Қабылдау орталығының модераторы
Сонау тоқсаныншы жылдары ел егемендігін алып, бұрынғы Одақ құрдымға кетіп, қалыптасқан экономиканың быт-шыты шықты. Нарық заманы басталып, көпшілік аңтарылып қалды. Жекешелендіру науқаны жүріп жатты. Дүм-дүние біткен бөліске түсіп, жаңа заманның желі есті. Кеңшарлар тарап, оның қыруар малы, техникасы, жері паймен үлестірілді. Жеке бизнес пайда болды. Кіші және орта кәсіпкерлікке жол ашылып, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай серіктестіктер, қожалықтар құрылды.
Енді осынау жүйені үйлестіріп отыратын, яғни жеке кәсіп иелерінің тапқан пайдасынан қазына қоржынына салық төлеп отыруды жүзеге асыратын салық инспекциясы атты жүйе дүниеге келді. Бастапқыда жұмысы шашыраңқы басталғанымен, жүре келе салық атты ұғым қоғамда елеулі мәнге ие бола бастады. Яғни, пайда таптың ба, салығыңды төле, ол қазына қоржынына құйылады. Жеке кәсіп ашқың келе ме, салық жүйесіне жүгін. Жалпы, кәсіпкерлікпен айналысқың келе ме, ең алдымен оның қыр-сырын оқып, үйрен.
Салық қызметшісі. Жаңа құрылыммен бірге пайда болған салық қызметшісіне алғашқыда оңай болған жоқ. Аты бар да, заты жоқ кәсіп иелерімен қалай жұмыс істемексің? Немесе табысын жасырып жұмыс істейтін фирмаларды қалай жолға қоясың? Еш жерге тіркелмей-ақ көлеңкелі бизнеспен айналысатын топтарды қалай әшкере етесің? Осының бәрі салық қызметіндегі мамандардың біліктілігіне келіп тірелетін.
Бұл күнде салық қызметі қоғамда елеулі орын алады. Тәуелсіз еліміздің қарыштап өскен экономикасына оның да қосар үлесі қомақты. Мемлекет қоржынына құйылатын миллиардтаған қаржы осы салық қызметінің арқасында жүзеге асуда десек жарасады.
Қай сала болмасын оның жұмысы білікті кадрлар арқасында қалыптасады. Салық саласында ұзақ жыл еңбек етіп, бай тәжірибе жинақтаған мамандар бар. Солардың бірі – осы салада сонау 1995 жылдан тер төгіп келе жатқан, білікті маман Сервет Зулуфоглы. Тараз қаласының салық инспекциясына жұмысқа тұрғанға дейін Сервет жалпы сауда саласында тәжірибе жинап үлгерген маман болатын. Жамбыл есеп-санақ техникумын бітірген ол көрші қырғыз елінде, Талас облысы, Грозный ауылында «Аманбай» сельпосында өндіріс тауарлары жөніндегі бөлім меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды. Сауда жүйесі шоғырланған сельпо «Шекер», «Маймақ», «Қайнар», «Крупская», «Жуантөбе», «Грозный», «Бақайыр» сынды кеңшарының тұрғындарын сауда-саттықпен қамтамасыз ететін. Осы сельпоға қарайтын 62 дүкенмен жұмыс істеу жас маманды сауда саласының қыр-сырына үйретті. Уақытпен санаспай жүріп Қарағандының кооперативтік институтын сырттай оқып бітіреді. Істің көзін таба білетін іскерлігінің арқасында бірер уақыттан кейін төрағаның орынбасары, сауда басқармасының төрағасы қызметін атқарады.
Ол 90-жылдардың басында Тараз қаласына қоныс аударып, қалалық салық инспекциясына жұмысқа тұрды. Бұл салық инспекциясының жаңадан ашылып, жұмысын енді бастап жатқан кез еді. Сервет Әлиұлы осы саладағы алғашқы салық инспекторларының бірі болды. Жаңа құрылған құрылымның атқаратын жұмысын жете білу, үйренісу, қалыптасу кезеңін бастан кешті. Дағдарыс кезеңі аталатын ол жылдары қала бюджетіне ондаған миллион теңге ғана түсетін. Салықшыларға қойылатын талап өткір болды. Өйткені, заңдық тұрғыдан әлі беки қоймаған кәсіпорындардың, жеке бизнес иелерінің уақытында салық төлеуі қиын еді. Осы қиындықпен бетпе-бет келе отырып, салықты тірнектеп жинаған кездер де бастан өтті.
Жалпы, салық жөніндегі заң бірнеше мәрте өзгерту мен толықтырулардан өтті. Қазіргі жетілген салық жүйесі сол бекітілген заң шеңберінде қызмет атқарады. Кешегі аз ғана бюджет қаржысы қазір миллиардтаған қаржымен өсті. Қалада бүгінгі таңда 30815 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелсе, оның ішінде 24749-ы – жеке кәсіпкер, 5254-і – шағын және 37-сі – орта кәсіпорын субъектілері. Уақытпен бірге өскен осы цифрлардан қазынаға құйылатын қаржының көлемін аңғаруға болады. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында қала бюджетіне 15 миллиард 242 миллион теңге салық түскен. Осыдан-ақ салық жүйесінде атқарылып жатқан орасан зор жұмыстарды байқайсыз.
Бұл қаржы қала тұрғындарының игілігіне жұмсалуда. Оны бүгінде жасарып, жаңарған Тараздың келісті келбетінен көреміз. Осы ширек ғасырдың ішінде Сервет Зулуфоглы осы салада бай тәжірибе жинаған кәсіби маманға айналды. Әр жылдары Нұрлан Матвалиев, Ерғали Аққалиев, Нұрлан Ысқақбаев, Әділбек Әлішев сынды сала білгірлерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, өзінің біліктілігін танытты. Жалпы, қалалық салық жүйесі әр кезеңдерде облыстық салық жүйесімен қосылып біріккен кездер де болды.
Қазіргі таңда Сервет Зулуфоглы Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жеке кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың ақпаратты өңдеу және қабылдау орталығының модераторы болып қызмет атқарады.
– Біз салық төлеушілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Менің міндетім – осында келушілерге салық мәселесін егжей-тегжейлі түсіндіріп, кеңес беріп, бағыт сілтеу. Қарапайым адам өз алдына жеке кәсібін ашу үшін жүгінеді. Оның шаруасын аз ғана уақытта шешіп, қолына қағаздарын ұстатып, жөн сілтеу – қоғамға тағы бір үлес қосатын шағын серіктестіктің тұсауын кесу деген сөз. Мұнда бұрын мұндай шаруамен келген азамат апталар бойы кабинеттен-кабинетке сабылып, жүйкесін жұқартып, уақытын сарп ететін. Қазір жетік технологияның арқасында, салық саласының уақыт талабына сай бейімделуінің нәтижесінде осындай жақсылыққа қолымыз жетті, – дейді Сервет Зулуфоглы.
Ол бай тәжірибесін жастарға үйретуден жалыққан емес. Салық жүйесіндегі ұзақ жылғы еңбегі «Салық қызметінің үздігі» белгісімен марапатталды. Әр жылдары мемлекеттік басқару орындарынан алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары оның ұзақ жылғы еңбегінің жемісті екендігінің айғағындай.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Осы ұлттардың достығы мен бауырмалдығы еліміздің берекесін асыруда. Ұлты түрік Серветтің отбасы да қазақ тіліне жетік, жан жары Нәйлә Алиқызы екеуі ұл-қыздарын өмір көшіне қосып, байтақ Қазақстанның игілігі жолында еңбек етуге тәрбиелеуде. Қазақ халқының бай әдеп-ғұрпына жетік, қазақ тілін ана тілім деп білетін осындай ұлағатты отбасылардың арқасында қоғамымыз гүлдене бермек.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді