Жаңа оқу маусымына дайындық қалай?

Жаңа оқу маусымына дайындық қалай?
ашық дереккөз
Жаңа оқу маусымына дайындық қалай?
Жаңа оқу жылына бір айдан аз ғана уақыт қалды. Өңірдегі білім нысандары оған дайын ба? Ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды ма? Күрделі жөндеуге бөлінген қаржы тиімді игерілді ме? Осыны білу үшін «Нұр Отан» партиясы облыстық және Тараз қалалық филиалдары партиялық бақылау комиссияларының мүшелері Тараз қаласындағы білім нысандарына рейд өткізді. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауды, құрылыстың сапасын қадағалауды мақсат еткен партияның облыстық, Тараз қалалық филиалдары партиялық бақылау комиссиясының мүшелері және құрамында облыстың құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, қалалық білім бөлімінің өкілдері бір топ Тараз қаласындағы бірқатар білім нысандарының ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, атқарылған жұмыстарды саралады. Тараз қаласы әкімдігінің білім бөліміне қарасты 106 мекеменің 58-і – мектеп, бірі – кешкі мектеп, 43-і – балабақша. Сонымен қатар, 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығы мен 3 қосымша білім беру ұйымы бар. 2016-2017 оқу жылында 1 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл – «Кірпіш зауыты» алқабындағы 300 орындық орта мектеп. – Бұл көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе болатын. Енді, міне, жаңа мектеп бой көтерді. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Осы 1 қыркүйек – Білім күнінде пайдалануға беріледі. Ол – «Құмшағал» шағын ауданындағы №19 негізгі мектептің ғимараты. Бұл жерде 600 оқушы білім алатын болады. Қазіргі уақытта жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – дейді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Уалихан Байдуанов. Тараз қаласында 8 білім мекемесін күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 1 миллиард 223 миллион теңге қаражат бөлінген екен. Соның бірі – Ы.Сүлейменов атындағы №37 мектеп. Комиссия мүшелері осындай құрылыс жұмыстарымен танысты. Белгілі болғаны – 1 қыркүйекке дейін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмайды екен. Ғимарат қазан айына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Оған дейін оқушылар жақын маңдағы №26 мектепте уақытша оқи тұратын көрінеді. 480 балаға арналған мектептің жөндеу жұмыстарына республикалық бюджет есебінен 131 миллион 479 мың теңге бөлініпті. – №37 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын 23 маусымда бастадық. Қазір құрылыс басында 52 жұмысшы бар. «Арманұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты сапалы істеуге мән береді. Терезелердің барлығы пластикке ауыстырылды. Жаңа шатыр жабылды. Жалпы, жұмыс көлемінің 80 пайызын орындадық, – дейді құрылыс басшысы Әлібек Орынбаев. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім нысандарында құрылыс жұмыстары аяқталмауына байланысты №7 және №24 гимназияның, №32, 37, 56 орта мектептің оқушылары да уақытша басқа мектептерде оқытылады екен. Мектептердің жаңа оқу жылына дайын болмауы – тендердің кеш өткізілуіне байланысты көрінеді. Қазір осы мәселеге байланысты ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Рейд барысында жұмысшы тобының мүшелері құрылысы жүріп жатқан №7, 21 балабақшалар және №24, 37, 32 мектептердегі құрылыс жұмыстарымен де танысты. Аталған мекемелердің ешқайсысы жаңа оқу маусымына дайын емес. Бәрінің айтатын уәждері – тендердің кеш өткізілуі.

SAM_7810Наурызбек САРША,  «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар