«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кеңесіп пішкен тон келте болмас

Кеңесіп  пішкен  тон  келте  болмас
ашық дереккөз
Кеңесіп пішкен тон келте болмас

Елбасының қоғамда алаңдаушылық тудырған Жер кодексіндегі бірқатар түзетулерге мораторий жариялауы күллі жұртшылықтың көңіліндегісін тап басқан кесімді шешім болғаны анық. Бұл ретте аталған мәселенің мәнісіне терең бойлауға, жай-жапсарын анықтауға, кодекске енгізілуі көзделген толықтырулар мен өзгерістердің ұтымды тұстарына дүйім ел назарын аударып, ұғынықты етіп түсіндіруге байланысты құрылған арнайы комиссия бүгінгі күні аудан-ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесіп, кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 

Осы орайда облыстық қоғамдық кеңестің түсіндіру тобы Каменька ауылының Мәдениет үйінде халықпен кездесті. Облыстық қоғамдық кеңесті Қайрат Шотбақов бастап келді. Жиынға шаруа қожалықтарының жетекшілері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Кездесуде аудан әкімі Жарылқасын Айтақов Жер кодексіндегі толықтырулар мен өзгертулер туралы әңгімеледі. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Сембек Сейдәзімов Үкімет пен халық арасындағы алтын көпір һәм оларды байланыстырар дәнекер осындай жиынның мән-маңызын айта кетіп, қалың бұқараны мазалаған сан сұрақтың көпшілігі жергілікті жерде-ақ тұшымды жауап тапса, өзекті, мемлекеттік маңызы зор жекелеген мәселелер Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияға жолданатынын айтып, жиналған жұртты ашық та бүкпесіз әңгімеге шақырды. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Сағынхан Әміреқұлов та Жер кодексіне байланысты өткір мәселені егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол жерді жекеменшікке беру арқылы оған деген көзқарас түбегейлі өзгеріске ұшырайтыны, соңғы ширек ғасырда агротехникалық ахуал алаңдатарлық жағдайға жеткенін, осыларды еңсеру үшін жердің шын мәнісінде жанашыр иесі болуы уақыт талабы екендігін баса айтты. Жиында сөз алған өзге де азаматтар, ауыл тұрғындары түйіткілді мәселенің оң шешімін табар тұстарын тілге тиек етіп, өз ойларын білдірді. Жиынға облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, сондай-ақ облыстық білім, жер қатынастары басқармаларының мамандары да қатысты. Жиын түс ауа Көкдөнен ауылында да жалғасын тауып, қоғамдық кеңес мүшелеріне көкдөнендік жұртшылық та ел зердесінде жүрген сауалдарды қойып, тұшымды жауаптарға қанықты.

Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар