Зілтеміршілерімізге жүлде бұйырмай тұр

Зілтеміршілерімізге  жүлде бұйырмай тұр
ашық дереккөз
Зілтеміршілерімізге жүлде бұйырмай тұр
Олимпиада ойындарында қазақ елі ауыр атлеттеріне үлкен үмітпен қарайтыны белгілі. Талай әлемдік додалар мен Олимпиада ойындарында жүлденің алдын бермей жүрген зілтеміршілерімізге әзірге жүлде бұйырмай тұр. Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан алғаш болып 48 келіде өнер көрсеткен зілтемірші Маргарита Елисеева ел үмітін ақтай алмады. Ол қос жаттығудың қорытындысы бойынша 187 келі зілтемірді көтеріп, бесінші орынға табан тіреді. Жұлқа көтеру бойынша Маргарита 80 келілік зілтемірді еңсерді. Алайда, кейін 84 келіге тапсырыс беріп, ол салмақты ырқына көндіре алмады. Маргарита жұлқа көтеру сайысын тек тоғызыншы болып түйіндеді. Ал серпе көтеруде жерлесіміз 107 келілік зілтемірді бойынан асырды. Бірақ, қос жаттығудың қорытындысы бойынша бесінші орыннан жоғары көтерілмеді. Бұл салмақта таиландтық Сопита Танасан қос сайыс бойынша 200 келі зілтемірді бағындырып, Рио Олимпиадасының чемпионы атанды. Күміс жүлде индонезиялық Сри Вахьюни Агустианиге (192 келі), қола жүлде жапониялық Хироки Миякаға бұйырды. Сонымен қатар, 56 келіде сынға түскен Арли Чонтей де жүлдеге ілікпеді. Ол төртінші орынға табан тіреді. Олимпиада ойындары барысында сынға түскен жүзу спортының шебері Дмитрий Баландин алғашқы Олимпиадасында әзірге жүлде алған жоқ. Ол енді брасс әдісі бойынша топқа түседі. Сонымен қатар, Рио Олимпиадасында пневматикалық қарудан оқ ату бойынша Владимир Исаченко мен Рашид Юнусметов сынға түсіп, жарыстың финалына шыға алмады. 60 келі салмақта өнер көрсететін боксшы Берік Әбдірахманов алғашқы жекпе-жегінде АҚШ-тың былғары қолғап шеберіне есе жіберді. Ендігі үміт қалған боксшыларымыз, жеңіл атлеттеріміз, дзюдошыларымыз бен ауыр атлеттерімізде. Олардың нәтижесі туралы газетіміздің келесі санында хабарлаймыз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар