«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Болат жолдың тарланы

Болат жолдың тарланы
ашық дереккөз
Болат жолдың тарланы
Көлік қызметкерлері күні қарсаңында Құрметті теміржолшы, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «Қазақстан темір жолы» Жүк тасымалы» АҚ филиалы – ЖТ Жамбыл бөлімшесінің Шу торабы бойынша ардагерлер алқасының төрағасы, Шу ауданының Құрметті азаматы, теміржолшы Тұрсынбай Нұрғалиұлы Халықпен жүздесудің сәті түсті. Өзінің саналы ғұмырын болат жолға арнаған еңбек ардагері 48 жыл темір жолда үздіксіз еңбек етті. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында вагон депосын басқарған Тұрсынбай Нұрғалиұлы кейінгі жылдары «Теміржолсу-Шу» ЖШС-ында 27 жыл басшылық қызметте болды. Бір айта кетерлігі, сонау Кеңес үкіметі тұсында теміржолшыларға «Құрметті теміржолшы» атағы оңайлықпен берілмейтін-ді. Онда да бұл атаққа ол кезде қозғалыс қауіпсіздігін еңсеруде апаттың алдын алғандар, болмаса салада үздіксіз ұзақ жыл еңбек еткен майталман мамандар ғана лайықты болып табылатын. Ал өзіне қандай қатал талап қойса, қарамағындағылардың да сондай биік үдеден шығуын талап ете білген ардагер теміржолшы Тұрсынбай Нұрғалиұлы «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін 2003 жылы кеудесіне тақты. Бұл болат жолда ширек ғасырға жуық еңбек еткен Тұрсекеңнің адал еңбегіне берілген баға болатын. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында еліміздің даму жолы даңғылға айналды. Әсіресе, Қазақстанның темір жол саласындағы өрлеу бағыты тіпті қарқынды. Астанада өзіміздің тепловоздар мен электровоздар құрастырыла бастады. Жолаушылар тасымалымен айналысып отырған «Тұлпар Тальго» вагоны да өзімізде құрастырылады. Таяу күндері бұл вагондар қайта жаңғыртылып шығарылмақ. Шу стансасы тоғыз жолдың торабына орналасқан. Алматы, Бішкек, Ташкент, Батыс пен Шығысқа, Оңтүстік пен Солтүстікке ағылып жатқан пойыздар Шу арқылы өтеді. Өткен жылы мың шақырым қашықтықта жатқан «Бейнеу–Жезқазған», «Арқалық-Шұбаркөл» жаңа темір жол тармақтары іске қосылып, оның игілігін ел көруде, – дейді Құрметті теміржолшы. – Болат жолда талай жылдар бойы тынымсыз еңбек еткен жандардың бірі – облыс әкімі Кәрім Көкрекбаев. Кәрім Нәсбекұлы елімізде темір жолдың даму кезеңінде көп тер төкті. Ол темір жолдың барлық сатысынан өтті. Талай асуларды бағындырды. Бүгінгі күні де аймақ басшысы бұл сала қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарын назардан тыс қалдырған емес. Ол Шу өңіріндегі темір жолдың өркендеуіне зор қолдау көрсетіп отыр. Шу темір жол торабына су жүйесінің жүргізілуіне, жолдардың жөнделуіне ықпал етті. Шу ауданының бүгінгі әкімі Рүстем Рысбайұлының да темір жол саласының мамандарына үлкен сенім артуы сала қызметкерлерін қанағаттандыруда, – дейді Тұрсынбай Нұрғалиұлы. Әңгіме арасында Құрметті теміржолшы қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш ардақтысы Тұрар Рысқұловтың Түрксіб темір жолы құрылысын жүргізудегі еңбегін аса бір құрметпен еске алды. Тарихқа алтын әріптермен жазылған ол құрылыстың ел экономикасын арттыруға, шулық теміржолшылардың әлеуетін үстемелеуге негіз болғаны анық. Тұрсынбай Нұрғалиұлы Т.Рысқұловтың 1930 жылдары ағылшындар ұсынған «Меркі–Бішкек–Алматы» темір жол торабын салу жөніндегі ұсыныстарын қолдап, Мәскеуге дейін шығып, батыл қадамдар жасағанын ерлікке балайды. Сонымен қатар, Шу және Шоқпар жеріне темір жол тораптарын тартуға ұсыныс жасау, көзсіз ерлік жасаумен пара-пар емес пе? Өйткені, ол заманда бүгінгідей техника жоқ, барлығы қол күшімен атқарылатын. Ал темір жол құрылысын жүргізу деген сол шақта қиынның қиыны болатын. – Шу вокзалында қарама-қарсы бағыттарда жүк және жолаушылар пойыздары ерсілі-қарсылы заулайды. Тәулік бойы мұнда тынымсыз қозғалыс. Бұл көбіне қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жас балаларға қауіп тудыруы мүмкін. Мен облыстық мәслихаттың депутаты ретінде осы мәселені көтеріп келемін. Яғни, тұрғындарға қауіпсіз болу үшін вокзалда жерасты жолдарын немесе жоғарыдан көпір салу керек. Бұл мақсаттағы ойларымды жүзеге асыру үшін жобаларым да дайын, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Тұрсынбай Халық.

Ерман Әбдиев, журналист.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар