Көктемде – жілік, күзде – күлік шабады

Көктемде – жілік, күзде – күлік шабады
ашық дереккөз
Көктемде – жілік, күзде – күлік шабады

4«Ат – ер  қанаты» деп ата-бабаларымыз төрт түліктің ішінде жылқы малын ерекше қадірлеген. Жылқының үсті – жел, сүті – ем. Мінсең – тұлпар, еті – бал, қымызы – дәрі. Мұның бәрі желден жүйрік жануардың жақсы қасиеттерінің аз емес екенін көрсетеді. Содан кейін төрт түліктің ішінде жылқы малы құрттамайды, сабада ашытқан қымыздың дәмі ерекше жағымды болады.

Ежелгі қазақ баласы ат жалын тартып мінер жасқа жетісімен-ақ, қыл құйрықтарды бағудың, бәйгеге жаратудың қыр-сырын үйренуге үйірсек болған. Қазір де атбегілік өнер үлкен деңгейге көтерілді. Әрбір той бәйгесіз, аударыспақсыз, көкпар, қыз қуу, теңге ілусіз өтпейтін. Бұл, әрине, қуанарлық жайт. Бірақ, әлі де ойласатын жайттар аз емес. Өңірдегі ат спорты түрлері федерациясын басқарған жылдары көкейге түйгенім де көп. Ол кезде ұлттық ойындар еш жүйесіз жүргізілетін. Облыста қазіргідей атшабар-ипподром болған жоқ. Белгілі жүйе, ережесіз өткен ат жарыстарының соңы дау-дамай, өкпе-ренішке ұласып жататын. Сондықтан, ат спортының, ұлттық ойындардың дәрежесін көтеру үшін 1996 жылы әр облыстан ат спорты федерациялары президенттері және атбегілер Алматы қаласында бас қосып, үлкен жиын өткізген болатын. Сол жолы ұлттық «Ат спорты түрлерінің ережесі» бекітілді. Міне, содан бері көкпармен басқа да ат спортына қатысты ойын түрлері сол ережеге сәйкес өткізіліп келеді. Қазақстан Республикасы Спорт және туризм министрлігі алқасында бекітілген бұл ережелерді дайындауда біз баба дәстүрі мен ата-салтын жадында ұстаған ағаларымыздың ақыл-кеңесін, сол дәстүрді жалғастырып жүрген інілеріміздің ой-пікіріне көбірек құлақ астық. «Көктемде жілік, күзде күлік шабады» деген қағида бойынша көктемде құнан бәйге 11 шақырымға, аламан 25 шақырымға, жорға жарыс 7 шақырымға, ал, күзде құнан бәйге 15 шақырымға, аламан 31 шақырымға, жорға 11 шақырымға шабатын болып белгіленген. Қарап отырсаңыз, бір ғана бәйгенің қаншама түрі бар. Қалған ат спорты ойындарына, соның ішінде ең көне әрі қызықты түрі көкпарға көктем мен күз әсер етпейді. Жалпы, халқымыз көкпарды әскери жаттығудың бір түріне балаған. Батыр Бауыржан Момышұлының: «Көкпар ойыны жігіттерді батылдыққа, ержүректілікке баулиды» дегені соның айғағы. 1996 жылы Жамбылдың 150 жылдық тойында берілген көкпарда біздің «Әулиеата» көкпаршылары бірінші орынды жеңіп алып, жеңіл автокөлік иеленген. Сонда он көкпаршыға бірінші рет «Көкпар ойынының шебері», ал, маған «Қазақстан Республикасының ат спортына еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағы берілген. Жалпы, көкпар екіге бөлінеді. Біріншісі – той-жиындардың соңында өтетін «алып-қашпа» көкпары. Оған әр ауылдан жүйрік, белді аттарға мінген көкпаршылар қатысады. Жүйрік атқа мінген жігіттер додаға түспей, шет жағында жүреді. Мықты көкпаршы көкпарды алып жүйрік атқа мінген жігітке береді. Ал, екіншісі – мәре-салым. Бұл додада көкпаршылар команда бойынша жарысқа түсіп, салымға төрт-бес айлық, салмағы 25-30 килограмм тартатын серкені салған. Ертеректе 4 айлық бұзауды тартқан дейді. Ол кезде шеңбердің радиусы 4 не 5 қамшы (45 метр), арақашықтықтағы 500 метр, алаңқайдың шекара сызығы болмаған екен. Бастысы –көкпар тартатын жердің топырағы жұмсақ, тегіс болуы шарт. Қабылданған ереже бойынша сайыс алаңқайының ұзындығы 320 метр, ені 150 метр, «мәре-салым» диаметрі 5 метр жер шеңбері болып бекітілген. Кейін бұл ереже бұзылып, авторезинадан жасалған «қазандық» деген пайда болды және алаңқайдың ұзындығы – 200 метрге, ені – 80 метрге қысқарды. Қазір көкпар өнерінің «өкпесі» – қысыңқы. Ат адымы жазылмайды. Сондықтан, ойынның көпшілік уақыты жекпе-жек және додамен өтеді. Еркіндік жоқ... Ал, ойын тәртібін бұзған көкпаршыны «Қара нарға» екі минутқа жібереді. Қазақ халқы нар түйені киелі деп санаған. Меніңше, бұл атау дұрыс емес әрі түсініксіз, бәлкім оны «айып шеңбері» деп атау керек шығар. 1990 жылы күзде Будапешт қаласында дүниежүзілік ат спорты түрлерінің байқауы болды. Сол байқауға республиканың спорт комитеті ұйғарымы бойынша біздің облыстың көкпаршылары баруы тиіс-тін. Бірақ, біздің жігіттердің төлқұжаты дайын болмай, Оңтүстік Қазақстан облысының көкпаршылары барып қатысқан. Сондағы жиналған қауым көкпардан басқа ұлттық ат спорт түрлеріне риза болған еді. Еуропалықтардың көкпарды ұнатпаған себебі, көкпаршыларымыз додада сол елдің аттарын мініп шығып, тартыс қызғанда аттарды аямай қамшылаған көрінеді. Жарыс аяқталғанда сауыры білеу-білеу болған тұлпарларға қарап, «сендер жылқы малын аямайсыңдар» деп жаны ашыған олар көкпарды тоқтатқан екен. Сондықтан жылқы малын бас-көз демей қамшымен осқылай беруден де арылу қажет шығар. Әр сенбі сайын «Қазақстан» ұлттық арнасында көкпар ұлттық ойынын көрсетеді. Бұл көрсетілімді өзім құптаймын. Ойындарды немерелеріммен бірге қызыға тамашалаймын. Мен Қордай ауданындағы «Аңырақай» шайқасы болған жерде туып, оныншы сыныпты бітіргенше алып-қашпа көкпар тартып өскем. Бірақ, қазіргідей «қазандыққа» лақтырылған серкемен бірге ат, көкпаршының құлағанын көрген жоқпын. Додада кейбіреулерінің аяғы, қолы, қабырғасы сынып, басы жарылып жатады. Тұлпар да аз зардап шекпейді. Біз неге адамды немесе атты аямаймыз? Қазір көкпарға шабатын аттың құны он мың доллардан кем емес. Меніңше, қазіргі көкпарға шайбалы хоккей ойынындағыдай спортшылардың бастарына киетін «каска», аяқтарына саптама етік, арнайы тігілген шалбар мен күрте қажет. Осыны халықаралық «Көкбөрі» федерациясы ойластырғаны жөн шығар.

Нұрдәулет Әлібекұлы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар