Тапсырыс берушілер «Пиконы» таңдайды
Құрылысты жаңа технологиямен жүргізу, оған заманауи үлгідегі материалдарды қолдану – үлкен үнем мен тиімділікке қол жеткізетіні белгілі. Мұны мердігер компания – Тараздағы «Пико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұзақ уақыттан бері іс жүзінде дәлелдеп келеді. Серіктестікте білікті мамандар шоғырланған. Сексен адам жұмыс істейді, 10 бірлік техникасы бар. Кәсіпорын мамандары жоба жасауға белсене қатысады. Қажетті құрылыс материалдарының денін, оның ішінде инновациялық өнім – жылы блокты және бөлмелердің арасын бөлетін шағын қабырғаларды өздері шығарады. Нысандар металл каркастармен салынады. Мұндай үйлер 9 балл жер сілкінісіне төтеп береді. Сыртқы қабырғаларға жылы блоктар қаланады. Мұның өзі кірпіш және басқа да материалдармен салынатын үйлерге қарағанда жұмсалатын шығынды 15 пайызға дейін азайтады. Ғимараттың іргетасынан бастап, барлық жұмысын өздері атқарады. Инженерлік коммуникациялық жүйені жүргізуге қосалқы мердігерлерді қатыстырмайды. Бір қолдан шыққан ғимарат сапалы әрі сәнді болады.
Серіктестіктің жылына миллиард теңгенің құрылыс-құрастыру жұмысын атқара алатын әлеуеті бар. Әлеуметтік нысандарды салатын олар жылына 5,5 мың шаршы метр тұрғын үйлерді іске қосуда. Мемлекеттік «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында бірнеше тұрғын үйді пайдалануға берген. Олар соққан үйлер сәулеті және сәнімен ерекшеленеді. Элиталы екі бөлмелі пәтердің көлемі – 78, үш бөлмелі – 115 және төрт бөлмелі пәтерлер 140 шаршы метрді құрайды. Олар үйдің ауласын көріктендіріп, көгеріштендіріп, автотұрақ салып, бейнебақылау қондырғысына дейін орнатады. Сондықтан да, тапсырыс берушілердің дені «Пиконы» таңдайды. Үстіміздегі жылы кәсіпорын Тараз қаласында 25 пәтерлік элиталы тұрғын үйдің және Байзақ батыр көшесінде үлкен сауда орталығының құрылысын жүргізуде. Тұрғын үй қазан айында, сауда орталығы жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі. Серіктестікке келесі жылы екі 50 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге тапсырыс түскен. Қазір олардың жобалары жасалуда. Қаржы мәселесі оң шешілсе, алғашқы ғимараттың құрылысы күзде қолға алынады.
– Элиталы пәтерлерді бірден сатып алуға көп адамның қалтасы көтермейді. Сондықтан да, оларға жеңілдіктер де қарастырылған. Пәтер алуға тілек білдірушілер әуелі тұрғын үй құрылыс кооперативіне мүше болып, тапсырыс берген пәтерінің 30 пайыз қаржысын төлейді. Онда қоныстанғаннан кейін қалған ақшаны 18 ай мерзімде бөліп төлейтін болады. Бұл екі жаққа да тиімді, – дейді «Пико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Анатолий Тимофеевич Пак.
Әлемдік қаржы дағдарысы бұл кәсіпорынды да айналып өтпеген. Бұрынғы жылдарға қарағанда тапсырыс біршама азайған. Соған қарамастан, бірде-бір жұмыс орны қысқартылмаған. Анатолий Тимофеевич биыл жыл аяғына дейін 500 миллион теңгенің құрылыс-құрастыру жұмысын атқарамыз деп нық сеніммен айтып отыр.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді