Алакөлдің бүгінгі жағдайы алаңдатады

Алакөлдің бүгінгі жағдайы алаңдатады
ашық дереккөз
Алакөлдің бүгінгі жағдайы алаңдатады
Алакөлдің бүгінгі жағдайы алаңдатады Биыл түрлі халықаралық жағдайлардың салдарынан Алакөлдің бәсі артып тұр. «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, еңбек демалысының соңғы аптасында сол Алакөлімізге аяқ матырудың сәті түсе кеткені. «Аға, Алакөлдегі демалыстың жай-жапсарын айтыңызшы, баруға бола ма?!» деп сұраған желідегі достарымыздың сауалына орай көрген-білгенімді ортаға салайын. ЖОЛ. Алакөл Алматыдан 670 шақырым қашықтықта. Ұшақпен бір адамға Үшаралға барып-қайту бағасы – 44-50 мың тг. Поезбен барып-қайту – 12-16 мың тг. Билет табу өте қиын. Ыңғайлысы автобуспен немесе жеңіл көлікпен бару. Бірақ Талдықорғаннан ары, әсіресе Сарқаннан ары қарай жол өте нашар. Тұсаулаған аттай жүрісің өнбейді. Сондықтан жеңіл көлікпен жол – Алматыдан 9-11 сағат. Біз демалған Ақши демалыс аймағы Үшарал қаласынан – 60 шақырым, жұрт көбірек баратын Көктұма ауылы – 70 шақырымдай жерде. СУ. Алакөлдің Көктұма жағалауында су астынан бірнеше тұма көздері көлге құйылып жатады екен. Содан болса керек, суы Ақшиге қарағанда суығырақ. Жылы су іздегендерге Ақши қолайлы. Көлдің суы – ащы. Шомылу мерзімі қысқа – екі ай ғана, маусым айының соңы мен тамыз айының 15-20-сына дейін. Жағасында шунгит деген қиыршық тас. Құм жоқ десе де болады. Емдік шипасы мол шунгиттік балшық ұсынылады. Жағалауда киім ауыстыратын орын, шайынатын душ кездеспейді. ЖАТЫН ОРЫН. Ақшиде демалушыларға арнап салынған пансионаттар, демалыс үйлері, қонақүй сипатындағы барактар, тас үйлер, киіз үйлер баршылық. Оларды интернет арқылы тауып алу оңай. Делдалдарсыз қожайындармен тікелей келіскен ұтымды. Бағасы бір орынға Көктұмада 4 мың теңгеден бастап, Ақшиде 5 мың теңгеден бастап 20 мың теңгеге дейін. Бұған күніне үш уақыт тамақ кіреді. Сөз арасында айта кетейін, мешіт бұл маңда тек Көктұмада ғана бар. Жұма намазға сонда баруға болады. Таксидің апарып-алып келуі 3-5 мың теңге. АУА РАЙЫ. Алакөлдегі ауа райы құбылмалы. Аяқ астынан жаңбыр құйып жіберіп, лезде ашылып кете береді. Біз болған бір апта ішінде төрт күн ашық болды да қалған күндері бұлт қоюланып, мінезін ішіне тартып оң қабақ бермеді. Бірақ оған қарап жатқан жұрт жоқ. Таңғы бесте барсаң да суға шомылып жүргендерді көресің. МАСА. Биыл ауа райының ылғалды болуына байланысты Алакөл жағалауында маса баршылық. Сондықтан кешке және түнде дененің ашық жерлерін масадан қорғайтын спрей, крем пайдаланған тиімді. БАЙЛАНЫС. Ақшиде «Билайн» болмаса «Актив» онша ала бермейді. Қалтафонға ақша құятын дүкен де, терминал да жоқ. Сондықтан ол жаққа жол жүрерде осыны ескеру керек. Ұсақ-түйек, сусын, сабын, үрленбелі баллон, т.б. сататын шағын дүкенсымақтар бар. Газет-журнал мұнда болмайды. Ал аптека атымен жоқ. ТАЗАЛЫҚ. Пансионаттарда таң ертең беті-қол жуатын жылы су бола бермейді. Монша қажет болса оған алдын ала тапсырыс беру керек. Көл жағасы лас. Жағалауда туалет жоқ. Қоқыс тасталатын контейнерлер уақытылы жиналмайды. Шашылған пластик шөлмек, қажалған жүгері собығы, консерв қалбыры, жыртық пакеттер, тамақ қалдықтары... Тамақ қалдығына үймелеген көк шыбын. Шомылушы адамдар көбіне «өзінен кейін дүние өртеніп кетсе де бәрі бір» қағидатын ұстанған. Жағалау әлеуметтік бильбордтарға мұқтаж. ТІЛ. Неге екенін кім білсін, Алакөлде ағылшын тілі мен қазақ тілінде сөйлейтіндер жоқтың қасы. Орыс тілін опырсаңыз – жетіп жатыр. Мұнда мемлекеттік тіл мәселесі үшін де әлеуметтік бильбордтар ауадай қажет. ОЙЫН-САУЫҚ. Алакөл жағасында инфрақұрылым енді ғана қалыптасып келеді. Сондықтан балалар ойнайтын аквапарк, балалар алаңшасы сияқты ештеме жоқ. Жабайы тіршілік. Жергілікті жігіттер моторлы қайықпен, су велосипедімен (3-5 мың тг) серуендету қызметін ұсынады. Екі кісілік делтапланермен көкке көтерілу жарты сағаты 12-15 мың тг. ҚАУІПСІЗДІК. Өзіңіздің, балаларыңыздың қауіпсіздігін өзіңіз ойламасаңыз басқа ешкім бас қатырмайды. Жағалау қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндер адам серуендетумен айналысып кеткендей көрінді. Жағалаудан 8-10 метр әріден тереңдік басталады. Балалар қауіпсіздігін өзіңіз алдын ала ойластырып алыңыз. Ұл-қыздарыңызды су ішінде қараусыз қалдыруға болмайды. БАЛЫҚ АУЛАУ. Алакөлде соңғы жылдарда балық күрт азайып кеткен. Тіпті көрші балық шаруашылықтарының өзі жұмысын доғарған көрінеді. Жалданған қайықтармен (сағаты 5 мың тг) көл ортасына таман барып аулағандар жарты күнде екі-үш алабұға, табан ұстағандарын айтады. Көл жағасынан қармақ салғандар арасынан жеті күнде ұзындығы 10 см екі балық ұстаған адамды ғана көрдім. ТҮЙІН. Алакөлдің ең кереметі – оның суы. Сондықтан түрлі қолайсыздықтарды, сервистің кемдігін, антисанитарияны сол судың емдік қасиеті шайып кетеді. Судың жылылығы: түнде – 21-22 градус, күндіз, әсіресе түс ауа – 26-27 градус. Тәуекел бәрін жеңеді. Суға бір сүңгіп шыққанда сапарыңыздың босқа кетпегендігіне көзіңіз жетеді. Жоғарыда айтылған ақпарат Сіздің Алакөлге барар алдында дұрыс шешім қабылдауыңызға, қажетті заттарды түгендеп алуға көмегі тисе болғаны. Жағасында Қабанбай бабамыз атын шалдырған, сарбаздарының жарақатын емдеткен қасиетті Алакөл Сіздерді күтеді! Ақпарат көзі : Baq.kz

Ұқсас жаңалықтар