Игорь ШУВАЛОВ: Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси даналығына таң қаламыз
- author «Ақ жол»
- 28 мамыр, 2014
- 223
Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары И.И.Шуваловпен сұхбат
– Құрметті Игорь Иванович! Осы күндерде жұмысыңыздың ерекше қауырт екенін білгендіктен де сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін алғысымды айтамын. Айдың аяғында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Шартқа қол қояды деп күтіліп отыр. Сіз 2010 жылдың қаңтарынан бері Экономикалық даму мен интеграция жөніндегі бірлескен үкіметтік комиссияны басқарып келесіз, Шарт жобасын дайындауға тікелей қатысқансыз. Әңгімеміздің басында жалпы әлемдегі, соның ішінде кеңестен кейінгі кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің мән-маңызы туралы не айтар едіңіз?
– ТМД кеңістігіндегі интеграциялық бірлестіктердің жұмыс тәжірибесі ықпалдастық әлеуетін экономикалық дамудың елеулі факторы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ТМД шеңберінде интеграцияның екі арнасы дамып жатқан сияқты. Олардың біріншісі – бүкіл ТМД көлемінде көпқырлы еркін сауда аймағының негізінде ынтымақтастықты нақты тереңдету, екіншісі – интеграцияны Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік түрінде үдемелі дамытудың өзегін қалыптастыру, бара-бара бұл үдеріске қатысушылардың құрамын басқа да мүдделес елдердің есебінен кеңейту.
Мұндай көзқарас әртүрлі жылдамдықтағы немесе әртүрлі деңгейдегі интеграция деген атау алды. Ол интеграцияны тереңдету бағытында алға жылжуға дайын елдердің озық пішімдерінің дамуын бірте-бірте Достастық мемлекеттерінің басқаларына да таратуға мүмкіндік береді.
Тегінде, «кеңейтілген» тректің негізгі жетістігі тауарлармен өзара сауда жасаудағы кедергілерді жою мақсатымен толыққанды және көпқырлы еркін сауданың аймағын (бүгінде оған ТМД-ға мүше 9 мемлекет кіреді) құру болып табылады. Осы арқылы біз Достастықтың жалпы пішімінде қазірдің өзінде өз шешімін Ресейдің, Белоруссияның және Қазақстанның интеграциялық бірлестігінде тапқан мәселелер мен проблемаларға жақындап келеміз, онда еркін сауда қарым-қатынастарын ұстанумен қатар экономикалық өзара кең іс-қимыл жүзеге асырылады да, іс тәртібінің ортақ қағидалары қалыптасады.
Сауда статистикасы бұл жұмыстың нақты нәтижелерін көрсетіп отыр. Өткен 2013 жыл жалпыәлемдік жағымсыз үрдістердің кесірінен аз индикативті болды, алайда, 3 жылдық кезеңнің қорытындысы бойынша біз Кеден одағына мүше елдердің өзара саудасы экономикалық тұрғыдан қолайлы жылдарда табысты өркендейді, сонымен бірге, қолайсыз жылдарда азаймайды деп қорытынды жасай аламыз.
– Кеңестен кейінгі кеңістіктегі толыққанды еуразиялық интеграция идеясы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екендігі белгілі. Қазақстан Президенті тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы жылдардың өзінде оқшаулану саясаты тығырыққа тірейтінін басын ашып айтқан еді. Біздің мемлекетіміздің басшысы Еуразиялық одақ идеясын алғаш рет 1994 жылғы наурызда Мәскеу мемлекеттік университетінде жария еткен. «Еуразиялық одақ идеясын ойластыра отырып, мен бұл он шақты жылдың ішінде біте қоятын шаруа еместігін білгенмін», дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Соның өзінде бұл мақсатты жүзеге асыруға небәрі жиырма жыл ғана қажет болды. Сіз тарихи тұрғыдан салыстырмалы түрде алғанда қысқа ғана мерзімде осындай нәтижеге жеткізген үдерістегі Назарбаевтың рөлін қалай сипаттар едіңіз?
– Қазір, 2014 жылы, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоюға тақау келіп тұрған уақытта біз шын мәнінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты ғылыми тұрғыдан болжау дарынына және терең саяси даналығына таң қаламыз. Бұрынғы кеңестік республикалардың өркениетті түрде айырылысуынан туған масайрау көңіл-күйі біздің бұрынғы бірге өткен өміріміздің артықшылықтарын да, сонымен қатар, нарықтық экономиканың артықшылықтарын жүзеге асыру барысында жаңадан қол жеткен дағдыларды да пайдаланудың негізінде интеграцияға ұмтылумен алмасуы мүмкін екенін және солай болуға тиіс екенін ол басқалардан бұрынырақ түсіне білді.
Кеден одағын, Біртұтас экономикалық кеңістікті, ал қазір Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі бүкіл жұмыстың барысында біз Н.Ә.Назарбаевтың қызу мүдделілігі мен нақты қолдауын ұдайы сезініп отырғанымызды қадап айтқым келеді. Көптеген күрделі экономикалық түйіндер келіссөздерге нақ оның тікелей қатысуының арқасында тарқатылды. Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қатысуынсыз бұл жобаның жүзеге асуы неғайбіл еді десем, мұным артық айтқандық болмайды.
– Сіздің ойыңызша, үш елдің интеграциясынан келетін жалпы макроэкономикалық тиімділік қандай? Қазіргі қолда бары және ең бастысы – ЕЭО құрылғаннан кейін күтетініміз?
– Біздің интеграциямыздың макроэкономикалық тиімділігін сараптамалық бағалаулар аз емес. Әдетте, әңгіме көптеген миллиард доллар туралы болады, алайда, бұл сандарды «таза» күйінде айта қою қиын, неге десеңіз – әлемдік конъюнктура факторларының ықпалы әсер етеді. Біз үшін интеграцияның басты нәтижесі – алда. Ол нәтиженің мәні біздің елдеріміз азаматтарының өмірі, бизнес жүргізу жағдайы қолайлы да ыңғайлы бола түсетіндігінде.
– Еуразиялық экономикалық одақтың еңбек рыногын кеңейтуге, қозғалыс еркіндігін арттыруға байтақ жағдай жасайтынына, саудада кең мүмкіндіктер ашатынына күмән жоқ. Бұл Қазақстан үшін, халқының саны небәрі 17 миллион, яғни базары тар ел үшін ерекше маңызды. Ал Ресей үшін бұл орайдағы пайда қандай? Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путиннің ЕЭО-ны барынша қолдайтынының және еуразиялық интеграция үшін көп іс атқаратынының себебі неде?
– Сіз өз сұрағыңызбен Қазақстанның маңызын кемітіп көрсетіп тұрсыз деп ойлаймын, мұныңыз дұрыс емес. Бүгінде Қазақстан – серпінді дамып келе жатқан, үлкен беделі және әлеуеті бар, экономикалық тұрғыдан қуатты мемлекет. Синергетикалық тиімділіктің есебінен біздің ресурстарымыз бен рыноктарымызды қосудың нәтижесі ресейліктер үшін де нақты білінетін болады.
БСҰ-ның, бірқатар өңірлік интеграциялық құрылымдардың, жекелеген елдердің тарапынан Кеден одағына қызығушылық жайдан-жай емес. Біздің интеграциялық құрылымымыз барған сайын халықаралық экономикалық қатынастардың тікелей қатысушысы ретінде танылып, барынша еркін сауда режімдерін белгілеу жөніндегі жекелеген елдермен және олардың бірлестіктерімен келіссөздер шеңберін кеңейтіп келеді. Бұл бағытта да алдағы жылда біз нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенемін.
– Біздің Президентіміз Еуразиялық экономикалық одақты саясаттандыруға нақпа-нақ қарсы болып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бізден халықтарымыз талап етіп отырған нәрсені істейік те. Бұл орайда бастысы – саяси тәуелсіздік, егемендік, мемлекеттің тұрақтылығы. Біз тәуелсіз және егемен мемлекеттер болуымыз керек», деп мәлімдеді. Осыдан екі жылдай бұрын Ресейде аяқ астынан ұлтүстілік парламент құру жөнінде әңгіме қозғалды, рас, бұл идея Қазақстан мен Белоруссия парламентарийлерінің тарапынан тиісті қолдау таба қойған жоқ. Сіздің бұл жөніндегі пікіріңіз қандай?
– Бүгінгі әлемде мемлекеттік тәуелсіздік пен егемендікті экономикалық интеграциялық бірлестіктерге қатыса отырып сақтаудың жалпы сұлбасы жап-жақсы пысықталған. Сондықтан, Қазақстанның бұл мәселелердегі көзқарасы бізге түсінікті, оның үстіне Ресей де осыған ұқсас қағидаттарды ұстанады. Экономика мен экономикаға жатпайтынның шекарасын ажырату әжептәуір күрделі болатыны басқа мәселе. Мысалы, экономикалық одақтың бір бөлігі – ортақ еңбек рыногы. Біздің елдеріміз азаматтарының мүдделеріне осыдан артық сай келетін саланы табу қиын: рынок үлкейген сайын мүмкіндік те көбейеді, әл-ауқат та арта түседі. Алайда, мұндай рынок білім саласында (біліктілікті тану), әлеуметтік және зейнетақылық қамтамасыз ету ісінде нақты интеграциялық шешімдерді талап етеді. Жасырмай айтайын, біз өзіміз ұсынып отырған шешімдер елдің егемендігіне нұқсан келтірмейтініне қазақстандық әріптестеріміздің көзін жеткізу үшін едәуір уақытымызды жұмсадық.
Парламенттік органға келетін болсақ, ол белгілі бір кезеңде бізге экономикалық даму бағыттарының халықтарымыздың мүдделеріне сәйкес келуін талқылаудың форумы ретінде қажет болуы мүмкін деп санаймын.
– Экономикалық одақты құру барысында қандай келіспеушіліктер көрінді? Оларды қалай еңсердіңіздер? Үш мемлекет басшыларының наурыздағы кездесуінде Президент Назарбаев келісілмей қалған мәселелерді табанды түрде реттеу қажеттілігін айтқан еді. Мұнда не ескеріліп тұр? Ол мәселелер қазір реттелді ме?
– Бүгінде, мерекенің қарсаңында – мұндайлық аса ауқымды жұмыстың аяқталуы оған қатысушылар үшін үлкен мереке деп білемін – бұған дейін еңсеріліп қойылған келіспеушіліктер туралы айтып жатқым келмес еді. Тек келіссөздерге қатысушылардың бәрі де өз елдерінің көзқарастарын қызғыштай қорғағанын ғана баса айтқым келеді. Рас, біз Қазақстанда интеграцияның жақтаушыларымен қатар оны онша қолдамайтындар да бар екеніне назар аудардық. Біздің жұмысымыздың экономикалық нәтижелері тұтастай алғанда Одақтың әрбір елі оны құрудан пайда табатынына ондайлардың да көзін жеткізеді деп үміттенемін.
– Еуразиялық экономикалық одақтың төртінші қатысушысы, тегінде, Армения болатын шығар деушілер бар. Сіздіңше, ЕЭО-ны кеңейтудің перспективасы қандай? Оны қазірдің өзінде кеңейтудің қажеті бар ма?
– Кеден одағына кіру ниетін Армения мен Қырғыз Республикасы берік айтып отыр. Қыруар нақты жұмыс атқарылды, «жол картасы» пішінінде қажетті іс-шаралардың тізбесі анықталды. Әңгіме қазірше нақ Кеден одағы туралы болып тұрғанын қадап айтайын. Әр жағдайда бізге қалыптан тыс міндеттердің тұтас кешенін шешуге тура келеді. Одақты құру жөніндегі шартқа қол қойылғаннан кейін біз бұл мәселеге жақынырақ келеміз ғой деп ойлаймын.
– Астанада жақында ортақ тарих және ортақ кеңістік біріктіретін біздің халықтарымыздың алдынан үлкен көкжиек ашатын құжатқа қол қою арқылы шын мәнінде тарихи оқиға болатынына сенімдіміз. Бәрі де жақсы болады деп үміттенеміз. Шартқа қол қойғаннан кейін және ЕЭО құрылатын 2015 жылғы 1 қаңтардан кейін қандай жұмыс алда тұр?
– Соны ойлауға да қорқамын, бірақ Одақты құру жөніндегі негізгі жұмыс мереке аяқталысымен басталады. Одақты құру туралы шарт – қосымшаларымен есептегенде оның көлемі 1000 бетке жуықтайды – барлық елдер парламенттерінде ратификациялануға тиіс. Осымен қабат біз Үкімет пен Комиссия арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу ыңғайында басқару жүйесіне өзгеріс енгізуге, Комиссияны Одақтың нақты іс жүргізетін органы ретінде нығайту жөнінде бірлескен жұмысты жалғастыруға тиіспіз. Қазақстан тарапының Комиссия аппаратындағы «өз позицияларын күшейтуге» ұмтылысына өте қызыға қараймын. Кейде бұл жөнінде біз Б.Ә.Сағынтаевпен айтысып та қаламыз, бірақ қағидатты түрде алғанда қазақстандық әріптестеріміздің Одақ аппаратында лайықты орындарды барынша көбірек иемденуге деген ұмтылысы мені қуантады. Оның үстіне біз ағымдағы шешімдердің көпшілігі қабылданатын Кеңестің мәжілістерін жүйелі түрде өткізіп тұруға тиіспіз, ал ол мәжілістерде біздің алдымызға Президенттер қандай жаңа міндеттер қоятынын кім білсін?
– Ол міндеттердің бәрі жүзеге асатынына сенеміз. Ортақ жұмыста табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
(«Егемен Қазақстан», 28.05.14)
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді