«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жайы қаралды. Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әділет Ақатаевтың сөзіне сүйенсек, білім саласы бойынша Ұлттық қор есебінен 7 нысанның құрылысына 3 298,1 миллион теңге бөлініпті. Оның 5-еуінің іргетасы былтыр қаланса, 2 нысанның құрылысы келер жылы аяқталады екен. Қаржыландыру жоспарына сәйкес алты айда жоспардағы 1316 миллион теңге толығымен игерілген. Алайда, облыс бойынша қаржылық бақылау инспекциясы екі нысанның техникалық қадағалаушыларының мемлекеттік сатып алу рәсімдерін заңсыз деп тауып, рәсімдер қайта өткізіліп жатқан көрінеді.
«Нұрлы жол» бағдарламасының тұрғын үйлер салынатын аумақты инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз ету бағыты бойынша биыл 21 нысанның құрылысы жүргізіледі деп күтілсе, бүгінде 13 жобаны іске асыру үшін 2 765,1 миллион теңге бөлініпті. Олардың бірқатарына мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізіліп, 4 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алыныпты. Ал 9 нысанның 5-еуінде құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша, 4-еуінде техникалық қадағалау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері қайта жүргізілуде. – Байзақ ауданының Сарыкемер ауылы мен Жамбыл ауданының Бектөбе ауылындағы жаңа тұрғын алқаптарды шағал жол, инженерлік жүйелермен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері қайта өткізілуде. Бұл жағдай қаржының толық игерілуіне кері әсерін тигізуде. Себебі, алты айдың қорытындысы бойынша бөлінген қаржының 6 пайызға жуығы игерілмей отыр, – дейді Әділет Ақатаев. Партиялық бақылау комиссиясының зерделеу және ішінара тексеру қорытындысы бойынша бірқатар кемшіліктер анықталған. Мәселен, Байзақ ауданында жаңадан салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылысына 125 адам тартылуы керек екен. Алайда, құрылыс басында 25 адам жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Мердігер компания «Талас-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механигі Бақыт Әділов комиссия мүшелері тексеріп барғанда жұмысшылардың Айт мерекесіне орай үйлеріне жіберілгенін айтып ақталған. Бекітілген кешенді жоспарға сәйкес биыл 14 азамат жұмыспен қамтылуы тиіс болса, бұл міндет 4 айдан кейін ғана орындалған. Мәліметке сүйенсек, мемлекеттік сатып алу рәсімінің дұрыс өткізілмеуіне байланысты облыс бойынша бір жарым айдан бері 90-нан астам нысанның құрылысы уақытша тоқтап тұр екен. Осы тектес кемшіліктер сөз болған жиында комиссия төрағасы Асаубай Майлыбаев басқарма басшысының орынбасары Әділет Ақатаевтан кейбір нысандардағы құрылыстың жүруіне қолбайлау болып тұрған мемлекеттік сатып алу рәсімдерін дұрыс өткізу қажеттігін, тіпті, былтыр құрылысты қарық қылмаған мердігерлердің биыл тағы да тендерде жолы болғандарын айтып, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығын сұрады. Комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселелер толығымен қаралғаннан кейін тиісті қаулы қабылданды.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді