«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тағзым

Тағзым
ашық дереккөз
Тағзым
Зұлматты соғыс жылдарының сын сағаттарында жұдырықтай жүректерден тулап шыққан ерлік атаулы ешқашан ұмытылмақ емес. Өйткені бүгінгі бейбіт күннің жарқын таңы – сондай ержүрек батырлардың қайтпас қайсарлығы мен Отан үшін от кешкен жанқиярлық күрестерінің өтемі. Екінші дүниежүзілік соғыста небәрі 24 жасында көзсіз ерлік көрсетіп, жау пулеметінің оқ шашқан амбразурасын кеудесімен жапқан Ақәділ Суханбаевтың батырлығы кейінгі ұрпақ жадында мәңгі жаңғырып қала бермек. Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ерлікпен қаза тапқан күніне орай оның ескерткішіне гүл қою рәсімі өтіп, рухына тағзым етілді. Шараға қатысушылар бір минут үнсіздікпен есіл ерді еске алды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат Ақәділ Суханбаевтың ерлігі туралы әңгімелеп, батыр есімі облысымыздағы бір ауылдық округке, Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы бірқатар көшелерге берілгенін тілге тиек етті. Ал батырдың көзін көрген жазушы-публицист, облыстың Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосын А.Суханбаев туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. – Бала кезімізде Ақәділ ағамен көрші тұрдық. Үлкендердің айтуынша, ол мені жиі көтеріп, еркелетіп жүреді екен. Менің Әшім дейтін ағаммен жақын жолдас болған. Сондықтан, біздің арамызда ерекше жақындық орнағандай. Ол әскерге шақыртылған қырқыншы жылдары мен бар-жоғы үш жастағы бала екенмін. Сонда ол мені көтеріп тұрып, «Үлкен азамат бол!» деп батасын беріпті, – деп жазушы Ақәділдің ерлігі Қабанбай, Бөгенбей, Наурызбай сынды батырлардан дарыған ержүректіліктің бір көрінісі екенін де еске салды. Сондай-ақ, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Рәш Шәметов Ақәділ туралы әсерлі ойларымен бөліссе, жас ақын Нұржан Қадырәлі батырға арналған жырын оқып, жиналғандарды тебірентті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар