Рио-2016: Олимпиаданың үшінші күні Қазақстан қоржыны тағы бір медальмен толықты

Рио-2016: Олимпиаданың үшінші күні Қазақстан қоржыны тағы бір медальмен толықты
ашық дереккөз
Рио-2016: Олимпиаданың үшінші күні Қазақстан қоржыны тағы бір медальмен толықты
Қазақстан қоржыны Олимпиаданың үшінші күні тағы бір медальмен толықты. Бұл туралы Риода жүрген ҚазАқпарат тілшісі бүгінгі күнге жасаған шолуында мәлім етті. Бүгін қазақстандықтар дзюдо, академиялық ескек есу, садақ ату, есу слаломы, бокс, ауыр атлетика сияқты спорт түрлерінен ел намысын қорғап, жарыс жолына шықты. Мұның ішінде бір қатары іріктеу сындары болса, ауыр атлетикадан Рио олимпиадасының медалі сарапқа салынды. Нәтижесінде, 62 келіге дейін салмақта өнер көрсеткен ауыр атлетіміз Фархад Харки Қазақстан қоржынына екінші қола медаль сыйлады. Бұл Рио олимпиадасындағы үшінші медаліміз. Еске сала кетейік, жарыстың алғашқы күні дзюдошыларымыздан ерлер арасында Елдос Сметов күміс жүлде жеңіп алса, әйелдер арасындағы тағы бір балуанымыз Галбадрах Отгонцэцег қола медаль жеңіп алған болатын. Енді бүгінгі өзге спорт түрлеріне тоқталып өтсек. Бүгін қазақ спортшыларынан алғашқылардың бірі болып, дзюдо күресінен ерлер арасында 73 келідегі Дидар Хамза жарыс жолына шықты. Ол алғашқы белдесуінде гамбиялық Фабер Нжьені айқын басымдықпен ұтқанымен, екінші айналымда әзербайжандық Рустам Фазаилоглы Оруджиевке жол берді. Естеріңізде болса, Дидар Хамза Рио олимпиадасының жолдамасына жарыс басталардан бір апта бұрын ғана қол жеткізген болатын. Ал садақ атудан ел намысын қорғаған Сұлтан Дүзелбаев қытайлық Сюесонга Гуды 6:4 есебімен жеңіп, бәсекенің 1/16 финалына шыққан болатын. Өкінішке қарай, екінші сайыста италиялық Мауро Несполиден ұтылып, 1/8 финалға өте алмай қалды. Одан кейін академиялық ескек есуден ерлер арасындағы жекелей сайыста қазақстандық спортшы Владислав Яковлевтің жолына үмітпен қарадық. Бұл спортшымызда финалдан тыс қалды. Ал спорттың осы түрінен сынға түскен аруымыз Светлана Германович та жақсы көрсеткішке қол жеткізе алмай, ширек финалға жетпей сүрінді. Есу слаломы бойынша сынға түскен Екатерина Смирнова іріктеу кезеңінен өткенімен, одан кейін байдаркада жекелей есуде жарыс жолынан шығып қалды. Ал бүгінгі күннің басты жарыстарының бірі бокс болғаны анық. Онда бір емес, үш бірдей боксшымыз бірінен кейін бірі шаршы алаңға көтерілді. Алдымен 49 келідегі Біржан Жақыпов шығып, алғашқы кездесуін намибиялық Маттиас Хамуньелаға қарсы өткізіп, ширек финалға жолдама алды. 75 келі салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы да өз қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ол бірінші жекпе-жегінде ұлыбританиялық Энтони Фаулермен жұдырықтасты. Ал 91 келідегі үшінші боксшымыз Василий Левит қытайлық қарсыласын оңдырмай сабады. Қытайлық қарсыласы Юй Фэнкайды техникалық нокаутпен екінші раундта жарыс жолынан тайдырды. Сонымен, бүгін қазақстандықтар бір қола медаль жеңіп алғанымен, жалпы есеп қорытындысында әзірге 1 күміс, 2 қола медальмен 25-орында тұр.  

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Ұқсас жаңалықтар