Аудан орталығынан 70-80 шақырым шалғайда орналасқан Қосапан елді мекеніне аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Ғабит Әбдуәлиевті қоса ала шықтық. Ондағы мақсатымыз осынау мемлекеттік мекеменің ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған еңбек нарығының тиімділігін арттыру, табысы аз адамдарды, жұмыссыздар мен өз бетімен жұмыспен айналысушыларды жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесудің белсенді бағдарламаларына тарту, осыған орай «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының қаншалықты орындалып жатқанын көзбен көріп, көңілге түю болатын.
Осыдан екі жыл бұрын аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі «келешегі жоқ» ауылдардың тізіміне Сұңқайты, №98 разъезд, Шілік және осы Қосапан елді мекендерін енгізгені туралы алғашқы ақпаратты өз алдына жаңадан шаңырақ құрған аудандық жұмыспен қамту орталығына жіберген. Айту ләзім одан бергі екі жарым жыл ішінде көп іс тындырылмаса да «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша №98 разъезден он отбасы жаңа қонысқа көшіріліп, оларға мемлекет берген қаражатқа үй салынды. Бұл туралы біз газетімізде жазған болатынбыз. Енді әлгі «тізімге» еніп кеткен Қосапан ауылына арнайы сапармен келіп тұрмыз.
Бұған дейін өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды мамандыққа қайта даярлау және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мен еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша үш бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізген кезде мекеменің бұрынғы басшысы Т. Нұрқожаев пен сол кездегі Ақтоған ауылдық аймағының әкімі Т. Биғазиев кездесуді «келешегі жоқ» деген Қосапан ауылында өткізуі тиіс еді. Өкінішке қарай өткізбеген. Бұған біз мекеменің маманы Ғ. Әбдуәлиевпен Қосапанға келіп, ауыл тұрғындарымен әңгімелескенімізде анық көз жеткіздік. (Жоғарыда аты аталған екі лауазым иесі де қазір ол қызметте істемейді). Бұны бұрынғы қызметінен босап кеткен аудан әкімі М. Смайыловтың кезінде болған шалағайлық демеске лажың жоқ. Алайда «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы өзінің күшін жойған жоқ. Қайта Елбасы өзінің «Қазақстан–2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»атты Жолдауында оны толықтырып, тиянақтай түседі: «Бізде жұмыссыздарды оқыту мен қайта даярлаудың еңбек нарығына бейімделген айқын бағдарламалары болуы керек». Демек,жұмыссыздарға жұмыс беру мәселесі әлі күн тәртібінен түскен жоқ деген сөз. Сонымен… Қосапан ауылының бас көтерер қариясы, бүкіл саналы ғұмырын осы жерде шопыр, бригадир, бөлімше басқарушысы болып өткізген 72 жастағы Қарынтай Жұмантаевты сөзге тартқанымызда ол: – Біздің ауылға жұмыспен қамту орталығынан ешкім келген жоқ. «Үкімет жұмысы жоқтарға жұмыс тауып береді, тіпті үй салып береді» дегенді естіген емеспіз. Әйтпесе, ауылымызда жұмысы жоқ, отбасылық жағдайы төмен Бауыржан Оралбаев, жалғызілікті Кенже Оразалиева сияқтылар бар ғой. Соңғы 5-10 жыл ішінде 5 ауылдасымыз Көгершінге, Қызылшаруаға көшіп кетті. Қазір 11-12 үй қалдық. Осы алақандай он екі үйден бес мыңға тарта қой, екі жүздей жылқы, жүзге жуық мүйізді ірі қара өріске шығады. Жылдан-жылға өрісіміз де тарылып барады. Жайылым жоқ десе де болады. Өйткені, төңірегіміздегі жайылымның бәрін ірі-ірі қожалықтар алып қойған. Орманшылар «орман белдеулеріне мал жаясыңдар» деп жыл сайын он бес мың теңгеден салық алып тұрады. Бүйте берсе бір малға қарап, күнкөрісімізді түзеп отырған біз расында да бұл ауылды тастап көшетін шығармыз, – дейді. «Қосапанға біздің әулет Таластың Үшаралынан елуінші жылдары көшіп келіпті. Жасы қазір тоқсанға келген Бақпан кәриеміз одан да бұрын келіп қоныстанған екен. Біреуіміз совхоздың қойын бақтық, енді біреуіміз егінін егіп, жылқы зауытының атын сонау Мәскеуге мәшһүр еттік. Енді міне, үш баламның үшеуі де жұмыс істемейді. Өйткені, бұл төңіректе екі қолға бір жұмыс таба алмайсың. Көктем шығысымен ер балалар жұмыс іздеп «қаңғып» кетеді. Әйтеуір, бір ұлым қолымда. Мыңға тарта қой, жылқы, сиыр жинап алдық. Бұл жерде малы көп үш үй бар. Анау Ерлан Бекболатов деген жігітіміздің жеке шаруа қожалығы бар. Екі мыңдай қойы, жүзге жетеқабыл жылқысы тағы бар. Егінді де егеді. Күз сайын содан жеміміз бен бидайымызды сатып аламыз. Өзімнің пайымды Базаралиевке өткізгенмін. Одан «үлесіме» деп, жыл сайын он-он екі қап ұн, бір жарым тоннаға жуық жем алып тұрамын», – дейді Пернебек Оралбаев. Оның үйінің іргесінде бір «Газ-53» жүк машинасы тұр. Мұндай көлік одан басқа үйлердің жанынан да қараңдайды. Тракторы, жеңіл көліктері барлар да жоқ емес. Жаңа әлгінде елді мекенге кіріп келе жатқанда байқадық, электр желісі бұл мекенге сонау 28 шақырым аралықтағы Юбилейное ауылынан тартылыпты. Он бес тамның шетінде су шығаратын мұнара тұр. Демек, ауылда ауызсу да бар деген сөз. – Мен осында фельдшермін, – деп таныстырды өзін жалғызілікті әйел Жұмакүл Метерқұлова. – Қосапанға 1989 жылы көшіп келдім. Алғашында шағын клубымыз бар еді. Сонда клуб меңгерушісі де болдым. Қазір клуб түгілі сауда дүкені де жоқ. Жаңа мына жұмыспен қамту орталығынан келген бала: «Үкімет жұмысы жоқтарға жұмыс тауып, керек болса үй де салып беруге көмектеседі» деді. Бұл туралы осы қазір естіп отырмын, әйтпесе, қарызданып-қауғаланып Көгершіннен 3 миллион теңгеге үй сатып аламын ба? Ал, енді ауылдың жайын айтайын...Қазір ауылда бес жасқа дейінгі 15 бүлдіршініміз, босанайын деп отырған бір әйеліміз бар. Ең бастысы әр үйде телефон байланысы орнатылған. Алайда мұнда «жедел жәрдем» машинасын шақыра алмаймыз. Өйткені жердің шалғайлығын сылтауратып келмейді. Осы тұста оның сөзін Айгүл Тапаева бөліп жіберді: – Биыл құмға қар қалың жауып, көлік жүре алмай қалды. Дәл осы кезде мен қатты ауырып жатып қалдым, әйтеуір, такси жалдап әрең дегенде аудандық ауруханаға жеттім. Сөйтіп, мені өлім аузынан дәрігерлер арашалап алып қалды. Төрт бірдей балам бар. Оның біреуі биыл мектепке баруы керек. Көршілерім Көгершіннен болған соң, балаларын сондағы мектеп-интернатқа алып барып жатқызады. Ал, менің ауылым басқа, сонда мен қайтемін? Егер маған Ақыртөбеден үй салып берсе, сонда көшер едім, – дейді ол. Оның күйеуі орман шаруашылығында жұмыс істейді екен. Ал, Баршын Оралбаеваның балалары есейіп кеткен. Төрт баласы да үйленген. Бірақ, үшеуінің баспанасы жоқ. Иә, айта берсе он үйдің он түрлі мәселесі бар. Бірақ мұнда жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру, оқыту, үй салып беру туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілмей келгенін жиналған жұрттың барлығы жамырай айтты. Ал, енді аудандық жұмыспен қамту орталығы басшысының уақытша міндетін атқарып отырған Роза Балтабаева: «Егер елді мекенде біржола көшуге ниет білдіргендердің саны он үйден аспаса, біз оларды мемлекеттік бағдарламаға енгізе алмаймыз» дейді. Оның үстіне Қосапанда тұрып жатқандардың басым көпшілігінің тұрмысы жақсы, бақуатты тұрады десе де болады. Десек те... Мұндағылар газет-журналды айына бір-ақ рет, онда да зейнетақыларын алуға Көгершінге барғанда әкеліп оқиды екен. Бірақ жарық жанып тұрған соң, барлық отбасы теледидарды тамашаламай отыра алмайды. Сонда қалай, бұл ауылды неге «келешегі жоқ» ауылдардың санатына жатқызған? Мәселен, бақуатты тұратын Сейітасқар Адырбековтің «Биқоңырда», ал, Қарынтай ақсақал мен Бекболатовтың «Суықта» жайылымдық жерлері бар. Осы күні бес жүз үйлі ауылдардың өзінен үш мыңға тарта қой-ешкі әрең-әрең шығады. Ал, Қосапаннан өріске бес мыңға тарта уақ мал өреді. Сонда деймін-ау, аудан әкімдігіндегі бұрынғы басшылар неге келіп осы ауылдағылармен ірілендіру мәселесі туралы сөйлеспеді? Керісінше, жайылымы жоқтарға жайылым беріп, он үш үйлі ауылды ең жақын тұрған Новосел ауылдық аймағына немесе күре жолға жақын жатқан Малдыбай ауылы қарайтын Ақыртөбе ауылдық аймағына неге біріктірмеді? Жаңағы 28 шақырымдық Қосапан мен Юбилейное ауылдарының аралығындағы жолыңызға кеңес өкіметі кезінде-ақ тас жол салынған екен, сол бәз баяғы қалпында. Жол аса көп жөндеу жұмысын қажет етпейді де. Мектеп жасындағы балаларды 6 шақырым жердегі Әбілхайыр ауылынан арнайы автобус тасиды екен. Оны да барып өз көзімізбен көрдік. Тегі, малшылардың балаларын мектепке тасуға да болады ғой. Ал, биыл ондағы Подгорный орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Ендеше, осы мектептің базасында жақын маңдағы 100-ге тарта малшы балалары үшін мектеп-интернат ашу мәселесін неге күн тәртібіне қоюға болмайды? Осындай мәселелерді шешкен жағдайда, облыс әкімі көтеріп отырған арзан сүт пен ет өнімдерін өндіру мәселесін де оңды шешуге болар еді деп ойлаймыз. Өйткені, дәл осы аймақта Жамбыл, Ақтоған, Новосел, Ақыртөбе ауылдық аймақтарының Луговой жылқы зауыты, «Подгорный» акционерлік қоғамы, «Әзімбек», «Кең дала», «Дәулет», тағы да басқа ірі қожалықтары шоғырланған. Осы өңірдің жері де шұрайлы – мал жайып семіртіп бағуға да, егінді мол өсіруге де ең қолайлы жер. Өкінішке қарай, биыл көктемде бұл өңірдің өзінде екі мың гектарға тарта аңызға, яғни, егістік жерге дән егілмей қалды. Жергілікті халықтың сөзіне сенсек, игерілмей жатқан жерлерге жылдап тұқым түспейтін көрінеді. Сонда жер қатынастары мекемесі мен жер инспекциясындағылар қайда қарап отырған? Егер жайылымдық жерлер мен егіс алқаптарын толығымен пайдаға асыратын болсақ, екі қолға бір жұмыс та табылар еді ғой. Сонда жұмыспен қамту мәселесі де өзінен-өзі шешімін тапқан болар еді деп ойлаймыз. Қосапанды «келешегі жоқ» ауыл деп, тізімнен сызып тастауға бола ма? Жоқ. Сызып тастауға болмайды. Өйткені оның келешегі бар. Сондықтан оны моноауылдарды өркендету бағдарламасына енгізуге болады, әлі де кеш емес.
Сейсен Қожеке, «Ақ жол».
Қосапан ауылы, Тұрар Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді