Орындалған парыз

Орындалған парыз
ашық дереккөз
Орындалған парыз
Майдангердің ұлы әке зиратына барып қайтты Газеттерде «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекқұлы Әліұлының «Боздақтардың ұрпақтары іздестірілуде» атты хабарландыруы жарық көріп, онда автор қоғамдық бірлестіктің хабар-ошарсыз кеткен жамбылдық майдангерлердің есімдерін, Жуалы ауданынан есімдері ұлықталуы тиіс боздақтардың тізімін жариялаған болатын. Тізімде Ресейдің Санкт-Петербург қаласының Пискаревск зиратына жерленгендердің ішінде Қайрат ауылынан Ерғабыл Ауғанбаевтың да есімі аталады. Ал Ерғабыл Ауғанбаев Қайрат ауылының тұрғыны, бар сәулелі ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебекұлының әкесі еді. Газеттен осы хабарландыруды оқыған сәтте Әбілқасым қажының көзіне хабар-ошарсыз кеткен әкесінің дерегі оттай басылыпты. – Бұл күнді марқұм анам Айшабүбі, бауырларым мен өзімнен туған үрім-бұтағым өмір бойы күтті. Сұм соғыс әкемнен ерте айырды. Мен де ата мейірімі мен жылуын аңсап өскен ұрпақтың қатарынанмын. Әкем жанымда болғанда балалық шағым мұншалық ауыр өтпес еді, – дейді Әбекең күрсініп. Анасының үйелмелі-сүйелмелі бала-шағаны асырауға жағдайы келмей, оның ат жалын тартып мінер азамат болып өскенге дейінгі өмірі Қызыларықтағы нағашы жұртында өткен. Есі кіргелі әке есімін ардақ тұтып, оған лайық болуды ойлап, осы күнге дейін жүрегі әке деп соғып, оның алдындағы перзенттік парызын өтеп, есімін ұлықтауды ойлаумен келеді. Ерғабыл Ауғанбаевты жұрт осы күнге дейін хабар-ошарсыз кетті деп ойлағанымен, шындығында олай болмаған екен. Соғыс уағында ауылда хат-хабар тасушы, Әбекеңмен шешесі басқа болса да, әкесі бір Сүгір Ауғанбаев бауырларым қайғыдан қан жұтып, қабырғасы қайыспасын деген ниетпен майданнан келген қара қағазды өмірінің ақырына дейін жасырумен болған екен. Осыдан кейін ақсақал аудандық газет редакциясы арқылы мақаланы жариялаған бірлестік төрағасы Бекқұлы Әліұлымен байланысқа шығып, барлық мән-жайға қаныққан соң, әкесін шұғыл іздеуге кіріседі. Алдымен ғаламтордан Ресей Қорғаныс министрлігінің сайтын іздеп тауып, ондағы министрліктің мұрағатынан әкесі – қызыл әскер Ергебек Ауғанбаевтың (мұрағат деректерінде есімі басқа болуы да мүмкін) шайқасқан, қаза тапқан, жерленген жерлері туралы нақты деректерді іздестіреді. Майдангер әкенің елдегі бала-шағасының бар білетіні – оның Ленинград құрсауында неміс-фашист басқыншыларына қарсы шайқасқаны. Бұл туралы ол жары Айшабүбіге жолдаған хаттарында жазып көрсеткен екен. Аталған сайтты шолып отырғанда Әбілқасым қажының назарына Қайтарымсыз шығындар туралы хабарламада әкесі Ауғанбаев Эргибиннің (Ерғабыл, Ергебек) 1943 жылдың 5 наурызында Ленинград түбінде жаумен болған кескілескен шайқаста қарақұсына тиген ауыр жарақаттан қаза тапқаны, қайтыс болғаны туралы дерек кездестіреді. Ал жауынгердің қаза тапқаны жөнінде хабарлама елдегі әйелі Айшабүбі Ергебековаға табысталғаны, қызыл әскердің денесі Ленинградтағы Пискаревск зиратына жерленгені айтылған. Артынша Әбілқасым қажы қолына қағаз-қалам алып, алғашқы хатты Жуалы аудандық қорғаныс істері бөліміне жолдап, Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты мен Санкт-Петербор қаласының губернаторына, Пискаревск зиратына осы бөлім арқылы шыққанды құп көреді. Көп ұзамай Санкт-Петербор қаласы үкіметінің Азаматтық хал-жағдай актілері жазбасы істері жөніндегі комитетінен Жуалы аудандық қорғаныс істері бөліміне жауап келді. Хатта қала үкіметі комитетінің төрайымы Н.В.Беглова Ұлы Отан соғысына қатысқан Ергебек Ауғанбаев туралы мәлімет береді. Әбекең Наурыз мейрамы өтісімен, Жуалы аудандық қорғаныс істері бөлімі арқылы Ленинград облысының әскери комиссарына хат жолдап, әкесі жерленген орынға барып қайтқысы келетінін сұрайды. Ол жақтан оң жауап келген соң, қасына ұлы Нұрбайды ертіп, Санкт-Петербор қаласына жол тартты. Айтпақшы, осыдан 30 жылдай бұрын аудандық кәсіптік-техникалық училищенің директоры болып жүрген Әбілқасымның кешегі Ленинград, бүгінгі Санкт-Петербор қаласына біліктілігін арттыру курсына оқуға барғаны есінде. Сол кезде Пискаревск зиратына аялдап, әкесі туралы бір деректі іздегендей болған еді. Алайда, сол тұста елдегі шешесінің қайтыс болғаны туралы суыт хабар жетіп, оқумен қош айтысуға тура келген-ді. Енді, міне, араға ұзақ жылдар салып, Пискаревск зиратына екінші мәрте аяқ басты. – Бұл сырты мәрмәр таспен қоршалған алып мемориалдық кешен екен. Оның директоры Ольга Волшакова бізді құшақ жая қарсы алып, келген шаруамызды мұқият тыңдап алып, зиратты аралауға, әкеміздің денесі жерленген бейітті табуға, ала келген топырақты әке бейітіне салуға, одан топырақ салып алуға бар жағдай жасады. Ленинград қаласының отыз жылдай найб имамы болған, ұлты татар Хайролла атты кісі Пискаревск зиратында «Йасин» сүресін оқып, әкемнің әруағына Құран бағыштады, – дейді Әбілқасым қажы. Сапардан оралған соң, ол алыс-жақынды туыс пен ағайынның басын қосып, құдайы тамақ таратып, әке бейітінен әкелген топырақты ауыл зиратына жерледі.

Абылайхан СӘРСЕН, журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар