Ойыншық сатып аларда ойланасыз ба?
Бала кезде қандай ойыншықпен ойнағанымыз бір Аллаға ғана аян. Әйтсе де, қазіргідей емес, алуан ойыншықтар қолымызға көп түсе бермейтін. Есімде қалғаны көбіне әулі ішіндегі үйілген топырақты төңіректеп, майда-шүйде ағаш жаңқаларынан «үй-жай», «қора-қопсы» тұрғызатынбыз. Сонан соң, міндетті түрде ойлы-қырлы жол саламыз. Ол жолмен «жүретін» техника нобайы ғана көлікке ұқсайтын ағаш мәшине. Кейбіреуіміз тайдың ба, әлде тананың ба асығын, енді біреуіміз ата-әжеміздің кебісін әжептеуір көлік етіп ойнап отыратынбыз. Пластикалық ойыншық дегеннен көретініміз – көбінесе қуыршақтар. Оның өзіне үлкендер қыз бала болмаса, қарадомалақтарды жуытпайтын. Ал біз оны ересектердің көзін ала бере үйден жымқырып шығып, қолын-қол, бұтын-бұт етіп, бөлшектеп, бір-бір сымтемірдің басына іліп алып, оттықпен тұтатқан күйі құмырсқаның илеуіне келеміз де, «немістерді» (шапшаң жүретін қызыл құмырсқа) ай-шай жоқ «бомбылаймыз». Одан бөлек, резеңке дөңгелектерді қалыңдау сымтемірмен «қуалап», тасжолмен ызғыта жарыса жүгіретінбіз. «Соғыс ойынын» ойнасақ та, «пистолетіміз» ағаш немесе сымтемір болушы еді. Ал қазір ше? Бүгінгі балалар бақытты. Өйткені, не керектің бәрі бар. Тек ойыншық аларда баланың денсаулығына зиян келмес үшін дұрыс таңдау жасасаңыз болғаны.
Осыдан бірер уақыт бұрын балам бір жасқа толып, қуанышқа жиналғандардың қолтықтай келген әртүрлі ойыншықтары көздің жауын алып, ересек менің өзімді еліктіре түскен еді. Ел кеткеннен кейін бір сәт назарым ойыншықтарға ауып, осының бәрі қай елдің тауары болды екен деген оймен өзімше зерттеуге кірістім. Сізге – өтірік, маған – шын, есі кірмеген баламның ендігі ермек етер дүниелерінің шыққан «отаны» (кейбірінде қай мемлекетте жасалғаны көрсетілмеген) кілең «Made in Сhina» болып шықты. Сосын, қай елдің ойыншығы сапалы екенін білмек мақсатта ғаламторға үңілдім. Онда ойыншық атаулы баланың ермегі ғана емес, олардың ақыл-есі мен қимыл-қозғалысын, сезім мүшелерін дамытып, түр-түсті ажыратуға келгенде оң әсерін тигізетін таптырмас құрал екені айтылған. Сондай-ақ, Қытайда жасалған ойыншықтар материалының құрамында ауыр металдар бар екені, әсіресе, формальдегид әдеттегіден 10-15 есе көп екені, оның бала денсаулығына зияндылығымен қоса, жануарлардың шынайы өмірдегі түсінің ойыншық сұлбасында басқа болуы бүлдіршіннің жадын жаңылыстыратыны секілді маңызды ақпараттарға қанықтым.
Бұдан кейін «Ауыл-Береке» базарына жол тарттым. Ондағы сөрелер мен жаймалардағы сыңсыған ойыншықтардың да дені Қытай тауары болып шықты. Алайда, сатушы біткен бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, ойыншықтарға қатысты пікір айтудан бас тартумен болды. «Ойыншықтардың арнайы сертификаты бар ма?» деген сауалыма «Біз – жай ғана сатушымыз, ол жағын тауар иесі біледі» деді көпшілігі. Әйтсе де, бір жас сатушы жігіт уәжімізге мойын бұрды. «Мен де негізі сатушымын. Бұл жердегі ойыншықтың көбісі Қытайда жасалған. Арагідік Түркия мен Ресей өнімдері де кездеседі. Түріктердің жұмсақ ойыншығын сапалы деп естиміз. Соны сұрап келіп жатады жұрт. Бірақ, ол базарда жоқ. Өзіміздің отандық өнім – Қарақаттың да қуыршақтары сапалы болғанымен, тым қымбат және базарда сатылмайды. Ондай ойыншықтар, бәлкім, арнайы дүкендерде сатылатын шығар. Қарапайым халық талғамына келсек, тұтынушылар ойыншықты арзан немесе сапасыз деп бөліп-жармайды. Біреулер қымбатын алса, біреулер арзанын тәуір көреді», – деді ол бізден аты-жөнін атамауды өтініп. Осы берілген ақпараттың өзіне «шүкір» деп жөнімізге кете бардық. Бірақ, сатушылардың өзімізге үрке қарауы, газет бетінде аты аталмауын өтінуі, ой бөлісуден бас тартуы көңілге күмән ұялатты. Әншейінде тауарын өткізу үшін «Менен ал, менен ал. Мына заттың бағасы сапасыз болған соң арзан. Ал мынау сапалы, содан кейін қымбат. Пәлен деген фирманың тауарын алсаң өкінбейсің» деп алмасқа жанды қоймайтын саудагерлер бұл жолы селқостық танытты. Мұның астарында бір сыр жатқаны анық. Соны білмек ниетпен облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне хабарласқанымызда, ондағы мамандар, білім беру және тағам объектілерін санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Салтанат Әлібаева ойыншықтарға қойылатын талаптар Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» бекітілген техникалық регламентімен реттелетінін айтты. Сонымен қатар, Кеден одағының техникалық регламентінде балалар мен оларды күтетін адамдардың өмірі мен денсаулығының қорғалуы, сондай-ақ сатып алушыларды (тұтынушыларды) ойыншықтардың тағайындалуы мен қауіпсіздігіне байланысты жаңылыстыратын әрекеттерге жол берілмейтіні қарастырылған. Бұдан бөлек, облыс аумағында балалар ойыншықтарын шығаратын өндіріс орындары жоқ екенін, ойыншықты дайындайтын, сақтайтын, сататын нысандарға тек жоспардан тыс, яғни азаматтардың шағымына байланысты ғана тексерулер жүргізіледі екен.
– Былтыр облыс бойынша Ұлттық сараптама орталығы филиалының мамандары қатыстырылған акция барысында бірқатар ойыншықтарға зерттеу жүргізілді. Барлығы да жеке кәсіпкерлер дүкендерінен сатып алынды. Сөйтіп, зерттеу жүргізілген 21 ойыншықтың 8-і нормативтік талаптарға сай болмай шықты. Көпшілігінде ойыншықтардың сырт көрінісінде өндірушінің мекен-жайы, тиісті таңбасы (ойыншықтың атауы, тауарлық таңбасы, графикалық белгілеуі), өндірілген және сақтау мерзімдері көрсетілмеген. Негізінен сапасы төмен тауарлар күмән тудырған жағдайда әрбір тұтынушы біздің мекемедегі немесе оның аумақтық басқармаларындағы мамандардың көмегіне жүгінгені жөн, – деді ол.
Бізді ойландырған басты мәселе – жоғарыда айтылған мамандар тексерісі бойынша анықталған сапасыз ойыншықтардың ел аумағына қалай өткендігі және сатылымға шығуы. Осы сауалдар бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстарын жүргізу басқармасының бас маманы Өмірзақ Қоспановқа жолыққан едік.
– Біз салық заңдылығы жағына ғана жауап береміз. Тауар иелеріне айрықша сұрақтар бойынша тақырыпты тексерулер төрт мәселені қамтиды. Біріншісі, кез-келген тауарды сатумен айналысатын кәсіпкердің мемлекеттік кіріс органына тіркеуге тұруы, екіншісі, олардың бақылау кассалық аппаратының, үшіншісі, лицензиясы және тауарды сатуға рұқсат етілген құжатының, төртіншісі акциздік және есептік бақылау маркасының болуы.
Негізінен тауардың сапасы жөніндегі сертификатты оның сапасын бақылайтын және зерттеу жүргізетін мекемелер береді. Заң бойынша бізге тауар сапасының қорытындысын беруге, оны сұрауға, яғни сертификатын талап етуге құқымыз жоқ. Біздің құзырымызға жататын талаптарға сай келмеген тауар иелеріне айыппұл салынады. Егер олар заңсыздықты тағы да қайталайтын болса, ісі сотқа жолданады,– деді ол.
«Оу, сонда шетелден келген тауардың ел аумағына өтуіне, сатылуына біреу жауап беру керек қой» деп айқайлайды жан дүниеміз. Әйтеуір, базарда сатылуы «заңды» болғанымен, сапасыз тауарлардың бар екені анық. Көңілімізде кеден бекетінен сауда-саттық мақсатында өткізілетін тауарларға сол жерде арнайы құрылған зертханалық пункт сараптамалық қорытынды жасап, тауар жарамды болса ғана шекарадан өткізсе деген ой қылаң берген. Таразға әлгіндей тауар контрабандалық жолмен немесе Алматы, Бішкек секілді ірі қалалардан еркін енді деген күннің өзінде базар әкімшілігі сертификаты жоқ сапасыз тауардың сатылуына қатаң тыйым сала алмай ма?
Мамандар тұтынушылар балаларға ойыншық сатып аларда ерекше сақтық танытып, оның сыртқы түріне, пішініне, өзіндік иісіне, сапасына, ұстағанда бояуы қолға жұқпауына назар аударғаны жөн дейді. Сондай-ақ, оның сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжатының болуына, нарық айналымына шығарыларда Кеден одағының техникалық регламентінің қауіпсіздік талаптарымен сәйкестендірілгеніне көз жеткізген дұрыс екен. Өйткені, құрамында улы заттар бар ойыншықты бала аузына салғанда, ішкі ағзалар қызметінің бұзылып, денсаулығына едәуір зиян тигізуі мүмкін. Қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ғибадат Кемелбекованың айтуынша, бағымызға орай бүлдіршіндердің ауруханаға ойыншықтан уланып түскені жөнінде деректер тіркелмепті. Біз бірақ, жекелеген адамдардың қандай ойыншық сатып алатыны жөнінде сұрау салып, пікірлеріне құлақ асқан едік. Алайда, олардың көпшілігі ойыншықтардың сапасына онша мән бере бермейтіні көңілімізді қобалжытты.
– Өз басым арнайы дүкендерден ойыншық сатып алып көрмеппін және сертификатын да сұраған емеспін. Әйтсе де, ойыншықтарды «Шахристан» базарындағы маңдайшасында «Көтерме бағамен балалар ойыншығы» деген жазуы бар дүкеннен ғана сатып аламын. Оның сертификаты бар ма, жоқ па, тап басып айта алмаймын. Дегенмен, сапалы болуы керек. Өйткені, ол көтерме бағадағы дүкен ғой, – деді Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының тұрғыны Гүлзат Жарасова.
Бізге анық байқалған бір жайт өңіріміздің отандық ойыншықтарға қатты зәру екендігі. Осындайда қалтасында қомақты қаржысы бар кәсіпкер азаматтар батылдық танытып, балаларға арналған бұйымдар шығару ісіне шындап бет бұрса ғой. Бұл, біріншіден, халықты отандық өніммен қамтамасыз етсе, екіншіден, мемлекетіміздің экономикасының өркендеуіне зор үлес қосар еді. Сондай-ақ, халықтың ойыншық сатып алуға жұмсаған ақшасы да ел қазынасына құйылар еді. Себебі, біз бас сұққан әрбір сауда нүктелеріндегі қаптаған шетел ойыншықтары осындай ойға жетеледі.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді