«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елдің жағдайын жолынан білесің

Елдің  жағдайын  жолынан  білесің
ашық дереккөз
Елдің жағдайын жолынан білесің
Мемлекеттің дамуына «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасының ықпалы орасан зор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен қолға алынған бұл бағдарламада барлық саланың өркендеу жолдары тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Оның ішінде инфрақұрылымды дамыту жолдары да айқын айтылған. Шын мәнінде де жол экономиканың күретамыры екені әлімсақтан аян. Оны біз ежелгі Жібек жолы арқылы да жақсы білеміз. Ғасырлардың куәгеріне айналған Жібек жолы арқылы сауда-саттықтың қыза түскені мәлім. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген бүгінгі қоғамда қалыптасқан заманауи қағиданы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында атап өткені жадымызда жаңғырып тұр. «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі», – дейді Елбасы өз сөзінде. Расында, жол жарқын келешекке қол созған мемлекеттің айнасы іспеттес. Себебі, алысты жақындатып, тірлікті ширатып, уақытты үнемдеу үшін сапалы жол керек. Өткір де ұтқыр идеялар қамтылған, мемлекетті биік белестерге бастайтын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасында жарқын болашақтың кепіліне телінетін жол мәселесі шет қалмаған. Мәселен, 58-қадамда Жол-көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту жөніндегі бірыңғай оператор қалыптастыру үшін стратегиялық инвесторлар тарту жоспары көзделген. Бүгінде Шу ауданының көшелерін сапалы жолдармен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар үздіксіз атқарылып келеді. Көңіл көншітерлік нәтижелер де баршылық. Жалпы, аудан бойынша автомобиль жолдарының ұзындығы 751,8 шақырымды құрайды. Оның ішінде 118 шақырым – республикалық, 108 шақырым – облыстық, 147,8 шақырым – аудандық мәндегі жолдар. Сонымен қатар, ішкі көше жолдары 378 шақырымды құрайды. «Қазавтожол» АҚ Жамбыл облысы бойынша департаментінің бөлімшесі «ДЭУ-№37» мекемесі республикалық мәндегі автомобиль жолдарын күтіп-баптау жұмыстарына жауап береді. «Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша биыл облыстық бюджеттен 214340,0 мың теңге, аудандық бюджеттен 90563,5 теңге бөлінді. Қазіргі кезде Аспара ауылына кіреберіс 1,7 шақырым автомобиль жолына облыстық бюджеттен бөлінген 34267,2 мың теңге қаржыға «Ғимарат–М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орта жөндеу жүргізіп жатыр. Жоспар бойынша жұмыстың аяқталу мерзімі қыркүйек айына межеленіп отыр. Сонымен қатар, Абай, Балуан Шолақ, Көктөбе, Шоқпар, Көкқайнар ауылдарындағы жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп көзделуде. Шу қаласы мен аудан орталығы Төле би ауылында 121000,0 мың теңгеге 20 көшеге әртүрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары атқарылады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде ауылдық аймақтарға бөлінген қаражат есебінен елді мекендердегі 17 көше ретке келтіріледі деп жоспарлануда. Аталмыш жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде атқарылуы маңызды. Сондықтан, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан жұмыстар жіті назарға алынып, қадағалануда. Жалпы, әр деңгейдегі жолдарды жөндеу кезек күттірмейтін мәселе екені ақиқат. Сол үшін де қазынадан бөлінген қаражаттарды тиімді пайдаланып, мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыстарды сапалы әрі уақтылы жүргізіп отыруға үлкен мән беріледі. Жол дамудың, өркендеудің, өрлеудің алғышарты екенін әрқашан қаперден шығармайтын боламыз.

Зият Тұрсынұлы, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар