Әріптесін абайсызда атып өлтірген жол сақшысының әрекетін не дейміз?
Елбасының өзі құқық қорғау органдарының басшыларымен өткізген кеңесте: «Полиция ел азаматтарына қызмет етіп, көмек көрсету үшін жұмысқа алынады. Меніңше, жас қызметкерлерді дұрыстап тұрып тәрбиелеу керек. Қазір жастар қалтасына «қызыл корочка» салып алып, тайраңдап жүреді. Оларға жалақыны кім төлеп отыр? Халық қой! Неге тиісті тәрбиелік жұмыстар жүргізілмейді? Неге ондай адамдарды көпшілік алдында жазаламайсыздар?! Олар халықтың құқықтарын қорғау үшін қызметке алынды. Полицияға 4 мың адам қосып бердік. Енді не жетіспейді?», – деп еді.
«Ақ жол» газеті де осы тақырыпты күні кеше ғана көтеріп («Жол сақшыларының жұмысы қорқыту ма?» 27 мамыр 2014 жыл), бірқатар мәселелерді оқырман назарына ұсынған болатын. Енді міне, мақаланың «ізі» суымай жатып елдің жағасын ұстатқан сұмдық оқиғаны естіп отырмыз. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, оқиға ішкі істер органдарының ғимаратында орын алған. Жұмысқа кірісер алдында табельді қару алған тәртіп сақшыларының бірі қасындағы жолдасын қорқытып, ойнамақ ниетпен оған қару кезенеді. Өкініштісі, тапаншаның оқшантайын алып тастағанымен, ішінде бір оқ қалып қойған болып шықты. Ауыр жарақат алған полиция қызметкерін жедел жәрдеммен бірден қалалық ауруханаға жеткізген. Алайда, 23 жастағы тәртіп сақшысы есін жинай алмаған күйі бір күннен кейін, емдеу мекемесінде жан тапсырған. Тараз қалалық №1 аурухананың бөлім меңгерушісі Бақытжан Досжановтың айтуынша, атылған оқтан мойын омыртқасы жарақаттанып, жұлыны үзіліп, миына қатты зақым келген. Осы оқиғаға қатысты, облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, олар ресми ақпарат беруден бас тартты. Осы мысалдан-ақ, облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы жұмысының ақсап жатқандығын байқауға болатын шығар.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді