«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бірлік жолында бірігіп еңбек еткен елміз

Бірлік жолында бірігіп еңбек еткен елміз
ашық дереккөз
Бірлік жолында бірігіп еңбек еткен елміз

8_смазовРуслан Исмазов, облыстық «Вынхуа» дүнген мәдени орталықта-рының қауымдас-тықтары» қоғамдық бірлестігінің президенті.

Кезінде тағдыр талайымен қазақ жеріне қоныс аударған көптеген өзге ұлт өкілдері қазақтың мейірбандығы мен бауырмалдығының арқасында Қазақстанды мәңгі мекен етіп қалды. Содан бері аштықты да, жоқтықты да бірге көріп келеміз. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңді де бірлесе өткердік. Сондықтан, біздің өміріміз қазақ халқымен тағдырлас. Сол уақыттан бері халықтар арасындағы бірлік, ауызбіршілік, өзара түсіністіктің буыны бекімесе, босаған жоқ. Еркіндікті аңсаған еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі Қазақстан халқы жұдырықтай жұмылып, еңбек етуде. Қазақстандықтардың тілегі бір. Баршамыз елде тыныштық болғанын қалаймыз. Осы тілегіміз бізді біріктіре түсуде. Соның арқасында экономикамыз өркендеп келеді. Бұл – ішкі тұрақтылықтың сақталуының жемісі. Біз әрқайсымыз ең қымбат қазынамыз – тәуелсіздігіміздің қадірін түсініп, мемлекетімізде іргелі істің атқарылуына үлес қосуымыз қажет. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тартқан тауқымет, көрген қиындықтарды қалай жеңгенімізді ұмытпауымыз қажет. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен елдегі ынтымақтастықтың жемісі екені даусыз. Сондықтан, біз оны сақтап қалу мен баянды ету, жерді, мемлекетті ұрпаққа аманат етіп тапсыру жауапкершілігін естен шығармауымыз керек. Бір қарағанда, 25 жыл деген – аз ғана уақыт. Осы аз ғана 25 жылдың ішінде әлемде талай өзгеріс болды. Биікті бағындырды деген талай мемлекеттің тоз-тозы шығып, халқы аш-жалаңаш қалды. Ал Қазақстан осы аз уақыттың ішінде аяғынан нық тұрып қана қоймай, өркениетті мемлекет ретінде әлемге танылды. Экономикамыз дамып, ел еңсесі тіктелді. Қоғам зор қарқын, ерекше жылдамдықпен дамыған сайын саяси жоспары солқылдақ бірқатар мемлекеттер экономикалық тоқырауға ұшырауда. Ол ішкі тұрақсыздықтың туындауына айтарлықтай әсер етіп, бір елден бір елге ауа көшкен босқындар санын көбейтуде. Осыған қарап елдің татулығы ішкі ахуалды тұрақтандырудың басты тетігі екенін түсінуге болады. Қазақстан халқының жыл өткен сайын әл-ауқаты жақсарып, мемлекетіміздің әлем елдері алдында беделі биіктей бастады. Бұны Елбасымыздың стратегиялық жоспары мен оларды іске асыратын тетіктердің жүйелі жолға қойылуымен, елімізде тұрақтылық пен бірліктің бекем болуының жемісі дер едім. Ұлт Көшбасшысының алға қойған мақсаттарынан асқан қайраткерлік, елдің бүгіні мен ертеңіне деген алаңдаушылық аңғарылады. Президентіміздің уақыт бағамын дөп баса білетін көрегендігінің арқасында біз әлемдік сын-қатерлердің алдын алатын әрі алға қарай дамуымызға негіз болатын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын қабылдадық. Елбасы Жолдауында «Қазақстан – 2050» Стратегиясында белгіленген міндеттерді жүзеге асырудың негізгі бағыт-бағдарын жан-жақты талдап, бүгінгі заман талабы мен уақыт ағымына байланысты ең бірінші кезекте қолға алынуға тиіс мәселелерді айқын көрсетіп берді. Соның бірі – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы. Бұл идея ұлт пен ұлысты ортақ мүддеге жұмылдырады. Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырлық тарихы, осы уақытта жеткен жетістіктері, мемлекетіміздің әлем аренасында танылуы «Мәңгілік Ел» идеясының басты мақсатының бірі десек, ол Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуына жол ашады деп нық сеніммен айта аламыз. Себебі, табыстың сыры бірлікте. Мемлекетімізде тұрақтылықты сақтаудың алғышарты ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінде Ассамблея еліміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі үшін жемісті жұмыстар атқаруда. Бұл ұйым татулықтың тал бесігіне, әлеуметтік-экономикалық дамудың темірқазығына айналды. Әлемде теңдесі жоқ құрылымның жиырма бір жылдағы жарқын жеңісінің бірі осы. Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атауымен өткен кезекті ХХІV сессиясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез-келген сын-қатер төнген кезде және тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан», – деп атап көрсетті. Ендеше, қазақстандықтар еліміздің жаңғыру процесіне шынайы іс жүзінде белсенді араласуы тиіс. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өзара сыйластық пен түсіністік, өзгелердің кие тұтқан құндылықтарына құрметпен қарау – адамдар арасындағы бауырмашылдықтың, сүйіспеншілік пен тыныштықтың және төзімділіктің басты шарты саналады» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Әр азамат туған елі мен бауырлас елдердің кешегі және бүгінгі тарихын біліп, өнегелі жақтарын үлгі тұтса, бірлік жолында бірігіп еңбек етсе, жастарға патриоттық тұрғыда шынайы тәрбие берілсе, Қазақстан қоғамының рухани-идеологиялық қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, жарқын болашаққа ұмтылған жас мемлекетіміздің қанаты қатая түсер еді.

Ұқсас жаңалықтар