«Тұсауымды кескен жер»

«Тұсауымды кескен жер»
ашық дереккөз
«Тұсауымды кескен жер»

3Ақын Ғайни Әлімбекқызының Сарыкемер ауылында шығармашылық кеші өтті

Жақында ғана Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өткен, облысымыздағы ақын қыздардың аз ғана шоғырының белді өкілі, бірнеше лирикалық жыр жинақтарының авторы Ғайни Әлімбекқызы – Байзақ ауданындағы Жаңасаз ауылының тумасы. Жамбыл медициналық училищесін фельдшерлік, Жамбыл педагогикалық институтын филолог мамандығы бойынша бітірген. Облыстағы радио, телевидение салаларында қызмет ете жүріп, шығармашылықпен де айналысуда. Өткен аптада ақынның аудандық әл-Фараби атындағы Мәдениет үйінде өткен «Тұсауымды кескен жер» атты әдеби-сазды кешіне жыр жанашырлары көптеп жиналды. 

Аудан әкімі Мұратхан Шүкеев оқырмандарына нәзік те нәрлі жырларымен танылған ақынға жүрекжарды лебізін білдіре келе, шығармашылық табыстар тілеп сый-сияпат көрсетті. Кеш иесіне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р. Шәметов, қазыналы қария Д. Жылкелдиев ақ баталарын беріп, Қазақстан Ұлттық арнасының қызметкерлері, филология ғылымдарының кандидаты, ақын-журналист Ж. Асылбекова, Мәдениет қайраткері Б.Исмайл, «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі О.Дәуіт, ақын Э. Орманова бастаған аға-әкпе, іні-сіңлі әріптестері игі тілектерін жеткізіп, ән мен жырдан шашу шашты. Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мен Қазақ радиосының өкілдері ақынды арнайы келіп, құттықтады. Кеш соңында «Ақша бұлттар ара­сында арман бар» өлеңін тебірене оқыған ақын қыз өзінің өнердегі тұсауын кескен өңір жұртшылығына ризашылығын жеткізіп, ағынан жарылды. Ғайнидың отты жырларымен оқырмандарын алдағы уақытта да қуанта береріне сеніміміз мол.

Айдана ҚАЙЫПНАЗАРҚЫЗЫ,  журналист.

Байзақ ауданы.

Киелі мекен Қасиетті, киелі дара мекен, Саған деген көңілім алабөтен. Туған жерге құстар да оралғанда, Қанаттарын биікке қағады екен. Көбелектей гүлдерге дамылдаған, Қырларыңда балалық шағым қалған. Таңғы шықтай тазалық тұнып тұрған Кездерім аз ауылды сағынбаған. Ұлы далам – жусаны бұрқыраған, Өзен-көлі, таулары, бұлты да аман. Тұсауымды кескен жер – ата қоныс, Топырағыңда жұмақтың кілті қалған. Байзақ батыр бабамның ұрпақтары, Ер Ағаділ, Ғазиздер – ұлт мақтаны. Сындыбала, Дариға аналардың Еңбегімен өңірде гүл қаптаған. Тұсауымды кескен жер – арман, әнім, Бір өзіңнен басталды қадамдарым. Еркелеген Таластай толқып тұрып, Сүйемін Байзақ жерін, адамдарын. Таң атып келеді Таң атып келеді, Жұлдыздар сөнеді. Қолында ақынның, Өлеңі-бөбегі. Аққағаз-өмірі, Шабыты-көрігі. Қасында елеңдеп, Сезімі елігі. Ұмытып барлығын, Өмірдің тарлығын, Шаттанып қабылдар, Тағдырдың жарлығын Дүние кеңдігін, Қолыңа берді кім?... Ақиқат жолында, Буылды белдігің. Осы деп елдігің. Періште өлең Мазасыз тірлік, күй кешіп, Бітпейтін ойды илесіп. Бәріне өмір көндірдің, Кетпеген соң үйлесіп, Жанымды жайдым жасырмай, Арымды сақтап асылдай. Жер басып қалай жүреміз, Шындыққа біздер бас ұрмай. Қырандай еркін қалықтап, Сәбидей таза шалықтап. Өзіңмен-өзің жүрсең де, Жатады кейде шалып қап. Сен оған мүлде жұмбақсың Періште-өлең қымбатсың. Бұлақтай көңіл тазарып, Асқақтап рухың үн қатсын. Қаншама жылдар сырласпын, Сүюден сені тынбаспын. Жанымның жазған жарасын, Өлеңде қалды қимас күн. О бастан ақын атыңыз, Бар болар мұңға қақыңыз Байлығың, бағың, қазынаң, Өлеңің-үшбу хатыңыз. Кетіріп көңіл дақтарын, Сырымды саған ақтардым Туған жер сенің алдыңда, Парызды қалай ақтармын?!.

Ғайни ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар