Үздіктер МАРАПАТТАЛДЫ

Үздіктер  МАРАПАТТАЛДЫ
ашық дереккөз
Үздіктер МАРАПАТТАЛДЫ
Көлік қызметкерлері күніне орай теміржолшылар «Түрксіб» кешенінің аллеясында ақшаңқан киіз үйлер тігіп, мерекелік шара ұйымдастырылды. Сала қызметкерлерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков құттықтады. – Баршаңызды Көлік қызметкерлері күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иесі. Сондықтан, көлік саласы аса ауқымды қаражат пен еңбекті қажет етеді. «ҚТЖ» ЖТ» АҚ филиалы – Жүк тасымалдау Жамбыл бөлімшесінің қызмет көрсету телімі 1224 шақырымды құрайды. Ал Жамбыл бөлімшесі биылғы кәсіби мерекені де үлкен жетістіктермен атап өтуде. Бүгінде бөлімшеде 12 мыңнан астам азамат еңбек етеді, – деген Бекболат Серікбекұлы Жамбыл бөлімшесі жедел басқару бөлімінің пойыз диспетчері Ербол Кирбаевқа, Тараз локомотив жөндеу депосының жылжымалы құрам слесарі Александр Бояринге, Жамбыл локомотив пайдалану депосының тепловоз машинисі Сергей Алябьевке, Жамбыл магистральды желі бөлімшесі ағымдық қаржыландыру бөлімінің басшысы Ғалия Бекбауоваға Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ, төл мереке қарсаңында адал еңбегі, темір жол саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Шу стансасының пойыз құрастырушысы Тоғызбай Тоқтаболатов, Шу сигнал беру және байланыс дистансасының аға электромеханигі Әскербек Әбішев және Жамбыл локомотив пайдалану депосының электровоз машинисі Шанжархан Байғазиев «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие болды. Ал Жамбыл локомотив пайдалану депосының электровоз машинисі Якув Ахметов, Жамбыл вагон пайдалану депосының вагон қараушысы Сәрсенбек Бейсембаев, Жамбыл электрмен жабдықтау дистансасының бас инженері Ералы Төлегенов «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Мерекелік шарада Шу байланыс және сигнал беру дистансасының ардагері Қартайған Аязбаев «Еңбек ардагері» атанды. Шара соңында кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Перспективті маман» байқауына қатысқан жеңімпаздар марапатталды.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар