«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Майталман марафоншы

Майталман марафоншы
ашық дереккөз
Майталман марафоншы

Жеңіл атлет Михаил Красилов Олимпиадада сәтті өнер көрсеткісі келеді

Футбол ойнап, 

мұз үстінде сырғанап...

q8UtHdtkJh++Y Lr5_nRko0++Gk1990 жылдың наурызында дүниеге келген Михаил шынашақтайынан спортқа әуес болады. Әкесі Виктор құрылысшы болып жұмыс істесе, анасы Галина бетон өнімдерін өндіретін зауыттың менеджері қызметін атқарады. Қарапайым отбасының кенже ұлы Михаилды ата-анасы кішкентай кезінен спорттық шараларға жиі жетектеп барады екен. Бәлкім, Мишаның құстай жүйткіген жеңіл атлет болғысы келгені осыдан шығар... Жасыл алаңда жасындай жарқыраған талай мықты футболшыға еліктеді ме екен, кім білсін, бала Михаил 6 жасынан бастап бес жыл бойы жасыл алаң жиегінен табылып жүрді. Алайда, Красилов футбол өзінің жолы емес екенін уақыт өте келе түсінді. «Кереметтей жаттығу жиындары өткен жоқ. Жәй ғана көше футболы секілді екі тарапқа бөлініп, теңбіл доптың соңында жүгіріп жүрдік. Ал менің арманым қалайда спортшы болу еді. Уақыт өте келе басқа спортта бағымды сынағым келді», – дейді Михаил Красилов сол бір кезеңді есіне алып. 1-7 сыныпқа дейін Алматы қаласындағы №70 мектепте білім алған Михаил Красилов уақыт өте келе әскерилердің орталық спорт клубында оқуын жалғастырады. Айтпақшы, Михаил 11-17 жас аралығында коньки спортына аңсары ауып, мұз үстінде жарау аттай жүйткіп жүреді. Осы спорт түріне саналы түрде алты жылын арнаған кейіпкеріміз уақыт өте келе өзінің физикалық әлеуеті басым екенін сезіне бастайды. Жеңіл атлетикаға 17 жасында келіпті

Олимпиадаға дайындығын пысықтап, Португалияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Михаил Красиловпен әлеуметтік желілер және «WhatsApp» арқылы тілдесудің сәті түсті. Жиырма алты жастағы марафоншы ұлдың жеңіл атлетикадағы жолы 17 жасында басталған екен. Алғашқы бапкері Михаил Сорокивскийдің қол астында шынығып, шарболаттай ширыққан Миша талай додада қатарының алды болған. «Жеңіл атлетикадан алғаш жеңімпаз атанған додаң есіңде ме?» деген сауалымызға сәл ойланып барып үн қатқан кейіпкеріміз: «Жеңіске жеткен алғашқы додалар шынымды айтсам, есімде жоқ. Ең бастысы, 2010 жылдың наурыз айында жартылай марафоннан өткен ел чемпионатында топ жарғаным болды. Осы сында бар мүмкіндігімді көрсете білдім. Соның арқасында Қытайда өткен әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігі туды», – дейді Миша өткен шаққа көз жүгіртіп. Михаил Жамбыл жерінде екі жылдан бері жаттығып жүр. Алғашқы бапкерімен сөзі жараспаған Красиловқа Алматы қаласының атқамінерлері де жағдай жасауға аса құлшыныс танытпапты. «Алғашқы бапкеріммен әңгімем жараспады. Әркімде мінез бар ғой. Екеуміз түсінісе алмаған соң маған қолдау көрсететін адам болмады. Сол кезеңде қазіргі жаттықтырушым Зифа Галиуллинамен сөйлестім. Ол кісі менің пікірімді тыңдап барып, бапкерім болуға келісімін берді. Және маған жамбылдықтар дұрыс көзқараспен қарады. Сол үшін атқамінерлерге алғысымды білдіремін. Жоғары спорт шеберлігі мектебінің ұжымына да разымын», – дейді Красилов спорттық мансабы туралы. Иә, талантты спортшының талабын ұштауға ниетті болған Зифа Галиуллина бапкерге біз де ризамыз. Өйткені шын талант қашанда өзінің мықтылығын дәлелдеуі керек.

«Жырға» айналған жолдама

2014 жылы Эквадордың Салинас және Кито қаласында өткен кадеттер арасындағы бүкіләлемдік ойындарында Михаил Красиловтың жұлдызы жанды. 10000 метрлік қашықтықта сынға түскен жамбылдық жампоз 32 минут, 19 секунд нәтиже көрсетіп қарсыластарының алды болды. Алтын жүлдені мойнына ілген Мишадан эквадорлық Эдвин Моралес 12 секундқа, перулік Нельфор Дайвис Варгас 16 секундқа артта қалып қойды. Кәсіби мансабында кезекті жеңісіне қол жеткізген Красилов үшін Олимпиада ойындарына қатысу үлкен арман болатын... Михаил Красиловке Олимпиада жолдамасы 2015 жылдың сәуір айында бұйырды. Австрия астанасы Вена қаласында өткен марафоншылар додасында ол үздік ондыққа енеді. «Алтын лига» деңгейінде өткен әлемдік сында үздік ондыққа енген спортшылар Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының шешімі негізінде Олимпиада жолдамасын иеленетіні мәлім. Жалпы, жеңіл атлетикада марафоншылар нормативті орындау арқылы да Олимпиада жолдамасын қоржынға салатыны анық. Алайда, нормативті орындамаған спортшылар жоғарыда аталғандай жарыста үздік ондыққа енгенде, Олимпиада жолдамасы қоржынға түспек. Красиловтың жолдамасы ел ішінде қызу талқыға түсіп кетті. Алдымен спортшының жолдама алғанын еліміздің Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі ресми хабарлады. Онда былай делінген: «Рио Олимпиадасына әскерилер арасынан шыққан спортшы, марафоншы Михаил Красилов Венадағы жарыстан соң жолдама алды». Алайда бұдан кейін еліміздің жеңіл атлетика федерациясы: «Әзірге Красиловтың еншісінде ешқандай Олимпиада жолдамасы жоқ. Миша бар болғаны жоғарыда аталған старт қорытындысы бойынша Олимпиадаға қатысуы мүмкін спортшылардың қатарына енді» деп мәлімдеме жасады. Кейіннен журналистер қауымы Красиловтың өзіне хабарласып, мәселенің анығын анықтағанда ол: – Мен расымен де Олимпиада лицензиясын иелендім. Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының сайтында ереже нақты көрсетілген. Мен Венадағы марафонда сол талапқа сай оныншы орын иелендім. Бұл додаға барымды салып дайындалдым. Барлық қиындықтарға қарамастан, мәреге жеттім. Содан кейін лицензия алғанымды білдім. Шынын айту керек, лицензия алғанымды білгенімде екіұдай күйді бастан кешірдім. Бір жағынан, жолдамаға қол жеткізгеніме қуансам, екінші жағынан, өзім ойлаған уақытта мәре сызығын кесіп өтпегеніме ренжулі болдым. Мұндай нәтижемен үздік ондыққа енгенімді үлкен сәттілік санаймын. Бұл үлкен жетістік екенін жасырмаймын, – депті мәселенің мәнісіне терең үңіліп. Уақыт өте келе Михаил Красиловтың Рио Олимпиадасына жолдама алғаны нақты анықталды. Айқындалды. Аңсаған, армандаған мақсатына қол жеткізген Зифа Галиуллинаның шәкірті төртжылдықтың басты додасына жатпай-тұрмай дайындалу керектігін жан жүрегімен түйсінді. Өйткені, Олимпиада ойындары – талай спортшының арманы. Байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаудың өзі үлкен бақыт екені белгілі. Алдымен футбол, кейіннен коньки спортына аңсары ауған Красилов ақыр соңында жеңіл атлетикадан өз керегін тапқанына дән риза екен. Марафоншылардың бәсекесі ауызбен айтқанға ғана оңай. 42 шақырымды бір деммен жүгіріп өту – қиынның қиыны. Талай спортшы доданың соңына дейін шыдас бермей, жарыс жолынан мерзімінен бұрын шығып қалып жататыны бар. Тіпті әлемнің «сен тұр, мен атайын» спортшыларының өзі байрақты бәсекелерде басқа елдің климатына төзе алмай, аламанды орта жолдан аяқтап жататынын көз көрген. Біз Мишаның сондай сәтсіздікке ұрынбауына тілектеспіз. Бапкері Зифа Галиуллина шәкіртінің Олимпиада ойын­дарында сәтті өнер көрсетуіне тілектес екенін жеткізді.

«Олимпиадада барынша жақсы өнер көрсетуім керек»

Португалияда дайындығын пысықтап жатқан Михаил Красиловке хабарласып, Олимпиада ойындарына әзірлігін сұраған болатынбыз. – Миша, Венадағы марафоншылар додасынан соң Олимпиада ойындарына жолдама алғаныңды бірден білдің бе? – Барлық қиындықтарды еңсере білгендіктен, шаршаңқы болғандықтан, соған қатты назар аудара қоймаппын. Тек қасымдағы азаматтардың бірі, шамасы болгариялық болуы керек, үздік ондыққа енгенімді айтып, жолдамаға қол жеткізгенімді сөз еткенде қуанышымда шек болмады. – Өзің асыға күткен Олимпиада ойындарына санаулы ғана күн қалды. Басты мақсат не, Олимпиадада қандай нәтиже көрсетуің мүмкін? – Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетуге тырысамын. Бірақ, жүлде алу қиын. Жүлдегерлердің қатарынан көріну әрбір спортшының арманы екенін түсінемін. Десе де, төртжылдықтың басты додасында әлемнің шын мықтылары бақ сынайтынын естен шығармаған ләзім. – Сонда қарсыластарың өте мықты болғаны ма? Кімдер негізгі фаворит саналады марафоншылар сынында? – Тек қана марафоншылар аламанында ғана емес, жалпы жеңіл атлеттер сынында ұдайы оңтүстікафрикалықтар фавориттер қатарында болатыны белгілі ғой. Бізде де солай. Менің дайындығым ойдағыдай. Көңіл күйім жақсы. Ең бастысы сәтті өнер көрсетуді жоспарлап отырмын. Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысып отырған жеңіл атлет Михаил Красиловтың жақсы өнер көрсетуіне біз де тілектеспіз. Лондон Олимпиадасында велоспортшы Александр Винокуровтың алтын жүлде түгілі, бестікке енуінің өзіне күмәнмен қарағандар көп болғаны әлі есте. Кім біледі, Миша «арық айтып, семіз шық» дегендей, айды аспанға шығаратын нәтиже көрсетуі ықтимал ғой...

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар