, тіпті, ептеп күйрей бастағандай көрінді. Осындай күйде үчилищеге жетіп, директор кабинетінің табалдырығын басқа бір беймәлім дүниеден келгендей боп аттадым... Сабақ арасындағы үзілісте Сәлиманы жолықтырдым. Менің көңіл-күйімді ә, дегеннен байқаса керек: – Немене, Асанбай, өңің боп-боз ғой? – деді. Қос алақанымен екі бетімді жайлап сипады. – Аздап ауырып қалған сияқтымын... – Өкінішті... Әттеген-ай... Бүгін менің дос қызымның кеші болады: туған күні... және 8 март та жақын қалды ғой... Оған ескерттім: менімен бірге сен болады деп... Қалай, а? – Кешір, Сәлима... Менсіз баруыңа тура келеді. Ал мейрамда міндетті түрде бірге боламыз. – О, онда ертерек сауық... Расында да мен өзімді өте нашар сезініп тұрғам... Қазір де мына жазбаларды әрең жазып отырмын. Жүрегім қағып, басым сынып бара жатқандай... Сәлима досының сауық кешінде шығар қазір, ән айтып отыр ма екен? Даусы әдемі. Жақында жатақханада өзінің курстас қызының туған күнінде Бекен Жамақаевтың ғажайып толқынды әні – «Махаббат вальсін» керемет орындады. Училище сахнасында сол әнді алғаш айтқан, сонысын мақтап «Лениншіл жасқа» Шерхан Мұртазаев деген журналист мақала жазған, үшінші курстық Бекзада Оразбековадан еш кем соқпады. Қасында отырған мені де қосып алды. Дуэтіміз жақсы болды ғой деймін, бәрі қол соғып қолпаштады. Сәлима... қымбаттым... Қазір мені есіңе алып отырмысың? Әлде... Жоқ, басқаша болуы мүмкін емес! Сә...лимаш... 17 август 1956 жыл. – Сәлем, сенімді дос – күнделігім! Көп болды ғой екеуміз сырласпағалы. Сені өткен жолы үйге келгенімде қалдырыппын. Ұмытып кетіппін. Кешір... Міне, мен тағы өзіміздің қара шаңырақ – үйдемін. Ең жақсысы – анам сау-сәламат екен. Ал сиырға шөп, қыстық отын дайындаумен ертеңнен бастап айналысамын. Күндер-ай... Кейінгі кезде олар қалай тез өтті десеңші! Жазғы сессиядан соң училище басшылары студенттерге санаулы күн ғана демалыс берді де, бәрімізді қайта шақырып алып, Луговой ауданындағы екі тың совхозға жұмысқа жөнелтті де жіберді. Үйіліп-төгіліп келгенімізде мұнда бізді шаруашылықтардың бөлімшелеріне топ-топ етіп бөлді. Мен үшін үлкен қуаныштысы сол – біздің группа мен Сәлиманың курсы бірге, совхоздың ең шалғайдағы, Мойынқұмның тап жиегін ала орналасқан төртінші бөлімшесінде жұмыс істейтін болдық. Жұмыс болғанда, мұнда егін орағы, астық жинау, оны мемлекетке тапсыру, зябь жырту науқаны қат-қабат қызып жатыр екен. Бұрнағы 1954 жылдан бері Москвадан бастап, алыстағы ауылға дейінгі жұрттың аузында «Целина», біздіңше «Тың» деген жалғыз сөз, тіпті, ән де жиі айтылатын еді. Айтылатындайы да бар екен. Күйіп тұрған Күн астында ұшы-қиырына көз жетпейтін телегей теңіз, алтындай сап-сары толқыған егіс. Соның айдыны қазірде кейде дамылсыз ойнаған сағымға жұтылып, араласа жүріп сабан-топан мен тозаңды отау-отау ете қаптаған комбайн, соңдарына бұрқырата бозамық шаң ерте далалық жолмен, жолсызбен, аңызбен комбайндардан қораптарына құйып алған астықтарын қырманға, одан әрі Малдыбай стансасындағы қабылдау пунктіне жеткізбекке жүйткіген жүз шақты машина. Біздің ауылдағы егін орағы мынаның қасында ойыншық па дедім. Аса кең ауқымда көзге көрінбейтін бір алып таңдай кепкен тамызда айналаны дүрілдете дүбірге толтырып, «Еңбек» дейтін береке толы қазанды бұрқылдата күндіз-түні қайнатып жатқандай. Біз де осындай қызулы тірлікке кірдік те кеттік. Бастарында түйілген бұрымдарды шарт таңған косынка, үстерінде кофта, бриджілі қыздар жағы қырманда астық тазалауға міндеттелсе, үстерінде білегі түрілген клеткалы көйлек, кең балақ шалбар киген жігіттердің көбі астық тиеу, түсірумен айналыспақ. Кейбіреуіміз зябь жыртуға прицепщик, дұрысында, трактористің көмекшісі болдық. Мен шынжыр табанды, қуатты «ДТ-54» тракторын жүргізетін, Украинадан келген жұмсақ мінезді, басқа кейбір шатақ, боқтампаз трактористердей емес, дөрекілігі жоқ Виктор Насовецтің жәрдемшісі болдым. Бір қиындық – мазут жұққан киімімді ауыстыратындай басқасының жоқтығы... Жатын жайымыз – өзінше бір көшедей боп тігілген шатыр-палаткалар. Тамағы да жап-жақсы, түр-түрін береді. Және мұнда бір қызығы... еңбекақы төленеді екен!.. «Пионердегідей» емес. Бөлімше басқарушысы үнемі, тек иығында погоны жоқ демесең, күнқақты офицер формасын киіп жүретін орта жастардағы кісі – Кошевой әр бес күн сайын істеген жұмысымызға қарай ақша бере бастады. Маған айдаған жеріміздің көлемі көрсетіліп, жабылған наряд бойынша тракториске төленетін еңбекақының жетпіс проценті мөлшерінде белгіленген екен. Соның өзі әжептәуір. Сірә, автолавка келсе, киім алармын... Мұндағы қызық жалғыз болмай шықты. Тағы бір «қызық» - Совет Одағының шартарапынан келген, көбінің қолдары мен кеуделері татуировкаға толы, және оның кейбірінде Ленин мен Сталиннің бастары немесе жалаңаш әйел бейнеленген, әртүрлі жастардағы қилы кейіпті шоферлер мен трактористер кешке арақты жақсылап ішіп алған соң, ал кеп төбелес... Төбелесіп жүріп бірі-біріне айтатын былғаныш балағаттарын қағаз көтермейді... «Талайы түрмеден жақында шыққандар екен» дегенді құлағымыз шалған. Олар «қызықтарын» қанша қыздырса да, біз онша көңіл аудара қоймадық. Кеш сайын Кошевойдың төбесінде қызыл бояуы оңа бастаған жалау ілінген конторы алдындағы алаңға жиналып, Сағи мен Өлместің сүйемелдеуімен биге кірісеміз. Сәлима екеуміз жұп жазбаймыз. Биге мен шақырам немесе ол... Қуанышқа және... және тәтті үмітке толы күндер мен түндер өтіп жатты. ...Осынау берекелі, оянған өлкеде өтетін соңғы кеш те алыстау Алатаудан баяу ескен жайлы самалдың кеу-кеуімен келіп жетті. Ерекше кеш. Баршамыздың көңіл күйіміз көтеріңкі, бой сергек. Әсіресе, қыздар жағы жай күндері көзге түспейтін әсем көйлек-көншектерін киініп шыққандықтан ба, құлпырып кеткен. Көзді жайнаған алуан түрлі гүлдердей еріксіз тартады... Ән де көп шырқалды. Күндізгі асыр-тасыр, қым-қуыт қызу тірліктен соң салқын ауамен тыныстап жатқан апайтөс дала да демалысын қоя сала біздің әнге қосылып кеткендей. Билер де кейде салтанатпен қалқыса, кейде құйындап, от-жалындай шалқып, мың құбылды. Солардың бірінен соң Сәлимаға сыбырлай: – Бастау жаққа серуендеп қайтсақ қайтеді? – дедім. – Ә... ә... болар... болады ғой... Өзгелерден елеусіздеу бір ретте бөлініп шыққан соң қол ұстасып алып шатырлы қалашық шегіндегі Кошевой кеңсесінен алыстай бердік. Болар-болмас ағараңдай көрінетін жіңішке сүрлеу бастауға қарай бастап келеді. Қоңыр құлақтанған аласа құрақ пен қураңқыраған қурай аралас шөптер күндізгідей қуқыл емес, жасылданып кеткен тәрізденеді. Бір кішкене дөңеске көтеріле бергенімізде, шағын көл іспетті бастау айдыны алдымыздан жарқ ете қалды. Теп-тегіс, таза, жадағайлау ажырықты жағаға келіп тоқтадық. Толған айдың алтын сәулесі алтын жолақ болып айдынды қақ айырып тұр екен. – Сәлима, мына көпірді көріп тұрсың ба? – Иә, иә, көрдім... Алтын көпір!.. – Осы алтын көпірмен өтіп кетсек қайтеді? – Қайда? Қайда апарады ол? – Болашаққа. – Болашаққа...а. Қандай ол болашақ? – Ол сенің көзіңдей шұғылалы, мынау аспандай мөлдір!.. – Сен солай ойлайсың ба? – Ойлау ғана емес, сенемін!.. Сәлима қос қолымен мені мойнымнан құшақтады. – Қане бір жерге отырайықшы... Менің аяғым талып кетті... Осылай деген ол мойнымнан қолын алмаған күйі мені де төмен тарта көгалға отыра қалды. Қасына отыра сала оны аймалай сүйе бердім, сүйе бердім. Ол да маған күллі денесімен жабысып, бауырыма еніп кетті. Оттай ыстық, құдіретті сезім құйынында мынау көк те, жер де, көл де жайына қалып, шексіз ләззатты әлем, махаббат әлемі бой балқыта, жан мен тәнді жылымша тартып, ашылып бара жатты... – ... Асанбай, сен индиялық «Бродяга» фильмінен Ританың әнін білесің бе? – деді біраздан бері жүрелей отырған Сәлима әлі де тәтті бір хал тарқамай шалқамнан жатқан менің шашымды саусағымен салалай тарамдап. – Білетін сияқтымын... Оны неге сұрадың? – Сонда... Рита әндетеді ғой... «Алеет восток, а ты все далек» деп. – Десе несі бар? – Ал сен қара, таң ағарып келеді... Екеуміз де күліп жібердік. Тұрып, құшақтасқан күйде қозғалдық. Кенет шығыстан салқын самал есті де, еркелеп ойнағысы келгендей Сәлиманың кей жері шамалы қыртыстанған көгілдір көйлегінің етегін көтере беріп еді, ол менен ұялғандай ашылыңқырап қалған аппақ қос тізесін қос қолымен шап беріп ұстап тұрып қалды... – Асанбай, сен мені... сүйесің бе? – таңғы арайдан ба, әлде өзі солай реңк алды ма, Сәлима жүзі қызғылттанып көрінді. – Өмірден де артық!.. – Басқа... басқа кімді сүйесің? – Анамды, әрине. – Ал әкеңді ше? – Ол соғыста қаза тапқан. – Аға-інілерің мен әпке-қарындастарыңды ше? – Олар жоқ... Ағам да соғыстан оралмады. Басқа бауырларымның бәрі де жастай, тіпті, кішкентай күндерінде қайтыс болып кеткен. – Сонда... сонда сендер?.. – Иә, анамыз екеуміз ғана. – А...а... міне, қалай... Екеуміз де үнсіз қалып едік, тек сәлден соң Сәлима әлдене ойына түсіп кетті ме, жұлып алғандай: – Сендердің туыс па, әйтеуір, бір жақындарың бар көрінеді ғой... үлке-ен бастық! – деді. – Оны кім айтты? – Біздің қыздар. Сен жиі-жиі училищеге бір керемет шикарный машинамен келеді екенсің ғой. Бірде мен өзім де көрсем керек... Мен күлкіден жарылып кете жаздадым. – О-о, ол Кеңес қой, біздің көрші!.. Шофер, обкомның секретарін тасиды. Кейде кездесе қалсақ, әкеп тастайды... Сәлима, неліктен екенін қайдам, күлген жоқ, қайта аздап қобалжығандай. Мүмкін, шаршаған шығар ұйқысыз күн-түннен?.. Шатырларға жақындап та қалдық. Тып-тыныш. Бізден басқа жұрт әлі шырт ұйқыда болса керек. Амал не?.. Қия алмай айырылыстық... Кеше таңертеңмен үш жүк машинасының қорабына тола мініп, әндете Жамбылға аттандық. Кешінде вокзалда Сәлиманы шығарып салдым. – Қош, көріскенше, сүйіктім!.. – Қош, көріскенше, асылым, ардақтым!.. 2 сентябрь 1956 жыл. Педучилищедегі оқуымыздың соңғы курсы басталды. Басталғанда да... мен үшін дүние төңкеріліп кеткендей сұмдықпен басталды... Бұрнағы күні ауылдан келе салысыммен жатақханаға, Сәлимаға жөнелдім. – А...а, түсінем, түсінем ғашық жүрек лүпілін! – деп күліп қалды Арғынбай. – Менің жүрек күйімді достық жүрекпен түсінетініңе мың да бір рахмет! – дедім мен де қарыз боп қалмастан... Бөлме есігін Сәлиманың өзі ашты. Басқа ешкім жоқ екен. Чемодан, сөмкелерінің ашылмастан әлі кіреберісте тұрғанына қарағанда жаңа ғана келген сияқты. – Келуіңмен, жаным! – деп мені құстай ұшырып әкелген сағынышыммен құшақтап, құшып-сүйіп көрісуге ұмтыла беріп ем, ол қолын ғана селсоқ созды. Қабағы сырқат жандыкіндей тым салқын. – Саған... саған не болған, Сәлимаш? – деп сыбырлап сұрадым. - Бірдеңе болды ма? – Жоқ, ештеңе болған жоқ. – Онда түкті де түсінбедім!.. – Біз екеуміз басында-ақ бір-бірімізді түсінбеуіміз керек еді... – Бұл не сөз?.. Сен мені... тірідей өлтірейін дедің бе, Сәлима?! – Ал сен өлме! Неге өлесің?.. Орындыққа отыруыңа болады... – өзі кереуетке отырды. – Біз... біз солай шештік: айырылысу керек. – «Біз»... Кімдер ол? – Мен өзім... және ата-анам... Екеуміздің байланысымызды біржолата үзуді шештік. – Аһ, неге олай?!.. Неге өйту керек? – «Негесі» сол, солай болу керек. – Ау, Сәлимаш-ау, жаным-ау!.. Бұлай ету мүмкін бе?! Мен сені сүйем ғой! Сен де... – Мен де... ә-ә, сүйгенмін... – «Сүйгенмін»!?.. Бұл не, айтсаңшы, мазақ па, сүйіктіңді қалай сүймеуге болады?!.. – Мені бұлайша босқа қинамашы, Асанбай. Сен менің... ә-ә... сен намысшылсың ғой, менің алдымда да өзіңді-өзің төмендетпе, кемсітпе. Бұлай ету саған жараспайды. Оның сап-салқын мына сөзі менің мысымды басып, біржолата тоқтау салғандай. – Одан да, Асанбай, екеуміз жақсы достар боп қалайық, а?.. Арамызда болған нәрсе болды... Бәрі болды... Естен шығара алмайсың. – Егер бәрі жүректен жуылып, шайылып кетсе, ондай естің құны көк тиын!.. – осылай деп орнымнан ұшып тұрдым. – А... а... сен... сен ренжіме маған... Кешір мені... Кешір, Аса-ан... Оның бұл сөздерін есікті тарс жаба бере естігендей болдым. Түпсіз көк аспаннан түпсіз қара құрдым тұңғиық шыңырауға тоқтаусыз, қарманатын түк таппаған қос қолым ербеңдеген күйде құлдилап, жүрегім суылдап құлап бара жатқандаймын. Құлап барам, құлап барам... * * * Күнделіктегі жазулар осымен үзілді. Жазуы таусылғанмен, мына қалың дәптер жай ғана қағаз емес, жанды, жүрегі бүлк-бүлк соғып жатқандай боп көрініп кетті бір сәт... Орнына қоюға қолым барар емес... Ал оқу үстінде бүгінде алыстап қалған заманның, жарты ғасырдан астам бұрынғы уақыттың көріністерін қайтадан көзбен көріп, дауысын құлақпен естіп, ыстық демін бүкіл болмысыммен сезініп қана қоймай, және, ең бастысы, өз Асанбайымның жалынды да, күннің сәулесіндей таза жүрегінің әрбір соғысын өз жүрегімнен өткізгендей болдым... Асыл достың шыншыл сырын қаз-қалпында алып қалған, сақтап қалған бұл дәптер – шексіз қымбат жәдігер менің қолыма қалай түсіп еді? Соны айтайын. Педучилищені бітірген соң әрқайсымыз әр жаққа кеттік қой. Мен Алматыға, КазГУ-дың филфагына. Асанбай болса, ең шалғай Көктерек ауданына, өзі айтатындай, «Мойынқұм саваннасына» мұғалімдік қызметке аттанды. Бірақ ол онда көп жұмыс істей алмады. Анасы қайтыс болғаннан кейін әскер қатарына шақырып, Солтүстік флотқа жіберді. Содан кейін-ақ екі-үш рет хат алысылған соң байланысымыз үзіліп кеткен... Тек арада бес жыл өткенде барып, ойламаған жерден Шымкентте кездестік. Онда мен Қазақ радиосының сол облыстағы меншікті тілшісі болып істейтінмін. Бір жолы біздің коррпунктқа ұзын бойлы, кең иықты, флот старшинасының аксельбанты бар шымқай қара парадтық формасын киген сұлу жүзді теңізші келіп кірді. Асанбай! Қуанышымда шек болған жоқ. Бір-бірімізге сағынышымыздан сырт айтылатын әңгімеміз де телегей теңіз екен. Соның толқындары түске дейін басылған жоқ. – ...Мен атом сүңгуір кемесінде қызмет еттім ғой. Оңай болған жоқ, әрине. Әсіресе, оған дейін теңізді көрмеген мен секілді қыр балаларына. Әйтсе де үйренбейтін не бар, тәйірі!.. Қазақтық атымызға кір келтіргеміз жоқ. Төрт жыл ішінде ең қиын соққаны – Кариб кризисі кезі еді. Кубаға да жақын, ал Американың дәл өкпе тұсындағы теңіз түбінде совет-американ атом соғысы, тіпті, үшінші дүниежүзілік соғыс қашан басталып қалар екен деп күтумен тырп етпей жаттық қой. Ауаның аздығы өз алдына, бүкіл нерв жүйең шытынап шегіне жеткен, тіпті, ес ауысып кетердей сәттер аз болған жоқ... Әйтеуір, ақыры жаман болмады ғой... Хрущев пен Кеннеди әрең дегенде келісімге келіп, әлемдік сұмдық ысырылып, Куба да аман қалды емес пе. Соған әбден ризалығы шығар, Фидель Кастро Совет Одағында аттай отыз бес күн болған жоқ па?!. Сөйтіп, әй, әйтеуір адамзат бір қатерден аман қалды ғой, бауырым!.. Міне, енді демблге шыққандаймын, бірақ толық емес, – деп тәмамдады өз «баяндамасын» Асанбай. – «Толық емесі» қалай? – дедім біле түскім кеп. – Мұғалімдікті қайтадан қашан бастамақсың? – Анам жарықтық, өзің білесің, менің мұғалім болуымды армандаушы еді ғой. Сірә, ол арманы орындала қоймас-ау енді көпке дейін... Мені КГБ-ның арнаулы отрядының жоғары курстарына жазып қойды. Москва түбіндегі бір жерде төрт жылдай оқиды екенбіз. Одан соң не болады – білмеймін. Секрет... – Иә-ә, бұл қызық екен... Ал енді үйлену жағы қалай болмақ, мұны да арман қылушы еді ғой апамыз?.. – Буденновкадағы, екеуміз сыртынан әзілдеп, «тоғызыншы класс» дейтін Мәриям есіңде ме? – Әрине, есімде. Саған сәлемін де жеткізбедім бе талай! – Ендеше сол Мәриямға үйленетін болдым. Үйленгенде де т

Ұқсас жаңалықтар