«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әуе мен жердегі ғаламат шоу

Әуе мен жердегі ғаламат шоу
ашық дереккөз
Әуе мен жердегі ғаламат шоу
IMG_06++70AZA_83++30001_133++7«Отар» полигонында Армия халықаралық ойындары өтуде 40-Отар әскери базасының оқу-жаттығу полигонында Армия халықаралық ойындары салтанатты түрде ашылды. Қазақстан өз жерінде мұндай шараны алғаш рет өткізуде. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі оркестрінің салтанатты маршымен «АрМИ-2016» додасының туы көтерілді. Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов жарыстың ресми басталуының шымылдығын түрді. Салтанатты шараға Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу қатысты. – Біз Армия ойындарының өткізілу ауқымын кеңейткен алғашқы ел болғанымызға қуаныштымыз. Сайыста әр ел өз армиясы артиллериясының үздік өкілдері мен мергендік оқ ату шеберлерінің баға жетпес тәжірибелерімен бөлісіп, иық тіресе додаға түсіп, достық қарым-қатынастарын нығайтып, сондай-ақ әскери ынтымақтастықты дамыту жөніндегі әрі қарайғы жоспарын белгілейтіндеріне кәміл сенімдімін. Сіздерге адал және ымырасыз күрес, дәйекті төрешілік, жақсылық және бейбітшілік тілеймін! – деді Иманғали Тасмағанбетов. Ойынның ашылу бағдарламасы театрландырылған қойылыммен өзгешеленгенін атап өту керек. Би ұжымдары, актерлер, акробаттар, «Номад» каскадерлік тобы мен таулы-егер полкі әскери қызметшілері мен «Хассак» этнофольклорлық тобы сахналаған қойылым жас садақшы бейнесінде қазақтың жауынгерлік рухының, ұрыстағы мергендік өнерінің пайда болу тарихы мен мән-мағынасы туралы сыр шертті. Концерттік бағдарламаға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің үрмелі аспаптар оркестрі, «Азия» тобы, қазақ эстрадасының жұлдызы Роза Рымбаева қатысты. Ашылу рәсіміндегі ғаламат салтанат қазақстандық ұшқыштар мен десантшылардың әуедегі шоуымен жалғасын тапты. Салтанатты тамашалаушы меймандар мен сайыстың шетелдік қатысушыларын ұшқыштар подполковник Владимир Ткач пен Теміртас Ыбыраевтың «Су-30» ұшағын меңгерудегі шеберлігі тәнті етпей қоймады. Олар көк аспанда көз ілеспен жылдамдықпен жоғары пилотаж үлгілерін көрсетті. Үш «Су-27» мен бір «Су-30» жойғыш ұшағы құрамында «Жетісу» пилотаждық тобы да ұшу шеберлігімен таңғалдырды. «Жетісу» тікұшақтары «Бәйтерек» бірегей тарқатуды орындап, аспанда отшашу берді. Салтанатты шарада шетелдік қонақтар мен қатысушылар полигон аумағына қоныс тепкен этноауылды аралап, Ұлы Дала елінің дәстүрлі тұрмысы, қолданбалы өнерін тамашалауға және ұлттық дәмнен ауыз тиюге мүмкіндік алды. «Отар» полигонында тамыздың 2-сі мен 9-ы аралығында халықаралық «АрМИ-2016» әскери ойындары шеңберінде «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Мерген шебі» ірі сайыстары өтетіні мәлім. Жарысқа қатысу үшін Қазақстанға 12 елден командалар келді. «Мерген шебі» байқауында Қазақстан, Венесуэла, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Зимбабве, Үндістан, Иран, Моңғолия, Грекия, Армения әскери қызметшілерінің мергендік шеберліктері сыналады. Ал үздіктер артиллерияшылар атағы үшін Қазақстан, Венесуэла, Қырғызстан, Қытай және Ресейдің өкілдері бәсекеге түседі. Жалпы алғанда, екі байқауға 278 адам қатысады. Олардың 32-сі – қазақстандық әскери қызметшілер. Армия халықаралық ойындары ресми түрде ашылысымен «Артиллериялық оқ ату шеберлерінің» «Жеке жарыс» байқауының бірінші кезеңі басталды. Қатысушы командалар «МТ-ЛБ» броньды транспортерлері мен 120 миллиметрлік «2Б11» минометтерімен сынға түсуде. Бес елдің әскери командалары қатысқан байрақты бәсекеде қазақстандық команда нық қадаммен алғашқы есептоптың бірінші тартысының көшбасшысы атанды. Олар 1800 метрлік қашықтықтағы нысананы минометпен атқылауды 17 минут 45 секундта орындап, үздік көрсеткішке қол жеткізді. Біздің минаатқыш есептобы командирі сержант Ғани Дәулетовтің басшылық етуімен байқауды бірінші болып бастаған болатын. Қатысушылар «Ирелең» және «Минажарылғыш қоршаудағы сорап өткелі» кедергілерін жылдам еңсерді. Төрешілер механик-жүргізушілердің дайындығын, олардың қозғалыста маневрлерді жасау шеберлігін тексерді. Кедергіні бұзып өту кезінде әрбір жапырылған шектегіш үшін қатысушыларға айып уақытының 10 секунды қосылып отырғанын айта кету керек. Одан кейін командалар «РПГ-7В» және «АК74»-тен оқ ату, есептоптардың командирлері көтерілетін нысана бойынша ПКТ оқшашарынан атыс тапсырмаларын орындады. Межеге дейінгі қашықтық 300-400 метрді, оқ-дәрілер саны шағылдырғыш оқтары бар 12 патронды құрады. Дөп тигізілмеген нысанаға 300 метрлік бір айып шеңбері белгіленді. Бірінші тартыста командалар екі есептопқа бөлінген болатын. Алғашқы күннің қорытындысында біздің артиллеристер көш бастаса, ресейліктер екінші, Қытай үшінші орынды иеленді, Қырғыз командасы төртінші орынға тұрақтады. Венесуэла командасы бестікті түйіндеді. Байқау төрешілері бұл әзірге бастапқы нәтижелер екенін айтады. Байқаудың бірінші кезеңінің қайталанбалы сайысы ертең жалғасады. Жалпы, байқау төрт кезеңнен: жеке жарыс, түнгі спринт және екі эстафетадан тұрады. Финалға төрт команда шығып, олардың үздіктері төрт кезеңнің қорытындысы бойынша анықталмақ. Бұл шара халықаралық ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасудың, бейбітшілік пен ниеттестік кепілінің жаңа символына айналуда. Биыл екінші мәрте өткізіліп отырғанына қарамастан, байқаудың тың сапалық және сандық деңгейге көтерілгені байқалады. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, биылғы халықаралық армия ойындары 3000-нан аса әскери қызметшінің, 20 мемлекеттен, яки Азия, Еуропа, Африка мен Латын Америкасының 120-ға жуық армия командаларының басын біріктірген. Далалық, әуе және теңіз машығы бойынша 23 байқау бір уақытта Ресей мен Қазақстанның 20 әскери полигонында, Балтық, Қара теңіз және Каспий теңіздерінің су айдындарында өтуде. Келесі жылы әскери ойындар бағдарламаларының ауқымы ұлғая түспек. АрМИ ойындарының Қазақстанда өткізілетін кезеңдеріне тың, жаңа жарыстар қосылады. Бұл броньдалған автомашиналардағы ралли және әскери әйел қызметшілер арасындағы көпсайыс болмақ. «Отар» полигонында өтіп жатқан қазақстандық әскери ойындар бір аптаға созылады. 9 тамызда үздік мергендер мен артиллерияшылардың есімдері белгілі болады.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

 

Ұқсас жаңалықтар