«Қыз Жібек» фильмінің экранға шыққанына – 45 жыл
Осыдан тура 45 жыл бұрын «Қыз Жібек» фильмі экранға шыққан. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» басылымы 1971 жылдың 18 шілдесінде №165 (13916) санында «Қыз Жібек – экранда» деген тақырыппен мақала шығарған болатын. «Қыз Жібек – экранда» Майдан даласы. Әр жерде шейіт болған арыс азаматтар денесі. Майрылған қылыш, шорт сынған найза. Құлындағы үні құраққа шыққан мертіккен бедеу, құлақ аспас меңіреу дүние. Қанды көл, азалы алаң. Үріккен ел, үрейлі бала. Қаралы қатын, қажыған қарт, қамалған халық… Бұлар жаңа ғана өткен қанды шайқас зіл-заланың куәсі. Осыған ілесе «Жеңдік» деген бірауыз сөзді естіген Қыз Жібек қуанышында шек жоқ. Алтын алқа білезік, кәмар белбеу, інжу ілгек, алтын сырға, бойындағы бар асылын сүйіншіге шашып жан ұшыра шауып келеді… Қанша ауыр қаза болғанмен жеңістің аты жеңіс. Жеңіс әрдайым қуаныш, тек ұзағынан сүйсіндірсін!
Ғабит Мүсірепов сценарийін жазған, Сұлтан Ходжиков экранға шығарған «Қыз Жібек» кино дастаны осылай басталады. Әлбетте, халық мұрасына қай суреткер болмасын, ол алдымен өз қоғамының бүгінгі мүддесі мен ертеңгі мұратының жаршысы бола тұра, өзі өмір кешіп отырған ортаның ой-санасының өкілі, тарихқа бүгінгі парасат биігінен, рухани өміріміздің игі талабынан қарайтын зерделі зерттеушісі, байсалды барлаушысы, сақ сарапшысы болмақ. Сондықтан да авторлар баршамызға белгілі қиссаның жалаң қабат желісін қуаламай, ондағы азаматтық әуен, эстетикалық мұрат, береке-бірлікке құштарлық, ар-әділетті ту тұтқан халықтық қасиеттердің философиялық астарын аша, бізге «Қыз-Жібек» туған топырақтың тегін, замана тыныс-тірлігінің әлеуметтік әрін, тарихи тұрпатын, мұң-мұқтаж, сор-сыңайын негізгі кейіпкерлердің тағдырымен байланыстыра баяндайды. Біз көрген «Қыз-Жібек» фильмінің құндылығы да, қуаныш әкелгендігі де осында жатса керек.
Бүгінгі қабырғалы халықтардың әдеби мұрасы, азаматтық тарихына зер салсақ, бірлік, ынтымақ үшін небір батыр бағланы, аяулы аруы, әруақты ақсақалы құрбан болған. Тарихтан талай өгейлік көрген қазақ халқы да осындай бір кер кезеңді басынан өткізген.
Ондағы «сыймай емес, сыйыстырмай» жүрген кеселдің бірі – ұру тартысы. Ағайын арасындағы алты бақан алауыздық. Бауырдан бақастық, жақыннан жәбір шеккен қор тірлік. «Бақытсыз елге басшы табылмай», батыр дегені қарақшыға, ақсақал дегені аяқшыға айналған сең соққандай сергелдең мезгіл. Шерменде шерлі шежіресі. Сырттан торыған жау өз алдына, іштегі лаңның түрі осы. Бақсақ, бәріне мойын ұсына жүрген халықтың бойында құдіретті сес бар екен. Әруағын таптатпас айдын бар екен. Сол заманның өзінде қыршынын жыр ете біліпті. Арманын ту ете біліпті. Ата-баба құдіретін де ұмытпапты. Енді, міне, олардың үзілмеген үміті – бүгінгі ұрпақтың жеткен биігі екен. Оқиғаның өрбитін өрісі осы.
Режиссер Сұлтан Ходжиковтің бұдан бұрынғы еңбектерімен де қалың қауым экран арқылы таныс. Кейбірінде «Әттеген-ай» араласқанмен көз қуантып, көңілге ұялағаны да аз емес. Ал «Қыз-Жібек» болса бұл Сұлтанның бұрынғы шығармаларындағы ізденіс-толғаныс жолдарының тоғыса келіп, бір арнаға түскен шағы сияқты. Сұлтан «Қыз-Жібекте» арғы-бергі замандағы қазақ халқының тарихына байланыстыра шежіре деректерді, ғылыми еңбектерді, этнографиялық, салт-саналық, әдет-ғұрыптық, әлеуметтік қарым-қатынасқа байланысты жазбаларды терең зерттеген білімдарлығын танытты. «Қыз-Жібек» фильмінде табиғат көрінісіне кейіпкердің көңіл-күйі көзімен қарау, адам тағдырын ортамен өлшеу – Сұлтанның берік ұстанған әдісі. Табиғат – адам – орта, осы үшеуімен кіндіктес бірлік таба отырып, замана жайлы ой толғауы бар.
…Анау көкжиекті көмкере тартқан сән салихалы көш – дәуір көші. Беріректе қызылды-жасылды самсаған сан реңді гүлдермен безелген жомарт жердің шексіз түкті кілемі. Жеңіс қуанышы, ата мекенге беттеген қуанышына сай жүрекке түскен ғашық ұшқыны тұтана бастаған Жібек шат-шадыман құрбыларының ортасынан өрттен үзіле қашқан жалындай анда-санда жалт-жұлт етеді. Көк желекті төбе, үкілі шатқал, жарасымды әзіл, жарқын күлкіге айнакөлдің аққуы қазы да үн қосады. Бүкіл табиғат адам қуанышының кошеметшісіне осылай да айналады екен. Енді бірде, күн жалаған таз төбелер, мылқау қия, қызғылт жартастар, аза күйін шалған жаяу жел, жаулығы желмен алысқан қаралы әйелдер, қара жабулы тұл аттар… Тағы да табиғат, адам, тағдыр… Осындай бірін-бірі өсіре, толықтыра отыратын қат-қабат көріністер шығарманың өн бойына тән.
Осы тұста режиссер ойымен астарласып жатқан оператор еңбегін атай кеткен жөн. Республикалық сыйлықтың лауреаты Асхат Ашрапов – табиғат әсерінің құпиясын, көркем суреттің құдіретін жіті аңғаратын сезімтал жүрек, сергек ойдың суреткері. Ол актер жанының эмоциялық құбылысындағы ең тиімді сәттерді тауып, қандай кадр қай қимылда ұтымды болатынын тамыршыдай таниды. Оның табиғаттағы бояу үйлесімдерін оқиғаға, кейіпкер халіне үндестіруінде әрдайым шынайы шеберлік жатады.
Фильмнің үлкенді-кішілі рольдерін атқаруға қазақ өнерінің талантты тобы қатысқаны мәлім. Автор ойын, режиссер мақсатын орындауда актерлердің көп ізденгендіктері байқалады. Оқиғадағы орнына сай мінез-құлық, пиғылдың өз кейіпкерлерінің бойына лайық бояуларын тауып, әрқайсысы дара тұлға жасаған.
Аңғарғаны мол, айтары көп, бірақ қауымдасары жоқ Кененбай Қожабековтің пұшайман Сырлыбайы, арманы көп те, дәрмені жоқ, қобызбен бебеу қаққан Ноғайбаевтың Қаршығасы, жылқының тұяғын санап, құлағынан арғыны көрмейтін Кәукен Кенжетаевтың безбүйрек Базарбайы – үшеуі үш ұдай жатқан образдар. Шалт ақын, шап берме әзілдің шебері Шегені Әнуар Молдабеков отты көз, ойнақы мінез, қаршыға қимылымен сүйсіндірді.
Сол ортаның бүлігі Бекежан образын жасауда Асанәлі Әшімов өз өнерінің жаңа бетін ашты. Бұған дейінгі ойнаған рольдерімен салыстырғанда Бекежан қай жағынан болса да Асанәлінің актерлік ампулуасына жат, жамбасына келмес шалғай тәрізді еді. Ал актер таланты, қызғанышынан қомағайлығы, сезімінен секемшілдігі, батырлығынан бақастығы басым, жалған намыс, жадағай серттің айлалы арамзасын халық ұғымындағы қанды қарақшылық қалпына апарды.
Шығарманың бар бітімінде авторлар, әсіресе, Қыз-Жібек пен Төлеген образына қиссадағы желісті сақтай отырып, үлкен азаматтық жүк, әлеуметтік астар берген. Төлеген «ғашықтың жолы бір басқаның» жолын қумаса, Қыз-Жібек «бетіме тозаң тиер деп» оң жақта жігіт таңдап отырған байдың аруы емес. Жасынан дау-дамайлы жала-жанжалды, қырқысып-тартысудың неше алуанын көріп өскен көзі ашықғ көңілі сара халықтың қызы. Сондықтан да ол тек қана ғашықтықтың оңаша қызығын ойлаған жоқ, татулықтың ұйытқысын сақтау үшін өз басын бәйгеге де тікті. Төлегенге қосылудан көрі ел ынтымағына дәнекер болуды жоғары санайды. Егесті тоқтатып жебе таңдаудың сыры осында жатыр. Жібек болмысын жан-тәнімен ұғынған жас актриса Меруерт Өтекешеванің тұңғыш қадамы сәтті болғанында дау жоқ. Сол заман қызына тән иба-ілтипат, биязы мінез, жайдары қылық табу – көп ізденудің нәтижесі. Әне, көз байлаулы, қолда жебе, қиын асу, қыл көпір. Аттай тулаған жүрек. Діріл қаққан шоқ ерін, Жібектің өзі таңдаған тұсау – оны кесетін тек тағдыр ғана. Жұмбақ тәуекел… Шүкір, бұлт торлаған үміт күні қайта шықты… Қыз-Жібектің сыртқы сымбатына сүйсіне отырып, пәк жүректің алаулаған қуанышына, аңсай күткен мұңына, қан қазадағы қасірет зарына бірге күйінесің. Баршамыз жастан қанық «Қыз-Жібек» операсындағы күйлерден өзгеше, өзінше тың жол тартқан композитор Нұрғиса Тілендиев еңбегі бұл шығарманың жүрек лүпілі тәріздес. Нұрғиса оқиға дәуіріне сай сырлы саздар тапқан. Кейіпкер көңіл күйлері былай тұрсын, домбырадан бастап, әрқилы оркестр, хорға дейін қосылған Нұрғиса музыкаларынан табиғатқа жан бітіп, кей сәтте көп күрсініп, тау теңселгендей әсерлер пайда болады.
Фильм ажарын нұрландырып, көз қуантып тұрған – талантты суретшы Гүлфайруз Ысмайылованың қолынан шыққан үлгілер. Киім-кешектің небір тамаша пішімдері, сауыт-сайман, ер-тұрманның әртүрлі әшекей бедері, үй жабдықтарының ою-өрнектері қанігі шебердің халық өнерін терең білетіндігімен бірге оған деген зор махаббат, нәзік талғамын сездіреді.
Біздің әңгіме етіп отырғанымыз – фильмнің қазақшасы. «Күнде де мең бар дегендей», орысша нұсқасын жасарда екі жайды ескерсе екен дейміз. Бірінші, ерсілі-қарсылы шабыстың шамадан тыс молдығы, табиғат көріністеріндегі ұтымды-ау дегенін әр ракурстан көрсете беру шығарманың драмалық буынын босатып, дамуын әлсіретеді. Екінші, о бастан эпикалық арнамен келе жатқан фильмнің финалы тым қораш, жеңіл. Осы жағын авторлар әлі де ойлана түссе деген тілек бар.
Сонымен, «Қазақфильм» студиясының талантты тобының «Қыз Жібек» арқылы эпикалық құлашы көрінеді. Фильм тағдыры, бүкіл адамзат тағдыры бірлік пен ынтымақта десе, бұл – адам баласының коммунизмге дейін аузынан түспес ұраны. Оның үстіне бұл фильм идеологиялық майдандағы «совет халықтарының өзінің өткен тарихын баяндауға хақы жоқ» дейтін буржуазиялық сәуегейлерге сойыл болып тиеріне кәміл сенеміз.
Ақпарат көзі: Егемен Қазақстан
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді