Нілзия Рахышева, «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, облыстың Құрметті азаматы.
Қазіргідей нарықтық экономикада қоғамдық бірлестіктердің белсенділігі маңызды. Себебі, үкіметтік емес ұйымдар қоғамдағы өзекті мәселелерді атқарушы органдарсыз-ақ, заң шеңберінде дербес шеше алады. Ол үшін бірлестік мүшелерінің іскер болуы шарт. 2003 жылы дербес экологиялық ұйым ретінде құрылған «Ақбұлақ» – осындай талаптың үдесінен шығып отырған қоғамдық бірлестік. Біз тұрғындарды табиғатты қорғау қызметіне тарту және қоршаған ортаны қорғау мақсатында республика бойынша үкіметтік емес ұйымдар желісін құрып, еліміздегі экологиялық бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік алдық. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Аудандарда азаматтық белсенділікті дамыту» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарын орындау, «Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру» және басқа да жобаларын жүзеге асыру үшін 10 ауданды аралап, тиісті жұмыстар жүргіздік. Жұмыс барысында өңір тұрғындарының ішінде азаматтық белсенділігі жоғары топтардың барына көз жеткіздім. Олардың көбісі өз қаражаты есебінен жеке патриотизмде жұмыс жүргізгенімен, үкіметтік емес ұйым үшін мемлекет тарапынан қолдау жасалатыны жөнінен бейхабар болып шықты. Сондықтан, біз белсенді топтарға заңды мәртебе алуға ықпал жасап, жобаны қалай жасайтынын үйретіп, байқауларға қалай қатысуға болатыны жөнінде кеңес бердік. Соның нәтижесінде бүгінде 6 ауданда үкіметтік емес ұйымдар құрылып, табысты жұмыс атқарып келеді. Мені толғандыратын мәселе – Мойынқұм және Қордай аудандарында үкіметтік емес ұйымдардың даму деңгейінің төмендігі. Былтыр біз осы аудандарда дискуссиялық алаңда оқу және конференция өткізген болатынбыз. Сонда аудандардың облыс орталығынан алшақтығына байланысты тәжірибелі ҮЕҰ қызметі туралы ақпараттың жоқтығын және бірқатар ұйымдардың әлеуметтік тапсырыстар туралы мәліметтерден хабарсыз екенін, облыстық әлеуметтік тапсырыс үміткерлерімен жүргізілетін іс-шараларға қатыспайтынын анықтадық. Бір айта кетер жайт, ҮЕҰ-дың іс-шараларына осы жұмысты жүргізуге мүдделі емес немесе қатысы жоқ тараптардың шақырылуы бізді ойға қалдырды. «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің алға қойған міндеті – аудандық ҮЕҰ арасындағы серіктестік қарым-қатынасты дамыту. Сонымен қатар, ұйым облыс тұрғындарын табиғатты қорғау қызметіне тартуды басты бағыт ретінде ұстанып отыр. Себебі, көпшілік немесе жеке компаниялар ауылды абаттандыру жұмысына қатысып, көшеттер мен тал-дарақтар отырғызғанымен, күтімін ешкім қадағаламайды. Сол себепті, облыстық білім басқармасының әдістемелік кабинетінің білікті маманы Алтынкүл Жапбасбаевамен кездесіп, жеткіншектерді абаттандыру шараларына тарту мәселесі бойынша кеңестік. Облыстағы базалық мектептерде экологиялық акция өткізу, басқа да шараларды бірлесе жүзеге асыру және атқарылған жұмыстарды облыстық экологиялық конференцияларда қорытындылау жөнінде жоспар жасадық. Нәтижесінде әрбір аудандағы бір мектепте жыл сайын 20-25 емен ағашын отырғызу қолға алынды. Биыл әр ауданда «25 мейірімді экологиялық іс» акциясы жүзеге асырыла бастады. Сонымен қатар, Байзақ ауданының Сарымкемер ауылындағы жаңа мектептің аумағы абаттандырылып, тұрғындар көшет отырғызу акциясына қатысты. Қазіргі таңда мектеп әкімшілігі отырғызылған тал көшеттерін күтіп-баптауда. Осындай бастамаларды Шу ауданы, Төле би ауылындағы «Жас натуралистер стансасының» өкілдері де көтеріп, жүзеге асыруда. Біз осындай игі істерге ұйытқы болу арқылы қоғамға пайдамызды тигізудеміз. Бұл еңбегіміз ескерусіз қалған жоқ. «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы ретінде «Қоғамдық қызметке қосқан үлесі үшін» наградасымен марапатталдым.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді