Эфирде «77» канал

Эфирде «77» канал
ашық дереккөз
Эфирде «77» канал
Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды қалаларында бірнеше телеканалдар ашылып, республика көрермендерінің көзайымына айналғанына біршама уақыт болып қалды. Осы телеарналардың қатарына Тараз қаласындағы «77» телеканалы қосылып, жұмыс істей бастағанына онша да көп уақыт бола қойған жоқ. Осыған қарамастан, жас шығармашылық ұжымының аяқ алысы көңіл қуантады. Тараздық тележурналистердің өзіндік қолтаңбасы айқын аңғарылады. Экономикалық және әлеуметтік тақырыптарға арналған хабарлар нақтылығымен, шынайылығымен ерекше назар аударады. Экономикада немесе бизнес саласында қол жеткен табыстар мен жетістіктердің қыры мен сыры неде? Журналистер осы сауалға нақты жауап іздеп, жан-жақты талдау мен сараптама жасауға ұмтылады. Жамбыл облысы бойынша экономика саласында әлі де өз шешімін таппаған өзекті проблемалар жетерлік. Осы көкейтесті мәселелер дер кезінде көтеріліп, оның дұрыс шешім табуы жөнінде нақты әңгіме қозғалады. Әлеуметтік тыныс-тіршіліктің кейбір осал тұстары жан-жақты зерттеліп, оның орын алу себептері жамбылдық тележурналистерді бейжай қалдырмайды. Жақында жас журналист Нұрлан Асқарұлы өзінің тұрақты жүргізіп жүрген «Журналист жалғауы» хабарында көше кезіп, қайыршылық жасап жүрген жандардың көкейтесті мәселесін орынды көтере білді. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған көше кезбелері мен қайыршылардың осы жолға баруының себебі неде? Қоғамның осы өзекті проблемасын жоюға бола ма, ол үшін не істеу керек? Небәрі жарты сағатқа жетер-жетпес хабарда тележурналист қоғамымызда орын алып отырған айтулы көкейтесті мәселені сан қырынан көтеріп, үлкен мен кішіге үлкен ой тастайды. «77» телеканалдың құрылтайшысы, облысқа есімі белгілі кәсіпкер Қарлығаш Аралбекованың «Бизнес уақыты» хабары да өте ұтымды шығып жүр. Түсіне білген адамға бизнес қажырлы еңбек, ой мен сананың жемісі, табандылық пен ізденістің үлкен көкжиегі болып саналады. Тележүргізуші бизнес төңірегінде көптеген салмақты ойлар қозғайды. Әрбір хабарын облыстың экономикасы және бизнесімен байланыстыра жүргізіп, көрермендерін ойландырады, игілікті істерге ынталандырады, табысқа жетудің қыры мен сырын ашады. «Бизнес уақытынан», әсіресе, еңбек жолын енді бастаған жас кәсіпкерлер көп тағылым алады. Сөз орайы келгенде айта кететін бір жай – облысқа есімі белгілі кәсіпкер Қарлығаш Аралбекованың маңдай терімен, адал еңбегімен тапқан қыруар қаржысын басқа мақсаттарға жұмсап, дәулетін анағұрлым арттыруға әбден болар еді. Бірақ, ел болашағын алыстан ойлайтын іскер қарындасымыз бұқаралық ақпарат құралдарын дамытып, халықтың рухани байлығын арттыруға бет бұрып отыр. Бұл – кімді болмаса да ойландыратын игілікті іс. Көптеген танымдылық мәселелерді көтеріп жүрген «Жеті қазына» хабарын да көрермендері асыға күтеді. Жамбыл облысының табиғаты мен туризмін насихаттайтын «Жібек жолы жауһарлары» хабарларында да тың ізденістер бар. Қазақ және орыс тілдерінде берілетін жаңалықтар топтамасы экономика, әлеуметтік жағдай, мәдениет, өнер және спорт жөнінде қысқа әрі мазмұнды хабарлар беріп, көрермендердің көңілінен шыға білуде. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, шығармашылық ізденіспен еңбек еткен ұжым тележурналистиканы уақыт ағымына қарай алға жылжыта бермек. Қазіргі таңдағы телевизиялық өндірістің озық технологиясын жете игергенде ғана телеканалдың форматы жақсарып, техникалық көрсету сапасы жақсара түседі. Осы жөніндегі «77» телеканалдың алғашқы жемісті қадамдары мен ізденістері көңілге қуаныш әкеледі. Шығармашылық жолын енді бастаған «77» телеканалда бәрі жақсы, хабарларының бәрі жұп-жұмыр, төрт аяғынан тік тұрып кетті деген пікірден аулақпын. Әлі де болса кейбір кемшіліктер мен тәжірибесіздік кездесіп қалады. Дегенмен, «Көш жүре түзеледі» демей ме данышпан халық. Тараздық «77» телеканалдың шығармашылық биіктерден көрініп, көрермендерін қуанта беретіндіктеріне сенімдімін. Әрине, 2000 жылдан астам тарихы бар көне де жас Тараз қаласында республика аймағына хабарлар тарататын «77» телеканалының ашылуы–Жамбыл облысындағы үлкен әлеуметтік және мәдени маңызы бар жаңалық. Жаңа каналдың хабарларын Алматы, Астана қалаларының, еліміздің басқа да өңірлерінің көзі қарақты көрермендері тамашалауда. Өкінішке қарай, «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, Жамбыл облысының аймағын айтпағанның өзінде, Тараз қаласының көрермендері жаңа каналдың хабарларын толық көре алмай отыр. Бұл өзекті проблеманы шешудің жолы жоқ емес, бар. Егер «77» телеканалы ғарыштық «Отау ТВ» қосылса, барлық мәселе өз шешімін тапқан болар еді.

Доқтырхан Тұрлыбек, жазушы, режиссер, Дүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестивалінің жүлдегері.

Алматы қаласы.

Ұқсас жаңалықтар