Жаңа технология жемісі

Жаңа технология жемісі
ашық дереккөз
Жаңа технология жемісі
Темір жол қызметінің жолаушыларды жеткізуден өзге атқаратын үлкен жұмысы – жүк тасымалдау. Сауда-саттық пен тауар айналымының, шикізат пен кен тасымалдауда темір жолдың алар орны ерекше. Жыл өткен сайын жүк тасымалдау көрсеткіші де артып келеді. Мысалы, Жамбыл бөлімшесінде жүк айналымы осы жылдың алты айлық қорытындысы бойынша жоспар 3,2 пайызға немесе 307,876 миллион тонна километрге артығымен орындалған. Жүк тиеу көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,1 пайызға артты. Ал тиелген жүктің 28,9 пайызын химиялық тыңайтқыш құрап, мұнай, цемент, өндірістік шикізат, қант және тағы басқа маңызды жүктерді тиеу көлемі артығымен орындалды. Ал жүк вагонының өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға өскен. Жол бөлімшесінде осы жылдың бірінші жарты жылдығында 1679 ауыр салмақты пойыз жөнелтіліп, онда жоспардан тыс 870,032 мың тонна жүк тасымалданды. Айналымның есебінен еңбек өнімділігі де артып отыр. Көрсеткіштердің артығымен орындалуы кестенің толыққанды орындалуына және рейстік пойыздар кестесінің жергілікті жүктің уақтылы таратылуы мен тапсырылуына, «Мойынты – Шу» телімі бойынша ауыр салмақты пойыздар өткізу үшін KZ8A сериялы локомотивтердің пайдаланылуына, ауыр типті машиналарды пайдалануға, қызметкерлерді оқыту әдістемесінің жақсаруы мен мамандардың біліктілік деңгейінің артуына байланысты болып отыр. Жол бойындағы қауіпсіздік – жүк тасымалы саласында маңызды мәселе. Жыл басынан бергі алты айда жол бөлімшесі бойынша қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8 оқиғаға немесе 40 пайызға азайған. Жұмыстағы ақау санын төмендетуге қозғалыс қауіпсіздігі саласында іс-шаралардың тиімділігін арттыру және объективті баға беру, жол берілген қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуын жою бойынша тиісті жұмыс жоспарының сапалы орындалуы және олардың пайда болу себептерін анықтау, қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз орындау есебінен қол жеткізіліп отыр. Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында қызметкерлердің біліктілігін арттыру мен тәжірибелік сабақтар ұйымдастыру жолға қойылған. Сонымен қатар, жүк пойызына малдың темір жол бойына шығып кетуі көп кедергі келтіруде. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін темір жол стансалары маңында тұратын тұрғындармен 93 кездесу өткізілді, жол полиция бөлімшесі, әскериленген темір жол күзеті қызметкерлерімен 112 рет станса жолдарына рейдтік тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде, 47 тәртіп бұзу оқиғасы анықталып, оның ішінде 39 азаматқа жауапкершілігі туралы ескерту берілсе, сегізіне 47000 теңге айыппұл салынды. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында темір жол аумағында жүрудің қауіпті екенін ескертетін 11 белгі қойылып, 23 белгі қайта жаңартылды. Жамбыл магистральды желі бөлімшесі жолды жақсарту мақсатында да біршама жұмыстар атқаруда. Мысалы, «СДМ-80» машинасын пайдалана отырып 4,756 шақырым жолға күшейтілген орташа жол жөндеу жұмысы жүргізілді. Шаруашылық әдіспен 5,3 шақырым рельс және 5 ескі бұрмалы бағыттама жиынтығы ауыстырылды. Жолды күтіп ұстау үшін 1 және 2 типті 6960 дана жаңа ағаш шпал төселді. Шаруашылық әдіспен 40,3 шақырым мал қоршауы тұрғызылды. Пойыздар қозғалысының жылдамдығын арттыру жолды жөндеуде сапалы жаңа тәсілді қолдануды талап етеді. Бұл бірінші кезекте жаңа, жоғары технологиялық өнімдерді пайдалануды қажет етеді. Бұл мақсатта да бөлімше бірқатар жұмыстар атқаруда. Осы жылдың алты айлық жұмысын қорытындылай келе, Жамбыл жол бөлімшесі бұдан әрі де пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жұмыс технологиясын жақсартуға және пайдалану көрсеткіштерінің орындалуына бағытталған мақсатты шараларды жүргізе береді.

Берік Ақшалов, «Қазақстан темір жолы» Жүк тасымалы» АҚ филиалы – Жүк тасымалы Жамбыл бөлімшесінің директоры.

Ұқсас жаңалықтар